Экономика • Кеше

Өңдеу өнеркәсібі – Қазақстанның шынайы әлеуеті

10 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экономист Айбар Олжаев Қазақстанның соңғы 30 жылдағы экономикалық даму бағытын саралай келе, елдің шын мәнінде қандай салаларда табысқа жете алатынын және қандай бағыттардың әлі де арман күйінде қалғанын айтты. Тек соңғы жылдары ғана мемлекет өз мүмкіндігін нақты бағалап, өңдеу өнеркәсібін басты бағытқа айналдыра бастады, деп хабарлайды Egemen.kz

Өңдеу өнеркәсібі – Қазақстанның шынайы әлеуеті

Қазақстан экономикасы соңғы 30 жылда біршама бағдарлама қабылдап, түрлі даму үлгілерін ұстануға тырысты. Экономист Айбар Олжаевтың айтуынша, бұл жылдар ішінде мұнай табысын ішкі өндірісті өркендетуге бағыттау негізгі мақсат болғанымен, жемқорлық пен жүйесіздік сол армандардың жүзеге асуына кедергі келтірді.

Оның пайымынша, соңғы жылдары ғана өңдеу өнеркәсібімізді қолға алып, шын мәнінде қолымыздан келетін бағыттарды басты орынға қойып жатырмыз.

Қазақстанның негізгі артықшылығы — өңдеу, тасымалдау және ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу салаларында екенін мойындау, экономикалық саясатты сол арнаға бұру – уақыт талабы. Олжаевтың айтуынша, ел бүгінде осы бағытта нақты ілгерілеуді бастаған.

«Бізде ұялы телефон, чип жасаймыз деген арман болған. Бірақ ондай дүние біздің қолымыздан келмейтінін түсіндік. Біздің қолымыздан келетіні - машина құрастыру, ауыл шаруашылығындағы шикізатты алып, бидай өңдеу, ауыл шаруашылығына қатысты белгілі бір инновациялар енгізу. Мұнайды, металлдарды шикізат ретінде емес, олардан белгілі бір қорытпа жасап, дайын өнімдер дайындау. Сирек кездесетін металдарды қайта өңдеу. Тамақ жасау кластерінде майонез, макарон өнімдерін шығару сияқты қолымыздан келетін салаларды таңдап, дамыта бастадық. Сондықтан соңғы жылы біздің экономикалық өсімімізде өңдеу өнеркәсібі алдыңғы қатарға шықты. Қазір Қытайдағы Құрлық жүктерінің 80 пайызын Қазақстан өзінің темір жолы арқылы тасып жатыр. Осы біздің қолымызға тиген мүмкіндік болды», дейді Айбар Олжаев. 

Оның айтуынша, біз кезінде Сингапур елінің экономикасын өзімізге үлгі еттік. Холдингтердің барлығы Сингапурдың моделімен құрылды. Бұл өте жақсы модель, бірақ, «біз қаншалықты сингапурдың моделіне ұқсас дүние істей алдық?» бұл жағы әзірге сұрақ туындатады. Тағы үлгі ретінде Малайзияны қарасақ та болады.

Сарапшы инфляция мәселесін де айналып өтпеді. Мемлекет экономикаға көбірек ақша құя бастаса инфляция міндетті түрде артады. Сондай-ақ бізде рубльдің инфляциясына тәуелділік бар. Ресейлік инфляцияға қарап отырамыз. 

«Тұрақтылықты сақтап қалу үшін бізге Ресейден импортты қысқартып, өзіміздің азық-түлік, әсіресе қант, сүт өнімдері мәселесін жабу керек. Әйтпесе, біз инфляциямен отыра береміз. Ұлттық банк пен Үкімет белгілі бір үйлесімдік табуға тырысады. Базалық мөлшерлеменің жоғары болғаны үкіметке өте тиімсіз. Өйткені ішкі қарыз алу ставкалары жоғары, шығындар көп. Бірақ ұлттық банк базалық ставканы жоғары ұстамаса инфляция өршіп кетеді, сондықтан олар екі жаққа да қолайлы базалық мөлшерлемені таңдауға тырысады», дейді сарапшы.