Саясат • Бүгін, 09:00

«Орталық Азия – Қытай»: Ұтымды ынтымақтастық пен тұрақты дамуға тың серпін

30 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Астанада екінші «Орталық Азия – Қытай» саммиті өтті. Саммитті ашқан Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасына және Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мен Өзбекстан басшыларына ілтипат білдірді. Мемлекет басшысы Орталық Азия елдерімен жан-жақты ынтымақтастыққа ниет танытқаны үшін ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинге алғыс айтты. Сондай-ақ Саммит жұмысына белсене атсалысып, өңірлік ынтымақтастыққа ұдайы қолдау көрсетіп келе жатқан бауырлас мемлекеттердің басшыларына ризашылығын жеткізді.

«Орталық Азия – Қытай»: Ұтымды ынтымақтастық пен тұрақты дамуға тың серпін

Суретті түсіргендер – А.Дүйсенбаев, Е.ҮКІБАЕВ

Орталық Азия мен Қытай – стратегиялық серіктес

– Жиынға қатысып отырған Орталық Азия мемлекеттерінің өзара сенімі мен ортақ күш-жігерінің нәтижесінде тату көршілік қарым-қатынасқа, достық пен қолдауға арқа сүйеген ынтымақтастықтың бұрын-соңды болмаған үлгісі қалыптасты. Осы ретте аса көрнекті мемлекет қайраткері, Төраға Си Цзиньпин басқаратын Қытай елінің белсенді әрі тиімді рөлін атап өткеніміз дұрыс. Көршілес Қытай еліміздің мәңгі әрі стратегиялық серіктесіне, нағыз досына айналды. 80 миллиондай халқы бар ауқымды нарыққа ие және табиғи ресурстарға бай біздің өңір халықаралық қатынастардың, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықтың маңызды субъектісі ретінде өз позициясын бірте-бірте нығайтып келеді. Осынау оң үдерісте Қытай Халық Республикасымен сан қырлы ықпалдастық негізгі рөл атқарады. Орталық Азия мен Қытай арасындағы байланыстар мәңгілік, кез келген жағдайға бейім әрі жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгеніне баса назар аударғым келеді, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуын­ша, қолда бар мүмкіндікті біріктіру Қытаймен қарқынды әрі өзара тиімді ынтымақтастыққа тың серпін береді.

– Орталық Азия мемлекеттерінің ішкі жалпы өнімінің көлемі жарты трлн доллар межесіне таяп қалды. Кейінгі бес жылда өңірдегі сауда айналымы айтарлықтай ұлғайып, 10 млрд доллардан асты. Өткен жылы біздің аймақтың Қытаймен арадағы сыртқы саудасы 40 пайызға жуықтап, 95 млрд долларды құрады. Бұл – рекордтық меже. Аталған көрсеткіштің 46 пайызы Қазақстанға тиесілі. Еліміздің Қытаймен тауар айналымы 44 млрд долларға жетті. Қытай инвестициясы Қазақстанның экономикалық өсіміне маңызды үлес қосып келеді. Бүгінге дейін көршілес ел бізге 26 млрд доллардан аса қаржы құйды. Елімізде Қытай капиталының үлесі бар 5 мыңға жуық кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанның Қытайдан кең көлемде инвестиция тартуға бағытталған саясатынан айнымайтынын растады.

– Елімізде экономикалық өсімге серпін беретін тың мүмкіндіктер қарастырылып жатыр. Әсіресе Қытай­мен бірлескен жобаларды іске қосуға, тауар номенклатурасын көбейтіп, көршілес ел нарығында сұранысқа ие өнімдер экспортын ұлғайтуға ерекше мән беріледі. Өңделу деңгейі төртінші сатыға сай, қосылған құны жоғары өнім шығаратын техно­логиялық кәсіпорындар ашуға ниет­тіміз. Ауыл шаруашылығы, соның ішін­де озық агротехнологиялар мен тиім­ді су үнемдеу әзірлемелерін қол­да­нысқа енгізу бағытындағы ынтымақ­тас­тық өте маңызды. Бұл ретте Қытай ком­паниялары агроөнеркәсіп кешенін­де­гі өндіріс орындарын локализациялау ісіне атсалысады деп үміттенеміз. Ел­дері­­міз арасындағы экономикалық ық­пал­­дас­­тыққа «Қорғас» халықаралық ше­кара маңы ынтымақтастық орталығы тың серпін береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі геосаяси ахуал күрделі кезеңде жеткізу тізбегінің сенімді әрі қауіпсіз бағыттарын қамтамасыз ету барлық ел үшін стратегиялық тұрғыдан өзекті екенін айтты.

– Еуропа мен Азияның ірі өңірлерін жалғауда Орталық Азия басты логисти­калық хабқа айналып келеді. Былтыр Қытайдан Орталық Азия елдері арқылы тасымалданған жүк көлемі 12 пайызға артып, 211 мың контейнерден асты. Қытайдан Еуропаға құрлық жолдарымен жөнелтілетін жүктің 85 пайызы Қазақстанға тиесілі. Біз құрлықаралық байланысты күшейтуге және Орталық Азия аймағының бәсекелестік артықшы­лығын барынша пайдалануға ерекше мән береміз. Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының алғашқы буыны ретінде бұл бастаманы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа», Транскаспий халықаралық көлік дәлізі және «Солтүстік – Оңтүстік» секілді маңызды транзиттік бағыттармен ұштастыруды көздейді. Транскаспий бағытының тартымдылығын арттыру үшін Каспий теңізіндегі айлақтарды жаң­ғыр­ту және цифрландыру, жүк терми­нал­дарын салу, сондай-ақ жүк кемелері өндірісін жолға қою бойынша жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз. Осы орайда Қытай тарапына Каспийдегі «Құрық» портында жүк терминалын бірігіп салуды ұсынамыз, – деді Мемлекет басшысы.

па

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев энергетика саласындағы ықпал­дастықты өңірдің орнықты дамуына әсер ететін ең басты факторлардың бірі ретінде атады.

– Әлемдегі уран қорының 20 па­йызы, мұнайдың 17 пайыздан астамы, табиғи газдың 7 пайызы, сондай-ақ сирек кездесетін металдардың мол кені Орталық Азияда шоғырланған. Яғни бұл саладағы әлеуетіміз орасан зор. Біз озық технологиялар алмасуға және энер­гетика инфрақұрылымдарын жаңғыр­ту­ға ниеттіміз. Сондай-ақ аймақтың энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға, технологиялық тұрғыдан ілгерілеуге және қуат көздерін әртараптандыруға мән берген жөн. Қытай Халық Республикасы­ның ядролық энергетиканы дамыту­дағы бай және табысты тәжірибесін ескере отырып, аталған стратегиялық салада орнықты ынтымақтастық орнатуға мүдделіміз. Жуық арада келісімге қол қоюға дайындаламыз, – деді Президент.

 

«Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығы» құрылмақ

Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің «Тағдыры ортақ көршілес елдер қоғамдастығын» құру бастамасына жоғары баға берді. Оның пікірінше, бұл теңқұқылы серіктестік, ортақ игілік пен өзара құрмет қағидаларына толық сай келеді. Мемлекет басшысы аталған ұстанымдар Саммит қорытындысы бо­­йын­ша қол қойылған «Мәңгі тату көр­ші­лік, достық пен ынтымақтастық туралы шартта» көрініс табатынына сенім білдірді.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азияның бейбітшілік, орнықты қауіпсіздік пен өнімді ықпал­дастық мекені болғанын қалайды. Еліміз діни экстремизммен, терроризммен, сепаратизммен, есірткі тасымалдаумен, заңсыз қару-жарақ саудасымен, рұқсатсыз көші-қон­мен және адам саудасымен ымырасыз кү­рес­ті жалғастыруға әзір. Халықаралық кибер­қыл­мыстың өршуі айрықша назар аудару­ды талап етеді. Осыған орай Прези­дент салалық ведомство басшылары ара­сында тұрақты байланыс орнатуды ұсынды.

