
Биылғы маусымдағы түрлі бағытта ашылған жазғы лагерьге 370 оқушы қатысты. Олардың бос уақытын өнімді өткізуіне жан-жақты жағдай жасалған. Бұл іске 42 педагог тартылып, олардың әрқайсысы балалардың танымдық, шығармашылық, ұлттық-рухани және зияткерлік қабілетін дамытады.
Әсіресе осы маусымдағы «КітапLIKE» оқу лагерін ерекше айтуға болады. Бұл жоба 2-13 маусым аралығында ұйымдастырылды. Оған 25 оқушы қатысты. Лагерьге барған балаларға А.Жақсылықова, Қ.Дүйсенова, Ж.Пернебаева секілді тәжірибелі ұстаздар жетекшілік етті. Олар жеткіншектердің кітапқа сүйіспеншілігін арттыру мақсатында түрлі танымдық әрі қызықты іс-шаралар өткізді.
Аталған мектеп-лицей директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Г.Алдабергенованың айтуынша, лагерь жұмысының мақсаты – оқушылардың жазғы демалысын тиімді өткізіп, кітап оқуға деген ынтасын арттыру, әдебиет арқылы ұлттық құндылықтарды насихаттау және шығармашылық қабілеттерін дамыту.
Шынында да, жазғы лагерьге келген балалар күн сайын оқыған кітаптары туралы пікір бөлісіп, әдеби кейіпкерлермен сырласты, түрлі әдеби-танымдық тапсырмаларды орындады. Мектеп кітапханасында дәстүрлі «Ой мен ойын» танымдық сайысын ұйымдастырды. Онда 5-сынып оқушылары білімдерін ортаға салып, логикалық ойлау қабілеттерін көрсетті. Сайыс барысында ерекше белсенділік танытқан «Білімпаз» тобы жеңімпаз атанды. Топ мүшелерінің ұйымшылдығы мен тапқыр жауаптары көрерменге ерекше әсер қалдырды.
Жалпы алғанда, мектеп жанындағы жазғы лагерьлер – балалар үшін тек демалыс емес, жаңа дүниелерді тану, достар табу және қызықты уақыт өткізу ортасы екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Мұндай іс-шаралар оқушылардың білімін толықтырып қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін ашуға да зор мүмкіндік береді.
Рамазан ОРЫНБАСАР,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті