Әлем • Бүгін, 09:17

Әлемді алаңдатқан соғыс

10 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Өткен аптада ушыққан Израиль мен Иран арасындағы қақтығыс қазір әлемді алаңдатып отыр. Осы орайда еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы әскери шиеленіске байланыс­ты алаңдаушылық білдіріп, қақтығысты БҰҰ жарғысы мен халықаралық құқық нормасына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен реттеуді құптайтынын мәлімдеді.

Әлемді алаңдатқан соғыс

Израиль билігі алдымен АҚШ шенеуніктеріне Иранға соққы бер­гелі жатқандарып айтып, құ­лақ­қағыс еткен. Артынша өткен сәр­сенбіде «CBS News» агенттігі Вашинг­тон Иран АҚШ-тың Ирак­тағы нысандарына да соққы беруі мүмкін деген болжаммен өз азаматтарын Таяу Шығыстан кетуге кеңес бергенін жазды.

Ал жұма күні Израиль Иранның басты әскери базаларына, ядролық нысандарына соққы берді. Израиль Қорғаныс министрі Исраэль Кац елдің бүкіл аумағында тылдағы ерек­ше жағдай енгізілгенін мәлім­деді. Израильдің бұл операциясы «Арыстан күші» деп аталды. Әскерилер Теге­ран маңындағы ондаған ядролық ны­сан­­ның жо­йылғанын хабарлады. Израиль сол күні-ақ әуе кеңістігін жауып, мектеп сабақтарын тоқтатты.

Көп ұзамай Иран билігі Израиль­­­­дің елдегі ядролық нысан­­­дар­ға әуеден соққы жасағанын растап, олар да әуе кеңістігін жапты. Тегераннан бөлек, Иранның Натанз және Хамедан қалаларына да әуе соққылары жасал­ғанын жергілікті БАҚ лезде хабар­лады. Куәгерлердің айтуынша, Натанздағы ядролық нысандарда өрт шыққан. Десе де төңі­рек­ке ядролық залалдың тарағаны туралы нақты ақпарат жоқ.

Израиль қауіпсіздік күш­те­ріндегі дереккөздің хабарлауын­ша, алғашқы соққылар елдің жо­ғарғы әскери басшылары мен ғалымдарын нысанаға алған. Ал көп ұзамай Иран билігі Ислам революциясы сақшылар корпусының (КСИР) қолбасшысы Хоссейн Салами мен екі жоғары лауа­­зымды ғалым – доктор Тегеранчи және Ферейдун Аббасидің қаза тапқанын растады. Еске салсақ, Ферейдун Аббаси екі апта бұрын Тегеран тактикалық ядролық бомба жасай алатынын мәлімдеген еді. Сондай-ақ Израиль соққыларының салдарынан Иран бас штабының басшысы Мохаммад Багери де қаза тапты. «Хатам әл-Анбия» штабы­­ның қолбасшысы генерал-майор Голамали Рашид те жұма күні таңер­­тең Тегеранға жасалған Израиль соққы­лары кезін­­де қаза болды.

Таяу Шығыстағы бұл әскери қақтығысқа Қазақстан тарапы да бей­жай қарамады. Сол күні-ақ Сырт­қы істер министрлігі өңірдегі қауіп­ті әскери шиеленіске байланыс­ты өз алаңдаушылығын білдірді. Қақтығысты БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқық нормаларына сәйкес тек саяси-дипломатиялық жолмен тез арада реттеуді құп­тай­ты­нын жеткізіп, мәлімдеме жасады.

Таяу Шығыстағы жағдайдың ушығуына байланысты Израиль­дегі Қазақстан елшілігі отан­дастарымызға үндеу жасап, Из­раильде жүрген барлық Қазақ­стан азаматтарына нұсқаулар мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға, сақ әрі мұқият бо­луға шақырды. Сонымен қатар елші­лік­пен тұрақты байланыста болуға кеңес берді. Еліміздің азаматтары үшін Израильдегі елшілікте жедел байланыс желілері ашылды.