Мемлекет басшысы Орталық Азия мен Қытай халықтарының ара­сындағы мәдени-гума­нитарлық ынты­мақтастықтың жоға­ры қарқынына тоқталды. Мәдени орта­лық­тардың ашылуы, креативті индустрия және туризм салаларының дамуы осы ба­ғыт­тағы басты басымдықтар ретінде аталды.

– Сиань қаласынан Алматы шаһары­на қатынайтын алғашқы туристік пойыздың іске қосылуын құптаймыз. «Қазақстандағы Қытай туризмі жылына» орайластырылған бұл оқиға ғасырлар бойы Еуразия аумағында тауарлар мен идеялардың толассыз алмасуына дәнекер болған Ұлы Жібек жолының рухын жаңғыртады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы мен Шанхай қалалары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытайдың бірқатар өңірі арасында бауырластық қарым-қатынас орнағанын қуаттады.

Мемлекет басшысы Қытай тарапы­ның Орталық Азиямен ынтымақтас­тық­қа арналған атаулы жылдар ұйымдас­тыру бастамасына қолдау білдіріп, ке­лесі жылды «Білім беру және ғылыми зерттеу­лер жылы» деп жариялауды ұсынды. Бұл қадам елдеріміздің гуманитарлық ықпалдастығын жандандырады.

Қазір еліміз білім беру инфра­құры­лымын жасақтауға және жаңа тех­нопарктер ашуға белсенді түрде кіріс­ті. Осы орайда Қытайдың ал­пауыт технологиялық компанияларының қаты­суымен бірлескен зертханалар мен инженерлер академиясын іске қосуға бейіл. Президенттің пікірінше, кәсіби мамандардың жаңа буыны өңірдің цифрлық, «жасыл», индустриялық трансформациясына түрткі болатын қозғаушы күшке айналады.

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы «Орталық Азия – Қытай» форматының 2026–2030 жылдарға арналған ұзақмер­зімді даму стратегиясын әзірлеу қажет деген пікірін білдірді.

Президенттің пікірінше, осы Саммит елдеріміздің тату көршілік қатынасты, өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға және орнықты дамуға мүдделі екенін растады. Мемлекет басшысы жиын барысында айтылған ұсыныстар мәңгі достық пен стратегиялық серіктестікке берік негіз қалайтынына сенім білдірді. Сондай-ақ ортақ күш-жігер жұмылдырудың нәтижесінде «Орталық Азия – Қытай» форматын институттандыру ісі табысты жүзеге асқанын атап өтті.

ва

 

Алыс-беріс пен барыс-келістің жаңа тарих парағы

Сондай-ақ екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінде ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов және Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев сөз сөйледі.

ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Саммитте сөйлеген сөзінде: «Қытай мен Орталық Азия елдері өзара құрмет, өзара сенім, өзара пайда, өзара көмек және жоғары сапалы даму арқылы ортақ жаңғыртуды көз­дейтін Қытай – Орталық Азия рухын зерттеп, қалыптастырды. Әлемдегі бұ­рын-соңды болмаған геосая­си оқиғалар жаһан­дық сілкіністер мен өзгерістердің жаңа кезеңіне себеп болды. Тариф пен сауда соғысында жеңімпаздар болмайды», деді.

Сондай-ақ Қытай көшбасшысы ай­мақ елдерімен ынтымақтастығы 2000 жыл­дан аса достық алмасуларға негіздел­ге­нін, отыз жылдан аса дипломатиялық байланыстар нәтижесінде қалыптасқан ынтымақтастық пен өзара сенімге құрылғанын және жаңа дәуірдегі ашықтық пен ұтыс ынтымақтастығы арқылы алға жылжығанын айтты.

