Жәдігер • Бүгін, 08:15

Сығанақ теңгесі

30 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» ұлттық музей-қорығы сайтында мекеменің нумизматикалық жәдігерлер қорында сақталған теңге-тиын (пуль) туралы мәлімет жарияланды. Бұл бұйым кезінде Сығанақ қаласында соғылған екен. Жәдігерді музей қорына 2004 жылы Түркістан қаласының тұрғыны Н.Досметов есімді азамат тапсырыпты.

Сығанақ теңгесі

Музейлік анық­та­малықта тиын­ның қайдан та­был­ғаны және қайда сақ­талғаны туралы мәлімет жоқ. Мекеменің кіші ғылы­ми қызметкері Толқын Жол­дасовтың айтуына қа­раған­да, монета мыстан жасал­ған. Сақталу жағдайы – нашар. Пішіні – шеңбер пошым­ды дөңгелек. Тиынның айнала жиегі мүжілу себебінен кейбір таңбалары тозған. ­Тіп­ті кейбір бедер іздері жойы­­лып кетуге жақын. Ең өкі­ніш­тісі, тиын соғылған уақыт (жылы) шекітілген тұс сынып
түскен.

– Бірақ, – дейді көне таңбалар білгірі Толқын Ма­ханбетұлы. – Жәдігердің аман сақталған бөлігіндегі жазу-таңбаларға қарап, тиын хижраның 727, 728, 738 жылдары Сығанақ ақша сарайында соғылғанын аңғаруға болады. Оған дәлел – тиынның ортасындағы шаршы пішін­ді картуш ішінде үш қатар жазба. Онда «Зарб / Сығна / қ» (Сығанақ) деп таңбаланған. Тағы бір дәлел: Орта Азия және Қазақстан нумизматикасы саласындағы ірі маман Райхан Бурнашеваның еңбектерінде Сығанақ тиын­дарының осындай үлгілері көп кездеседі.

«Жәдігердің тағы бір ерекшелігі, орта ғасырда айналымда болған пулдармен типтес. Ал «пул» дегеніміз – Алтын Орда дәуірінде мыстан соғылған теңге-тиындардың тарихи атауы. Мұндай тиындар XІІ ғасырдың аяғы мен XVI ғасырдың басында қолданыла бастаған. Оның негізгі себептерінің бірі, дәл осы уақытта аумақта мыс ақшалармен ғана атқары­латын ұсақ сауданың үлкен қарқында дамуы – мыстан соғылған ақшалардың негізгі төлем құралы ретінде бекуіне жағдай жасады. Сондықтан ең көп қолданылатын ақша түрінде пул атауы жалпы ақша атауына балана бастады» дейді Т.Жолдасов.