
Өткен сенбі күні Астанадағы Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық драма театры аса көрнекті жазушы Әбіш Кекілбайұлының «Күй» повесінің желісімен сахналанған драмалық қойылымның премьерасын көргенде осы сұрақ тағы да алдымыздан шықты.
«Күй» – қабырғалы қаламгердің отызға толмай жазған шоқтығы биік шығармасының бірі. Алғашында ол «Дала балладалары» атты жинағына енген. Мұнда ертедегі қазақ пен түрікменнің арасындағы түрлі жағдайға байланысты туған қақтығыстар арқау болған. Повестің бас кейіпкері – Жөнейіт.
Бұл туындының желісі аңыздық оқиғаларға негізделген. Әрбір кейіпкердің болмысы қырық қатпарлы сырға толы. Психологиялық иірімі мол. Сондай-ақ повесте адамды мәңгүрт жасау оқиғасы алғаш баяндалған. Түрікмендер тұтқынға түскен алты бозбаланың басындағы шашын тақырлап алып, оған жаңа сойылған ақ тайлақтың терісін жабады. Әлі ылғалы кеппеген тері жаңа шашы алынған жылтыр басқа жабыса кетеді. Терінің жиегін шыр айнала бүрмелеп қойған көн тартпаны шірене тартып, сықситып таңып тастайды. Сөйтіп, олар елі мен жері қайда екенін білмейтін мәңгүртке айналады. Дегенмен автор туындыда адам бойындағы зұлымдықты көрсете отырып, адамгершілік, ізгілік секілді асыл қасиеттерді насихаттайды.
Қойылымның инсценировкасын, белгілі жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Қуаныш Жиенбай жазған. Қаламгер Кекілбайұлының ғажайып туындысындағы көл-көсір тілі мен кейіпкерлерінің ішкі толғанысын сол күйінде жеткізу қиын болғанын айтады.
«Шынында да, бұл – өте күрделі шығарма. Оны сахна тіліне айналдыру оңай болмады. Біраз күш жұмсадым. Іздендім. Қоюшы режиссермен тығыз жұмыс істедім. Нәтижесінде, жақсы дүние шықты деп ойлаймын. Жалпы, көркем туындыны Әбекең Абыл күйшінің аруағына арнаған. Мұндағы бас кейіпкер Жөнейіт – түрікмен батыры. Ғұмыры арпалыспен өтіп келе жатқан адам. Қылыштың жүзімен өмір сүруге үйренген. Бірақ тұтқынға түскен күйші жігіттің тартқан күйі оның жан дүниесін алай-дүлей күйге түсірді. Қатыгездігін аз да болса жұмсартады. Өнердің құндылығы да осында. Бір жағынан, бұл повесте мәңгүрт тақырыбы да қозғалған. Шын мәнінде, мәңгүрттікті әдеби айналымға түсірген Әбіш ағамыз. Кейін оны Шыңғыс Айтматов «Боранды бекет» романында өзгеше дамытты. Алайда Әбекең осы шығармасы арқылы мәңгүрттіктің негізін қалады. Сөйтіп, ол қазақ әдебиетіне ғана емес, әлем әдебиетіне олжа салды», деді жазушы.
Шынайы өнер туындысының асылы – тереңде. Оны көре білетін көз, сезе білетін жүрек керек. Біртуар суреткердің терең философиялық шығармасы театр сахнасында ерекше интерпретациямен қойылды. Шымылдық түрілгеннен бастап, сахналық композиция көрерменді бірден баурады. Музыка мен жарық, актерлердің киімі – әдемі үйлесім тапқан. Бас кейіпкер Жөнейітті ойнаған белгілі актер Сырым Қашқабаевтың шеберлігі тәнті етті. Ол бауыры мен үш баласынан айырылып, билік пен ар тартысынан жаны азапқа түскен батырдың болмысын айшықты бедерледі. Зұлым адам бойындағы кездесетін ашу, кек, менмендік, тәкаппарлық секілді жағымсыз қасиеттерді аша білді.