Иран қарымта ретінде Израильге 100-ден аса ұшқышсыз ұшатын аппаратын (дрон) жіберді. Сондай-ақ ЦАХАЛ (Израиль әскері) Иранға қарсы соққы беру үшін 200 ұшақ жұмылдырып, 330-дан аса зымыран ұшырылғанын хабарлады.

Сонымен, Израиль мен Иран арасындағы соғыс төртінші күн қатарынан жалғасып жатыр. «Kuwait Times» басылымының хабарлауын­­­ша, ирандық шенеунік Қатар мен Оманнан арағайынға келгендерге Иран атыс тоқтату туралы келіссөздер жүргізуге дайын емес екенін мәлімдеген. Оның айтуынша, Иран шабуылдарға ұшырап жатқан кезде келіссөздерге бармайды.

«The Guardian»-ның мәліметіне сүйенсек, Иран Тель-Авив, Хайфа және Петах-Тиква қалаларына зымы­рандармен соққы жасап, халық­­ара­лық қауымдастықтың деэска­­лацияға шақыруына көнбей­тінін және Израильдің күтпеген шабуылына жауапты жалғастырып жатқанын көрсетті. Бұл шабуылдар салдарынан кем дегенде 4 адам қаза тауып, 87 адам жарақат алған. Хайфа маңында тұрғын үйлер мен электр стансасы жарылған.

АҚШ елшісі Майк Хакаби әлеу­меттік желіде жасаған мәлімде­месінде АҚШ елшілігіне де зымыран соққысының салдарынан аздаған зақым келгенін растады.

РБК мәліметі бойынша, соңғы тәулікте Иран шабуылдары салдарынан Израильде жарақат алғандар саны 385 адамға жеткен. Ал Иран Денсаулық сақтау министрлігі қақтығыс басталғалы бері елде 224 адамның қаза тапқанын хабарлады.

G7 елдерінің көшбасшылары, оның ішінде АҚШ президенті Дональд Трамп Канаданың Скалист тауларында кездесетінін мәлімдеді. «The Jakarta Post» үш күнге жоспарланған бұл кездесуде Иран мен Израиль арасындағы шиеленіске қатысты ортақ ұстаным қа­лып­тастыру көзделіп отырғанын жазды.

Ал дүйсенбі күні Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров дәс­түр­лі баспасөз мәсли­хатында Таяу Шы­ғысқа сапар алдында азаматта­ры­­мыз қауіпке көз жұма қара­май, бар­лық тәуекелді ескеру керек­тігін ескертті. Таяу Шы­ғыс­тағы жағ­дайдың ушығуына бай­ланыс­ты Иран, Израиль, Сирия, Ирак, Иордания және Ливанның әуе кеңіс­ті­гіне шектеу қоюына қара­мас­тан, атал­ған мемлекеттерге туристердің легі азаймапты.

– Министрлік азаматтарды жағ­дай­ды мұқият қадағалап, сапарларды жоспарлау кезінде, әсіресе Парсы шығанағы елдеріне, соның ішінде Біріккен Араб Әмірліктеріне сапар барысында туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді қаперде ұстауды ескертеді. Таяу Шығыс елдеріне сапар алдында барлық тәуекелді ескеріп, салмақты және негізделген шешім қабылдау қажет, – деді А.Смадияров.

Сондай-ақ А.Смадияров кейінгі екі күн ішінде 70-тен аса қазақстан­дық Ираннан шығуға жәрдем алғанын айтты. Яғни Иранда іс­са­парда жүрген алты азаматқа Әзер­бай­жан аумағы арқылы елге оралуға көмек көрсетілген. Оның айтуынша, 15 маусымда еліміздің 68 азаматы, оның ішінде дипломаттардың отба­сы мүшелері, Экономикалық ынтымақтастық ұйымының хатшы­­лы­ғында ісса­пар­мен жүрген отандық мамандар, сондай-ақ Иранда қыз­меттік сапармен болған өзге де азаматтар Түрікменстан арқылы елден шығарылған. Азаматтарымыз алдағы күндері Қазақстанға орал­мақ. Жалпы, Иранда – 132, Израиль­де 219 Қазақстан азаматы бар екен.

Ал Сыртқы істер министрлігі Ирандағы Қазақстанның шетелдегі мекемелері қалыпты режімде жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.