
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Жоба шекара маңы инфрақұрылымының өткізу қабілетін едәуір арттырып, көлік ағындарына түсетін жүктемені азайтуға бағытталған. Салмағы 100 тоннадан асатын ірі габаритті жүктерді өткізуге арналған ұзындығы 3,2 шақырым, ені 12 метр болатын айналма жол, сондай-ақ ауданы 81,6 гектарды құрайтын автотұрақтар кешенін салу жоспарланған. Сонымен қатар, қосымша автожол көпірі мен қажетті инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарланған.
Аталған нысандар компанияның жеке инвестициясы есебінен салынады. Жобаның жалпы құны шамамен 50 миллион АҚШ долларын құрайды.
Премьер-министр Олжас Бектенов бұл бастаманың Мемлекет басшысының тапсырмаларына сай еліміздің көлік-логистика, сауда және транзиттік әлеуетін дамытуға зор үлес қосатынын атап өтті. Sarens компаниясының тәжірибесі мен технологиялық мүмкіндіктерін ескере отырып, тараптар машина жасау саласында өндірісті локализациялау бағытында да ынтымақтастықты тереңдетуге мүдделі екенін білдірді.
Кездесу соңында тараптар жобаға қатысты өзара қызығушылықтарын растап, алдағы уақытта әріптестікті кеңейтуге дайын екендерін мәлімдеді. Премьер-министр жауапты мемлекеттік органдарға жобаны уақтылы әрі тиімді жүзеге асыру үшін қолдау көрсетуді тапсырды.