Заң мен Тәртіп • Бүгін, 09:27

Аграрлық университет жері жекеменшікке заңсыз берілген

60 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Алматыда студенттер қалашығы тұрғын үйлерге айналғалы тұр. Қа­зақ ұлттық аграр­лық зерттеу универси­тетінің аудиторияла­ры, зертханалары мен жер телімдері жекемен­шікке сатылып кеткен. Қазір университетке қарасты студенттер қалашығының дәл ор­та­лығында терең шұң­қыр қа­зылып, құры­лыс жұ­мысы жоспарланған.

Аграрлық университет жері жекеменшікке заңсыз берілген

Университет оқыту­шыла­рының айтуынша, аталған жер учаскесі жоғары оқу орнының меншігінен заңсыз шығарылған. Студенттер қалашығының қақ ортасында тұрғын үй кешенін салу жоспарына алаңдаған университет ұжымы «Amanat» партиясы жанындағы Сы­байлас жемқорлыққа қар­сы іс-қимыл жөніндегі рес­публикалық қоғамдық кеңес­ке шағым түсірген. Осыған орай партия мүшелері Ал­матыдағы ҚазҰАЗУ аума­ғында көшпелі жиын өткізді. Олардың айтуынша, құқық қорғау органдары тиіс­ті шара қабылдауға асы­ғар емес.

Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров бұл 2000-жылдардан бері созылып келе жатқан мәселе екенін атап өтті. Сол кезеңде университет меншігінен үш жатақхана, бес ірі зертхана және жалпы аумағы 6 гектарға жуық бірнеше жер телімі шығарылған. Солардың бірі кампустың дәл ортасында орналасқан 96 сотық жер телімі бүгінде дау-дамайға айналған. Уни­вер­ситеттің мәліметінше, «RAMS Kazakhstan» құрылыс компаниясы бұл жерге бес көпқабатты тұрғын үй салуды жоспарлаған.

– Біз мұнда жай сөзбен емес, нақты іспен мәселенің мән-жайын анықтау үшін келдік. Бұл – жеке тартыс емес, мемлекеттік маңызы бар мәселе. «Amanat» партиясы бұл мәселені шешуді көптен бері талап етіп келе­ді. Алайда прокуратура, Индустрия және құрылыс министрлігі, Жер ресурс­тарын басқару комитеті нақты шара қабыл­дамай отыр. Мұны Мемлекет бас­шысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың заң үс­темдігі мен тәртіпті қамта­масыз ету саясатына ашық түрде қарсылық деп санаймын, – деді Е.Саиров.

Оның айтуынша, Пре­зидент Алматының құрылыс мәселесінде ең алдымен құрылыс компанияларының емес, халықтың мүддесі еске­рілуі қажет екенін бірнеше рет айтқан. «Жаңа әкім Дар­хан Сатыбалдының келуімен бұл мәселе жақын арада шешіледі деп үміттенеміз», деді депутат.

Қазір бұл аумақ ашық тұрған шұңқырға айналған. Жауын мен қар еріген са­йын ол тереңдеп, жақын маң­дағы ғимараттардың ірге­тасын шайып, оларға қаупін төндіреді. Бұл жағдай құрылыс және санитарлық нормаларға қайшы келеді.

Кеңес төрағасының айтуынша, құрылыс жобасы 2023 жылы бекітілген Алматы­ның жаңа Бас жоспарына да сәйкес келмейді. Қазіргі жос­парлау бойынша, бұл аумақ білім беру аймағына тиесілі, сондықтан мұнда тұрғын үй кешенін салуға болмайды. Ал Алматы қаласы әкімінің орынбасары Бейбіт Шаханов құрылыс жұмысы сот шешімі шыққанға дейін тоқтатылғанын айтты. Оның айтуынша, құрылыс салушы компания шұңқырды кө­міп, қоршауды алып тастауға тиіс. Дегенмен рұқсат құ­жат­тарының заңдылығына жүр­гізілетін тексерістен кейін ғана түпкілікті шешім қабылданады.

Университет өкілдері оқу инфрақұрылы­мына тығыз құрылыс жүргі­зуге жол бермеу қажет екенін алға тартып отыр.

– Студенттердің саны жыл сайын артып келе­ді, ал аудитория мен зерт­ха­налардың саны азайып барады. Біз тек ғима­раттардан емес, сон­дай-ақ ғылыми және білім беру әлеуетімізден де айырылып жатырмыз. Бұл жерде бұрын шеберхана, гараж, ірі зертханалар болған, бірақ бәрін сүріп тастады. Қазір бізде 7 мыңға жуық студент оқиды, болашақта 10 мыңға жеткізгіміз келеді. Алайда жаңа жатақхана мен оқу корпустарын салуға бос жердің жетіспеушілігі басты мәселе болып отыр, – деді ҚазҰАЗУ басқарма төрағасының орынбасары Қуат Сұлтанғазиев.

«Amanat» партиясы даулы жер телімін қоса алғанда, университеттің заңды мен­шігін қайтаруға бар күшін салатынын мәлімдеді. Е.Саи­ров бұл мәселені Премьер-министр мен Бас прокурор­ға жеткізгенін айтты. Ол аталған істі олардың жеке бақылауына алу туралы ресми өтініш білдірген.

Айта кетсек, 2023 жылы Алматы қаласының прокуратурасы ҚазҰАЗУ-да бюджет қаражатын жымқыру фактілерін анықтады. Қазір университет мүлкін заңсыз иеліктен шығару дерегі бо­йынша тергеу жүргізіліп жатыр.