– Біз бір-бірімізді сыйлаймыз және бір-бірімізге теңдей қараймыз. Үлкен немесе кіші елдердің бәрі тең. Біз мәселелерді кеңесу арқылы шешеміз және консенсус­пен шешім қабылдай­мыз. Өзара сенімді нығайтуға және өзара қолдауды арттыру­ға ұмтыламыз. Тәуелсіздікті, егемендікті, аумақтық тұтас­тықты және ұлттық қадір-қасиетті қорғау­да бір-бірімізді нық қолдаймыз. Біз еш­бір тараптың негізгі мүдделеріне нұқ­сан келтіретін ештеңе жасамаймыз. Біз өзара тиімді және ұтымды ынты­мақтастықты көздейміз және ортақ дамуға ұмтыламыз. Бір-бірімізді басым серіктестер ретінде қарастырамыз және даму мүмкіндіктерін бірге бөлісеміз, – деді Си Цзиньпин.

Сонымен қатар ҚХР Төрағасы Қытай мен Орталық Азия елдері «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясындағы ынтымақ­тастығын одан әрі тереңдеткенін айтты.

– Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан те­мір жолы жобасы ресми түрде іске қосыл­ды. Біз Қытай мен Қазақстан арасын­­дағы үшінші теміржол байланысын жос­парлап жатырмыз, Қытай – Тәжікстан тасжолын қалпына келтірудің екінші кезе­ңін­де және Қытай – Түрікменстан­ның энергетикалық ынтымақтасты­ғын­да тұрақты ілгерілеушілікке қол жеткізіп жатырмыз. Қытайдың көпте­ген қаласынан шыққан жүк пойыздары елді Орталық Азиямен байланыстырып келеді. Транскаспий халықаралық көлік бағыты жаңартылып, кеңейтілді. Жасыл индустрия, цифрлық экономика, жасанды интеллект, авиация және ғарыш ынтымақтастығымыздың жаңа драйверлеріне айналып отыр. Трансшекаралық электрондық коммерция, онлайн білім беру және басқа да жаңа бизнес үлгілері Қытай мен Орталық Азияға табыс әкеліп жатыр, – деді ҚХР Төрағасы.

Қытай Орталық Азия елдерімен даму тәжірибесімен және соңғы техноло­гиялық жетістіктермен бөлісу­ге, цифр­лық инфрақұрылымдағы байланысты ілгері­летуге, жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты арттыруға және жаңа сапалы өндірістік күштерді дамытуға дайын.

ҚХР Төрағасының айтуынша, аймақ елдерімен ынтымақтастықты ілгерілету үшін Қытай үш ынтымақтастық орта­лығын, яғни кедейлікті азайту, білім алмасу, шөлейттенудің алдын алу және бақылау, сондай-ақ Қытай мен Орталық Азия ынтымақтастығы шеңберінде біркелкі сауда бойынша ынтымақтас­тық платформасын құру туралы шешім қабылдады. Қытай осы жылы Орталық Азия елдеріне күн тәртібінде тұрған өмір сүру және даму жобаларына 1,5 млрд юань грант бөледі. Одан бөлек, алдағы екі жылда кәсіптік оқыту курстарына 3 мың квота бөлмек.

Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Орталық Азия мен Қытайды ғасырларға созылған тарихи, мәдени, экономикалық қатынастар жалғап жатқанын атап өтті.

– 2023 жылдың мамыр айында Қытайдың Сиань қаласында өткен бірінші саммит аймақтық байланыстардың жаңа тарихын ашты. Одан кейінгі екі жылда біздің елдеріміздің арасындағы қарым-қатынастар жандана түсті. Бұл байланыстар форматы жаңа бағыттармен және тақырыптармен толықты. Сол жылы саммиттің хатшылығы жұмысын бастағаны да елеулі оқиға болды. Ол да біздің ынтымақтастығымызды жаңа биіктерге шығарды, – деді Садыр Жапаров.

