Пікір • Бүгін, 09:43

Өзара іс-қимылдың айқын бағыты

20 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Астанада екінші рет ұйымдастырылған «Орталық Азия – Қытай» индустриялық және инвестициялық ынтымақтастық форумы мен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен өткен аймақтағы елдер көшбасшыларының саммиті еліміздің Қытаймен аймақтық деңгейде сындарлы диалог орнатудағы негізгі алаңға айналғанын айқын көрсетіп отыр.

Кейінгі жылдары еліміздің астанасы Орталық Азия елдері мен әлемдік державалар арасындағы тұрақты кездесулер өткізілетін орынға айналды. Бұл Қазақстанға деген сенім мен оның аймақтық тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін аңғартады.

Бүгінде Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық ынтымақтастық жаңа сапалық деңгейге көтеріліп отыр. Ынты­мақтастық бұрынғыдай шикізат экспортымен ғана шектелмей, ауқымды әрі стратегиялық сипат алды. Форум аясында қол қойылған келісімдер ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, мұнай өңдеу инфрақұрылымын жаңғырту, жасыл энергетика, сутегі технологиялары және ғылыми-зерттеу орталықтарын құру сияқты бағыттарды қамтыды.

Қытай Қазақстанды «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыруда басты серіктестерінің бірі ретінде қарастырады. Еуразиялық даму банкінің дерегіне сәйкес Қытайдың Орталық Азияға құйған 27,7 млрд доллар көлеміндегі тіке­лей инвестициясының 10,4 млрд доллары Қазақстанға тиесілі. Бұл – өңірдегі ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Бұған еліміздің тиімді геогра­фиялық орналасуы, мол табиғи ресурстары, жасыл күн тәртібіне бағыт алуы және инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі тұрақты жұмыстары себеп болып отыр.

Маңыздысы – жаңа буындағы жобалар тұрақты даму, әлеуметтік жауапкершілік және технология­лық жаңару қағидаттарына негізде­ліп отыр. Қытай компаниялары Қазақстанға инвестиция салып қана қоймай, технологиялармен бөлісіп, жұмыс орындарын ашып, бірлескен өндіріс алаңдарын құруға қатысып жатыр. Осылайша, Қытаймен ынтымақтастық еліміздің экономикалық әртараптандырылуы мен индустриялануына ықпал етіп келеді.

Мұндай форум, саммиттердің өткізілуі Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастықты нығайтып қана қоймай, аймақтағы өзара іс-қимылдың бағытын да айқындайды. Қазақстан Орта­лық Азия елдері арасында көлік-логистика, сауда, экология және энер­гетикалық трансформация салаларында ортақ ұстаным қалып­тастыруды белсенді түрде қолдайды. Осы тұрғыда еліміз Қытаймен диалогте жетекші рөлге ие екенін және аймақтық орнықты даму архитектурасын қалыптастыруға дайын екенін айқын көрсетіп отыр.

 

Тоғжан БОЛАТБЕК,

«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ Әлемдік экономиканы зерттеу орталығының сарапшысы