Қойылымда көп оқиғалар тұспалмен, емеурінмен берілген. Бұл көріністер көрерменге де ой салады. Мұны қоюшы режиссердің шеберлігі деп түсіндік. Спектакльге айрықша әр берген дүние – күй. Сахнада қазақ күйінің құдіреті салтанат құрады. Әсіресе оны тұтқындағы күйші жігітті сомдаған актер Марғұлан Наменов шынайы жеткізді. Оның домбыраны табиғи тартуы да керемет әсер қалдырды. Сондай-ақ қойылымдағы әр кейіпкерді ойнаған алғашқы құрамдағы актерлер жақсы таңдалған. Олар сахнада бір ұжымдық ансамбльді құрады. Айталық, Аннадүр (Самат Байыров), Көкбөрі (Қайыржан Садықов), Мәмбетпана (Кеңес Нұрланов), Деген-Ахун (Қасымхан Бұғыбай), Адай би (Асылболат Смағұлов), Жұма би (Тілектес Мейрамов), Дәулет (Заңғар Әбенов), Дилзара (Инабат Әбенова), Құрбан (Сайран Байрақ) – осы актерлердің бәрі өз рөлдерін сәтті сомдады. Қысқасы, күрделі шығарманың инсценировкасын жазған (Қ.Жиенбай), шебер режиссер (Н.Жұманиязов), сезімтал суретшілер (Ерлан Тұяқов, Ерзат Асқаров), спектакль сарынын сезіне білген композиторлар (Темірлан Шөкенов, Нұрболат Сахы) қолынан туған дүние зерделі қауымның көңілінен шықты. Сонымен бірге қойылымды бастан-аяқ музыкамен әрлеген театрдың халық аспаптар ансамблі өнерпаздарының еңбегін ерекше айтқан жөн.
Спектакльді сахналаған қоюшы режиссер Нұрлан Жұманиязов жазушының бұл шығармасын жас кезінде оқып, айрықша әсер алғанын жеткізді.
«Бірақ оны жасым алпыстан асып, жетпіске таяғанда қойып отырмын. Өйткені осыған дейін шығарманы әбден ішімде пісірдім. Суреткердің тереңдігіне бойладым. Байқасақ, бұл туындының жазылғанына жарты ғасырдан аса уақыт өтті. Бірақ повестің құндылығы әлі күнге өзекті. Мұнда бас кейіпкер – Жөнейіт өзі таптаған елдің адамдарын мәңгүртке айналдырып, елі-жұртын танымайтын деңгейге жеткізсе де, соны қанағат тұтпай, Темір бабасы айтып кеткен өсиетін бұрмалап, сол жолда бауыры мен үш баласын бірдей құрбандыққа шалып, түрлі қиянатқа барады. Елге үстемдігін жүргізгісі келеді. Ақыры оның ажалы өзінің зұлымдығынан болады. Мен осыны көрсеткім келді», деді ол.
Ал дайындық кезінде актерлермен жұмыс істеген режиссер, айтулы актер Тілектес Мейрамов негізінен спектакль өз мақсат-мүддесінен шыққанын тілге тиек етті.
«Әрине, алғашқы премьера болғаннан кейін актерлердің бойында қобалжу болады. Оны түсінемін. Бір қайнауы жетпей жатады. Шығарма театрда жиі қойылған сайын актерлердің ойыны да ширайды. Кейіпкерлерін терең тани түседі. Бойларына сіңіреді. Бұл қойылымдағы қоюшы режиссердің айтпақ ойы – зұлымдық. Актерлер соны аша білді деп ойлаймын», деді Тілектес Мейрамов.
Қойылымда бір кейіпкердің аузымен сұмдық бір сөз айтылды. «Жер бетінде қанша қырғын соғыс болса да, жеңіс жердікі. Ол үстіне сыйыспаған адамдарды астына ап, оп-оңай-ақ сыйыстырады». Осы сөз көпке дейін құлағымнан кетпей қойды. Жаңғырып тұрып алды.