Қырғыз Президенті Орталық Азия мен Қытайдың қарым-қатынасын нығайтуды көздейтін 6 ұсынысын ортаға салды. Біріншіден, ол экономикалық байланыстарды тілге тиек етті. Оның айтуынша, былтыр Қырғызстан мен Қытай арасындағы сауда байланысы рекордтық 23 млрд доллардан асып жығылған.

– Орталық Азия мен Қытай байланысын нығайтудың тағы бір жолы – транзиттік әлеуетті арттыру. Қазір Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан теміржолының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Бұл – «Бір белдеу – бір жол» бастамасының құрамдас бөлігі, – деді Қырғызстан Президенті.

Сондай-ақ Садыр Жапаров энергетика, қаржы, білім және туризм салаларындағы ынтымақтастықты арттыру мәселелеріне тоқталды. Орталық Азияда қытай тілін үйренгісі келетін жастардың көптігін, сонымен қатар бүгінде аймақтан шыққан көптеген жастың Қытайдың жетекші университеттерінде білім алып жат­қанын айтты. Ол Орталық Азия елдері­нің Қытайдың ғаламдық қауіпсіздікті сақтауға бағытталған қадамдарын қолдайтынын айта келе, әлемдегі және аймақтағы қауіпсіздік мәселесі жа­йын да сөз етті. Соның ішінде терроризм, экстремизм, есірткі қылмысы, т.б. қауіптермен күресте тізе қосу маңызды екенін атап өтті.

Саммит барысында Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон осы формат аясындағы саяси диалогті одан әрі нығайтудың аймақтық және жаһандық деңгейде барлық игі мақсатқа қол жеткізуде тиімді рөл атқара алатынын атап өтті. Сондай-ақ елдер арасындағы тығыз байланыстың басты бағытының бірі ретінде экономикалық ынтымақтастықтың маңыздылығын жеткізді.

– Бұл бағытта біз көпжақты сауда-экономикалық серіктестікті одан әрі нығайту үшін бірлескен жобаларды жүзеге асыруға ерекше мән береміз. Соның ішінде «жасыл» энергетиканы дамыту, өнеркәсіп, маңызды пайдалы қазбаларды өңдеу, көлік және жүк тасымалы, сондай-ақ ауыл шаруашылығын өркендетуді атап өтуге болады. Цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізу – елдеріміздің экономикасы үшін ашылып отырған үлкен мүмкіндік, – деді Эмомали Рахмон.

Бұған қоса ол саммитке қатысушы мемлекет басшыларының назарын цифр­ландыруды дамыту, соның ішінде инновациялық бизнес-модельдер мен электрондық коммерцияны енгізу мәселесіне аударды.

Әріптестерінің ойын құптаған Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов бұл жиынның Сиань декларациясында бекітілген бастамаларды іске асыруға бағытталған заңды жалғасы екенін атап өтті. Ол дипломатия, экономика, инвестиция, көлік, энергетика, экология және гуманитарлық сала – мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықтың басты бағыттары ретінде айқындалғанын айтты.

– Халықаралық жағдайдың қазіргі ахуалын ескере отырып, сыртқы саясат саласындағы Жаһандық қауіпсіздік стратегиясын әзірлеу туралы бастаманы қарастыруды ұсынамын. Сонымен қатар Орталық Азия елдері мен Қытай арасында көлік саласындағы өзара іс-қимылды кеңейту мүмкіндігінің келешегі зор. Бұл тұрғыда Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасы мен Түрікменстанның ұлттық көлік-логистикалық әлеуетін ұштастыра отырып, өңірлік байланыстарды одан әрі тереңдетуге болады, – деді Сердар Бердімұхамедов.

Түрікменстан Президенті сауда-саттық, кәсіпкерлік, бірлескен кәсіпорындар мен инновациялық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ мәдени үнқатысудың маңызын ерекше атап өтті.

Саммит отырысына қатысқан Өзбек­стан Президенті Шавкат Мирзиёев Орта­лық Азия мен Қытайды өзара достық пен ынты­маққа негізделген көп­ғасырлық байла­ныс жалғап жатқанын айтты. Ол бұл жиын­ның халықаралық қауіпсіздіктің шай­қа­лып тұрған шағында өтіп жатқанын атап өтті.

