
Коллажды жасаған – Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Орта дәлізде орныға аламыз ба?
Сарапшылардың пікірінше, бұл бағыт енді жай ғана балама маршрут емес, бүкіл Еуразия құрлығының экономикалық келешегін анықтайтын факторлардың біріне айналып келеді. Орта дәліз – Қытайдан басталып, Қазақстан, Каспий теңізі, Әзербайжан, Грузия арқылы өтіп, әрі қарай Түркия мен Еуропаға бағыт алатын трансконтиненталды сауда жолы. Бағыт «Транскаспий халықаралық көлік бағыты» деп те аталады. Ол Ресей мен Иран арқылы өтетін дәстүрлі маршруттарға балама ретінде дамып жатыр. Геосаяси тұрақсыздық пен санкциялық кедергілер жағдайында Орта дәліздің рөлі еселеп артты.
Дәліздегі ағыны 3 жыл бұрынғы 800 мың тоннадан қазір 4,5 млн тоннаға дейін өскен. Сонымен қатар Қазақстан Орта дәліз арқылы мұнай тасымалдау мүмкіндігін де зерттеп жатыр. Алдағы үш жылда бұл бағыт бойынша жалпы жүк ағынын 10 млн тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр.
– Орталық Азия елдерінің өзара байланысын нығайту Еуропаның стратегиялық мүддесіне сай келеді. Біз тек сауда емес, энергетика, цифрландыру және көлік саласында да әріптестікті тереңдетуге мүдделіміз. Каспий маңындағы серіктестік бізге осы инфрақұрылымдарды қолдау арқылы нақты нәтижеге жетуге мүмкіндік береді, – деді Еуропалық инвестициялық банктің вице-президенті Кириакос Какурис Астана халықаралық форумында сөйлеген сөзінде.
Инвесторлардың емес, жүйенің кінәсі
Сессияда осы елдердегі көміртегі нарығын қалыптастырудың әлеуеті мен келешегі кеңінен сөз болды. Орталық Азия университетінің деректеріне сәйкес, бүгінде аймақтағы энергетикаға салынатын инвестицияның 56-93%-ы қазба отын секторына бағытталып отыр. Демек өңірдің энергетикалық болашағы әлі де көмір, мұнай, газ сияқты ресурсқа тәуелді. Бұл үрдіс өзгермесе, таза энергетикаға көшу жоспары қағаз жүзінде қалуы мүмкін.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) Жаһандық байланыстар және ынтымақтастық дирекциясының басшысы Уильям Томпсон сессия барысында үрдістің терең себептерін тарқата келе, қазіргі жүйе инвесторлар үшін жасыл экономикаға өтудің нақты экономикалық мәнін көрсете алмай отырғанын айтты. «Біз үнемі «инвесторлар жасыл энергетикаға қызықпайды» деп айтамыз. Бірақ шын мәнінде, бұл инвесторлардың емес, жүйенің кінәсі. Экономикалық жүйе таза энергияны тартымды ете алмай отыр. Өйткені көміртек бағасы тым төмен. Нарықта көміртектің нақты құны жоқ. Ал бұл – инвестор үшін басты сигнал» дейді.
Томпсон көміртегі нарығын дамытудың тек климаттық себептерімен шектелмейтінін айтты. Технологиялық прогреске бастайтын, жаңа өндірістерді және инновациялық шешімдерді өмірге әкелетін платформа керек. Бірақ мұндай платформа өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін елдер нақты институционалдық қадамдарға баруға тиіс. «Көміртегі нарығы – инновацияны ынталандыратын орта. Егер мемлекет көміртекке лайықты баға қойса, бизнес автоматты түрде тиімді шешім іздей бастайды. Жаңа технологиялар пайда болады, ғылыми-зерттеу қарқындайды, білім беру жүйесі сұранысқа бейімделеді», деді сарапшы.
Бюрократияны қысқарту – негізгі фактор
Қазақстан бүгінгі күні энергетикалық секторды жаңғыртуға әрі парниктік газдар шығарындысын азайтуға бағытталған бірнеше стратегиялық бағдарлама қабылдады. Бұл бағытта еліміздің басты мақсаты – 2060 жылға қарай парниктік шығарындылар бойынша «таза нөлге» жету. Қазір елдегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6%-дан сәл асады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткіш 15%-ға, ал 2050 жылға қарай 50%-ға жеткізілуге тиіс.
– Біз жыл сайынғы тарифтерді индекстеу, 20 жылға кепілдендірілген электр энергиясын сатып алу, аукцион арқылы баға белгілеу секілді тұрақты тетіктер арқылы инвесторлар үшін сенімді орта қалыптастырып жатырмыз. «Total», «Mazda», «China Power» және «Energy China» секілді ірі серіктестермен гигаваттық жобалар іске асырылып жатыр. COP-29 саммитінде 3,7 млн долларды құрайтын инвестиция тартылды, – деді Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов.
«Power International Holding» компаниясының басқарушы директоры Амер Махасен шетелдік инвестор көзімен Қазақстандағы мүмкіндіктер мен шектеулерге тоқталды.
– Реттеуші орган инвестор үшін тек бақылаушы емес, әріптес болуы керек. Олар бизнесменнің орнына өзін қойып, оның қандай тәуекелге барып жатқанын түсінуі қажет. Осыған байланысты шешім қабылдауды жеделдететін, үдерістерді қысқартатын комитеттер немесе палаталар құрылуға тиіс. Бюрократияны қысқарту – негізгі факторлардың бірі. Қазақстан шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін жергілікті компанияларды салықтан босатса немесе жеңілдіктер жасаса, бұл бүкіл экономиканы қозғар еді. Жергілікті жұмыс күшін, өндірушілерді, зауыттарды салықтан босатып немесе субсидиялау арқылы біз экономикаға дем береміз. Ол Қазақстанда халықаралық стандарттарға сай, сапалы әрі бәсекеге қабілетті өнімдердің шығуына жол ашады. Инвесторлар жергілікті серіктестерімен бірлескен кәсіпорындар құруға ұмтылады, – деді.