Әрине, мұндай қызу құрылыс мегаполис дамуының бір көрінісі іспетті сезіледі. Дегенмен таяқтың тағы бір ұшы бар, ол – қалада құрылыс салу ісінің алға шығып, бос кеңістіктің тым тарылып кеткендігі. 2024 жылдың қарашасында қалалық мәслихат 2030 жылға дейінгі тұрғын үйді реновациялау бағдарламасын бекітті. Бұған дейін де бірнеше рет осындай жоба басталған. Бұл жолғы реновация бұрынғы реновациялардан ерекшелене ме?
Бір парадоксты айтпай кетуге болмайды, ол – үлкен шаршы метрлі пәтерлері бар жаңа үйлердің бос тұрғаны. Демек тұрғын үй нарығындағы сұраныс пен ұсыныс сәйкес келмейді деген сөз. Жаңа үйлер ескі аудандарды қарқынды түрде ығыстырып жатыр, алайда баспана адамдарға қолжетімсіз күйінде қалып отыр. Ең бірінші кезекте қаланың дамуы тек көпқабатты құрылысқа байланысты және тәуелді емес екенін түсіну керек. Қоғамдық көлікті дамыту, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту, азаматтарға жайлылық сыйлау, олардың әлеуметтік мәселесін шешу, қала құрылысын тұрғындарға орайластыра жобалау басты басымдық болуы керек қой. Ал тығыз құрылыс қала тынысын тарылтып, тұрғындардың жайлылығына кері әсер етеді.
Реновациялау бағдарламасының басты қағидасы – барлық құрылыс меншік иелерінің келісімімен ғана сүріледі. Бұл – демократиялық тәсіл, бірақ тәжірибе көрсеткендей, дәл осы жерде құрылыс жиі тоқтап қалады. 2012–2015 және 2021–2025 жылдарға арналған бағдарламалар меншік иелерінің келіспеушілігі, олардың шектен тыс үміті салдарынан сәтсіз аяқталды. Кварталдық құрылыс тұрғындармен келісе отырып, қала құрылысы нормаларын сақтап, сараптама қорытындысы мен құрылысқа рұқсат алу арқылы жүргізілуі керек. Сонымен қатар құрылыс тығыздығын, мектептер мен балабақша, емхана, жол мен инженерлік желілердің бар-жоғын ескеру қажет. Бос жердің бәрі құрылыс алаңы бола бермейді. Қалаға қоғамдық кеңістік, саябақ және еркін тыныс алу аймақтары да қажет.
Алматыда үшінші рет басталған реновация бағдарламасы аясында 2030 жылға дейін 676 ескі үй сүріледі деп жоспарланған. Негізгі қағида – кварталдық құрылыс және барлық меншік иелерінің келісімімен ғана көшіру. Алайда 2012–2015 және 2021–2025 жылдардағы бұрынғы реновация әрекеттері жоспарланған ауқымға жете алмады. Ең бастысы, бұл нәтиже бермейтін тағы бір экспериментке айналмаса болғаны. Бұрынғы жеке секторларда да көпқабатты үйлер қарқынды бой көтеріп жатыр. Соның бірі – бұрынғы жеміс-консерві зауыты ауданы. Қазір мұнда бос жер жоқ. Тек құрылыс алаңдары, мұнаралы крандар мен тығыз құрылысты тұрғын үйлер самсап тұр.
Иә, заманауи тұрғын үй кешендерінде жерасты паркингтер қарастырылған. Бірақ біріншіден, олардың саны пәтер санына сәйкес келмейді, екіншіден, бағасы тұрғындардың көпшілігі үшін қолжетімсіз. Сондықтан көліктер екі-үш қатарға тізіліп, тротуарлар мен жолдарды жауып тастайды. Алматының сейсмикалық қаупі мен тар көшелерін ескерсек, бұл – тек қолайсыздық емес, қауіпсіздік мәселесі. Төтенше жағдай болғанда арнайы техника өте алмауы мүмкін.
Алматыда «бос жер бар ма – құрылыс салу керек» деген бейресми ереже бар сияқты. Тығыз салынған аудандар адамды шаршатып, мазасыздық тудырады, тіпті ашуландырады. «Әрбір метр табыс әкелуге тиіс» деген қағида қалалық мәнсіздікке ұрындырғанына куә болып отырмыз. Салдарынан, қала бар, тіршілік жоқ.