– Жаңа қақтығыс ошақтары тұтанып жатыр. ҚХР Төрағасының «бұл қақты­ғыстарда жеңімпаздар болмайды» деген сөзіне толықтай қосыламын. Осындай алмағайып уақытта аймақтық бірлік пен ынтымақтың маңызы аса зор, – деді Өзбекстан басшысы.

Сондай-ақ Шавкат Мирзиёев Орталық Азиядағы экологиялық проблемаларды Қытайдың алдыңғы қатарлы технологиялары арқылы шешу, жасанды интеллект, транзиттік әлеует, электронды Ұлы Жібек жолы, қауіпсіздік мәселелері жайын да тілге тиек етті.

Ал «Орталық Азия – Қытай» форматы Хатшылығының Бас хатшысы Сунь Вэйдун БАҚ алдында мәлімдеме жасады.

– Алты мемлекеттің басшылары Сиань саммитінен бергі ынтымақтастықтың нәтижелерін жоғары бағалайды. Кейінгі екі жылда Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы сауда айналымы барынша артып, 35 пайыз өсім көрсетті. Нақты санға жүгінсек, өткен жылы 100 млрд долларға жетіп қалды. Өндіріс пен инвестициялар, жер пайдалану, ғылыми-техникалық инновациялар саласындағы ынтымақтастық алға жылжып келеді. Жасыл өнеркәсіп, цифрлық экономика, жасанды интеллект, аэроғарыш және авиация өнеркәсібі елдеріміз арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын құрап отыр, – деді Сунь Вэйдун.

Сонымен қатар «Орталық Азия – Қытай» форматы Хатшылығының Бас хатшысы Қытайдың электрлі көліктері мен фотоэлектр өнімдерінің Орталық Азия елдеріне көбірек экспортталып жатқанын, өз кезегінде Орталық Азия елдерінен мыс, бидай мен ет өнімдері импортталатынын айтты. Қытайдың Қазақстанмен және Өзбекстанмен визасыз режім орнатып, «Қытай – Орталық Азия» туристік теміржол құрамдары сәтті бастау алғанын тілге тиек етті.

Бас хатшы «Астана декларациясының» бай мазмұны мен кең ауқымына, даму бағыттарын нақты көрсеткен әлеуетіне де тоқталды.

– «Орталық Азия – Қытай» форматы­ның мемлекет басшылары аймақтың стратегиялық маңызына және өзара теңдік, құрмет пен пайда негізіндегі жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі терең­детудің маңызын түсіне отырып, бұдан әрі де достық қарым-қатынастарды нығай­туға, саяси сенім мен экономикалық әрекет­тестікті алға бастыруға мән береді. Біз­дің халықтарымыз үшін тиімді келешек орнату мақсатында тараптар Орта­лық Азия мен Қытайдың біртұтас тағдыр қауымдастығын бірлесіп құруға талпынатынын дәлелдеді, – деді Сунь Вэйдун.

Сонымен қатар ол Мәңгі тату көршілік, достық пен ынтымақтастық туралы шарттың маңызына тоқталып, бұл құжат барлық елдің мүддесіне сай келетінін және ең маңызды деген мәселелерді қозғайтынын айт­ты. Осы шақтан Қытай мен Орталық Азия арасындағы алыс-беріс пен барыс-келістің жаңа тарих парағы ашылғанын мәлімдеді.

Форум қорытындысында мемлекет басшылары екінші «Орталық Азия – Қытай» саммитінің Астана деклара­циясына, сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасы, Қырғыз Республикасы, Тәжік­стан Республикасы, Түрікмен­стан Респуб­ликасы, Өзбекстан Республи­касы және Қытай Халық Республика­сы арасын­дағы мәңгі тату көршілік, достық пен ынты­мақтастық туралы шартқа қол қойды. 

 

Гүлнар ЖОЛЖАН,

Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,

«Egemen Qazaqstan»