
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Бұған дейін бакалавр студенттеріне – 47 135 теңге, магистранттарға – 101 061 теңге, докторанттарға – 240 мың теңге стипендия беріліп келді. Жаңа оқу жылынан бастап бакалавриат стипендиясы – 52 372 теңге, магистратура – 117 098 теңге, докторанттарға 262 500 теңге төленеді.
Астана мен Алматы сияқты ірі қалаларда өмір сүру деңгейі қымбат екені белгілі. Ай сайын жатын орын, азық-түлік, киім-кешек, жол жүру ақысының өзі қалтаны қағатыны рас. Одан бөлек қосымша білім беру мекемелеріне кететін шығын бар. Елде қымбатшылық жан-жақтан қыспаққа алып тұрғанда студенттің шайлығынан аспайтын шәкіртақысы оның ай сайынғы қажеттілігін өтей ме?
Қазір жастар тәуір киініп, қатарынан қалмай өмір сүргісі келеді, трендке ілесіп, соңғы үлгідегі ұялы телефон ұстағанды мақұл көреді. Қысқа жіп күрмеуге келмеген соң, амалсыз қарызданып, несие алатындар да аз емес.
Астанадағы Л.НГумилев атындағы ЕҰУ-дың студенті Қаламқас Құттыбектің ойынша, шәкіртақының көлемі алаңсыз білім алуға жеткіліксіз. «Бір ай сарыла күтетін 47 мың теңге стипендияны қанша үнемдесек те, ештеңеге жеткізе алмаймыз. Өйткені 20 мың теңгесі тек жолақы мен азық-түлікке кетеді, қалған 27 мың теңгесі тіпті жеке күтіміңе де жетпейді. Ауырып қалсаң, тіпті қарызға кіресің. Қазіргі уақытта бір тістің өзін орта есеппен 30 мың теңгеге емдейді. Тістің өзіне шәкіртақының 85%-ы кетіп тұрғанда қалғанын айтпасақ та түсінікті. Еліміздің бас қаласы Астанада қымбатшылық қатты сезіледі. Сондықтан ата-анамның қалтасына салмақ түсірмеуді ойлап, жұмыс істеймін деп шештім», дейді Қаламқас.
Дегенмен, барды ұқсатып, азға қанағат ететін студенттер де жоқ емес. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың студенті Аида Даниярқызы: «Оңды-солды жұмсасаң, әрине жетпейтіндей көрінуі мүмкін», дейді. Оның айтуынша, студент бірінші кезекте сапалы білім алуға басымдық беруге тиіс. «Менің де өз бетімше табыс тауып, жұмыс істегім келеді. Бірақ маған дәл қазіргі уақытта алаңсыз білім алу маңызды. Сондықтан 1-курста жұмысқа елеңдемей, тек шәкіртақыма күн көрдім, оның үстіне жоғарғы шәкіртақыға ілінгендіктен, ешқандай қиындық тудырмады», дейді Аида.
Студенттердің әлеуметтік мәселесі шет мемлекеттерде қалай шешіліп жатқанына зер салып көрелік. Айталық, «Turkiye Bursları» бағдарламасы Түркияның жоғары оқу орындарында бакалавриат, магистратура немесе докторантура оқуға, ғылыми тағылымдамадан өтуге мүмкіндік береді. Бағдарлама оқу ақысы, әуе тасымалы, жатын орын, медициналық сақтандыру, бір жылдық түрік тілі курсы шығындарын қамтиды. Ай сайынғы шәкіртақы көлемі бакалавр студенттеріне – 4,5 мың лира (58 364 теңге), магистратура студенттеріне – 6,5 мың лира (84 304 теңге), докторанттарға – 9 мың лира (116 728 теңге). Көршілес Өзбекстанның мемлекеттік университеттерінде шәкіртақының базалық мөлшері 517 880 сумды (20 685 теңге) құрайды. Үздік оқитын студенттерге 621 456 сум (24 822 теңге) көлемінде стипендия тағайындалады. Қытайда шәкіртақы мөлшері бакалавриатта – 2,5 мың юань (177 128 теңге), магистратурада – 3 мың юань (212 554 теңге), докторантурада – 3,5 мың юань (247 980 теңге). Оған қоса, жылына бір адамға 800 юань (56 681 теңге) медициналық сақтандыру шығыны өтеледі. Бұл – шетелдік студенттерге ұсынылатын арнайы шәкіртақы көлемі.
Байқағанымыздай, өмір сүру деңгейіне қарай шетелдерде студенттердің стипендия мөлшері әрқилы. Біздің елдегі шәкіртақыны салыстырмалы түрде аз дей алмайсың. Әйткенмен, қазіргідей теңгенің құнсызданған уақытында 40-50 мың теңге бір айғы күнкөрісіңе жетпейтіні рас. Сол себепті студенттер оқып жүріп, қолы қалт етсе, жұмыс істеуге мәжбүр. Білім жүйесін оңтайлы реттеу үшін стипендия мөлшерін арттыру, әлеуметтік қолдау шараларын күшейту және студенттің қаржылық қиындығын шешуге бағытталған жүйелерді енгізу маңызды. Бұл бастама тек студенттердің емес, тұтас қоғамның дамуына ықпал етеді.
Медина САДЫҚ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 2-курс студенті