
Мақта – қоршаған ортаға, ауа райына, топырақтың құнарлылығына, әсiресе күн көзi мен ағын суға талғамы жоғары техникалық дақыл. Бұл орайда мамандар Түркістан өңірінің мақталы аудандарында топырақтың сорлануы, ағын судың тапшылығы себебінен басқа дақыл егуге мүмкіндік жоқтығын, сондықтан шаруалар мақта егуге мәжбүр екенін айтады. Мақта дақылымен айналысатын шаруа қожалықтары кейінгі жылдары жақсы өнім жинай алмай, табыс табудың орнына тек шығындарын өтеп, кей жағдайда қарызға батып келеді. Жуырда Сенат депутаттары шаруалардың жағдайына алаңдаушылық танытып, мақта саласының жылдан-жылға нашарлауына себеп болған факторларды атап, Үкімет басшысына сауал жолдады. Сенаторлар қаражаттың болмауы, шаруалар агротехникалық шараларды толық көлемде жүргізе алмауы, судың, сапалы тұқымдардың тапшылығы жоғары өнім алуға мүмкіндік бермейтінін алға тартты.
«Орташа өнімділіктің, мақта бағасының төменділігі шаруаларды қатты күйзелтіп отыр. Бұл жағдайға алып келіп отырған негізгі себеп, өндірілген өнімнің басым көпшілігі делдалдар арқылы экспортқа шығарылады. Ал импорттаушы елдерде (Еуропа, Түркия) энергия бағасының өсуіне байланысты мақта талшығын өңдеудің өзіндік құны едәуір өскендіктен, мақта талшығына сұраныс күрт төмендеді. Бұл жай экономикамыздың сыртқы факторларға тәуелділігін тағы да көрсетіп отыр. Елімізде мақта талшығын терең өңдейтін 3 кәсіпорын ғана бар, олардың үлесі
15%-дан аспай отыр. Жиналған мақтаның 85%-ы шикізат күйінде экспортталады. Мақта өнімін қайта өңдеу қызмет ақысы – тоннасына 150-170 мың теңге. Салыстырмалы түрде мақта саласы бойынша алғашқы ондыққа кіретін көршілес Қытай мен Өзбекстанда қызметтің бұл түрі тоннасына 40-60 мың теңгені құрайды. Яғни өңірдегі өңдеу қызмет ақысы 3 есе артық. Сонымен қатар халықаралық нарықта өңдеуден өткен мақта талшығы 35-60 см болған жағдайда жоғары бағаланады, біздегі өндірілген мақта талшығының басым бөлігі 20-25 см, ең жаңа зауыттарда 30-35 см-ге әзер жетеді», деп жазылған сенаторлардың депутаттық сауалында.
Сондай-ақ депутаттар жоғарыда аталған 3 кәсіпорынның дайын өнімді ішкі нарықта өткізе алмауын мақта шаруашылығының дамуына тежеу болып тұрған факторлардың бірі ретінде атады. Мысал ретінде «Azala Textile» компаниясының жұмысын келтірді. Фабрика тауарларын өткізе алмау себебінен 2025 жылы наурыз айынан бастап өз жұмысын тоқтатқан. Бірақ жыл сайын еліміздің ұлттық компаниялары тоқыма тауарларын сатып алуға миллиардтаған қаржы жұмсайды. Бір ғана «Қазақстан темір жолы» компаниясының осы бағыттағы сатып алу үлесі 40 млрд-тан астам теңгені құрайды. Сондықтан сенаторлар мақта кластерін дамыту үшін отандық зауыт-фабрикаларына офтейк келісімімен қолдау көрсету қажет деп есептейді.
Мақта кластері демекші, «ақ алтын» нарығына экспорттық тәуелділікті жою, елімізде тоқыма-тігін саласын дамыту мақсатында 2023 жылы облыста «Мақта шаруашылығын дамытудың және мақта-тоқыма кластерін қолдаудың 2027 жылға дейінгі өңірлік жол картасы» бекітілген. Жол картасы егістікті әртараптандыру, тұқыммен қамтамасыз ету, жаңа технологияларды енгізу, мақта кластерін құру сынды 4 бағытты қамтиды. Облыс әкімдігі мақта бағасының жыл сайын өзекті болуының басты себебі ретінде шитті мақтаны сату бағасының экспортқа тәуелділігін атап отыр. Бұл орайда елімізде тоқыма, тігін өнеркәсібін дұрыс жолға қою маңызды. Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков туындап отырған мәселелерді шешу бағытында жол картасына сәйкес 5 мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынғанын айтады. Бұл жобалардың өңдеу қуаты жылына – 193,3 мың тонна, 7 030 мың жұмыс орындары ашылады. Нақтырақ айтсақ, Түркістанда «Түркістан мақта агроөнеркәсіп кешені» ЖШС, Мақтарал ауданында «Global textile» ЖШС, «Cotton makta» ЖШС, Жетісай ауданында «TST Jetisay textile», Сауран ауданында «Казтекс» ЖШС мақта-тоқыма кластерін құру инвестициялық жобалары бойынша жұмыс басталған.
Мақталы аудандардағы шаруалардың мәселесін шешу бағытында облыстық деңгейде қолға алынған жұмыс жетерлік, мемлекеттік қолдаулар да аз емес. Биыл облыста мақта дақылын 135 мың гектарға орналастыру жоспарланды. Былтыр 106,4 мың гектарға егілген еді. Бұл жалпы егістіктің 12%-ын құрады. Орташа өнімділік гектарына 28,2 центнерден түсіп, жалпы 301,2 мың тонна өнім жиналды.
Мақта дақылын өсіріп-баптауда жаңа технология ендіруді қолға алған «Алтын дала мақта» ЖШС-ның серіктес шетелдік инвесторымен облыс әкімдігі тарапынан келіссөздер жүргізіліп, нәтижесінде, «Xinjiang Lihua (Group) Co., «LTD» компаниясы 40 мың тонна шитті мақта сатып алды. Сондай-ақ шитті мақтаны сатып алу жөнінде Өзбекстан, Қытай елдерінің компанияларымен келіссөздер жүргізіліп, мақта өңдеу зауыттары тауар өндірушілерге алдын ала тоннасына 200 мың теңгеден төлем жасады. Түпкілікті бағасы – шитті мақтаның сапалық көрсеткіштеріне байланысты 220-250 мың теңгені құрады.
«Өсімдік шаруашылығын мемлекеттік қолдау аясында облыста қаржылардың басым бөлігі мақта шаруашылығын дамытуға бағытталып отыр. Технологиялық карта бойынша 1 га мақта өсіру шығыны 330,5 мың теңгені құрайды. Орташа 2,5 тонна өнім алынса, 1 тонна мақтаны өсірудің өзіндік құны 132,2 мың теңге. Бұл ретте мемлекет тарапынан орташа есеппен 1 гектарға 74,1 мың теңгеден мемлекеттік қолдау көрсетілді. Атап айтқанда, мақта шаруашылықтарына 4 бюджеттік бағдарлама бойынша 9 685 агроқұрылымға 5,1 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл – облыстың өсімдік шаруашылығына бөлінген қаржының 61%-ы. «Тұқым шаруашылығын қолдау» бағдарламасы бойынша облыс әкімдігінің ұсыныстары негізінде қағидаға өзгерістер енгізіліп, мақта шитінің нормативтері 1,5-2 есеге дейін ұлғайды. Бірегей сұрыптың тоннасына 700,0 мың теңге бекітілді, ескі нормативте бұл баға 497 мың теңгені құраған. Жаңа қағидаға сәйкес «Элита» – 653,1 мың тг/тн (ескі нормативте – 300,0 мың тг/тн), «R1» – 275,0 мың тг/тн (ескі нормативте – 175,0 мың тг/тн), «R2» – 237,5 мың тг/тн (ескі нормативте – 137,5 мың тг/тн). Жалпы тұқым шаруашылығын қолдауға биыл 482,2 млн теңге, мақта шаруашылықтарына 307,4 млн теңге қаржы бөлінді. Сонымен қатар биыл Өзбекстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы «Тұқым шаруашылығын дамыту орталығы» мекемесімен келіссөздер жүргізіліп, сапалы (1,9 мың тонна) шитті импорттау келісілді, 891 тонна сатып алынды. «Минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» бағдарламасымен 2024 жылдан бастап аванстық төлем жүйесі ендіріліп, отандық тыңайтқыштар 60%-ға субсидияланды. Облыстық бюджеттен 8,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Қаржының 51%-ы (4,3 млрд теңге) мақта шаруашылықтарына төленіп, 58 мың тонна тыңайтқыш енгізілді», дейді Н.Тұрашбеков.
Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің аса қауіпті зиянкестерге қарсы өңдеу шығындарын азайту мақсатында сатып алынған пестицидтердің 50%-ы субсидияланады. Облыс тауар өндірушілері «Кең дала», «Кең дала 2» несие бағдарламалары бойынша 18,8 млрд теңгеге қаржыландырылды. Оның ішінде мақта шаруашылықтары 8,9 млрд теңгеге несиелендірілген. Ауыл шаруашылығы тауарын өндiрушiлерге су беру қызметі құнын субсидиялау бағытында өткен жылы облыстық бюджеттен 42 млн теңге қолдау қаржы бөлінген. Мақта шаруашылықтарына 24,3 млн теңге қолдау көрсетілді. Су үнемдейтін технологияларды пайдаланбай суару кезінде ағын судың субсидия мөлшері 2025 жылы тарифтің 40-65%-ын құрайды. Су үнемдейтін технологияларды пайдалана отырып суару кезінде ағын суының субсидия мөлшері тарифтің 60-85%-ын құрайды.
Сенаторлар нарықтық экономикаға сай барлық тараптардың құқығы қорғалып, әділ бәсекелестік пен сапалы өнім алу мақсатында арнайы мақта саласын дамыту туралы заң әзірлеу мәселесін қарастыру қажет деп есептейді. Сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға шаруа қожалықтарынан мақтаны сатып алу бойынша тұрақтандыру қорын құруды, аграрлық несие корпорациясы шаруалар өнімді сатқанға дейін несиелер бойынша қайтару мерзімін ұзарту мәселесін шешуді тапсыру керек. Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп мақта кластерін құру мәселесін қарастыруы қажет. Депутаттар, сонымен қатар Үкімет басшысына жолдаған сауалында отандық мақтаның сапасын жақсарту, әлемдік нарыққа шығару үшін мақта шаруашылығын дамытудың салалық бағдарламасын әзірлеп, енгізу қажеттігін, оған жергілікті атқарушы органдар мен мақта өндірушілері тартылуға тиіс екенін айтады. Ауыл шаруашылығы министрлігі мен Сауда және интеграция министрлігі жоғары сапалы мақта сұрыптарын сатып алу мәселесін, өңдірілген сапалы өнімдерді сұранысы мол Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде өткізу жолдарын қарастыруы керек.
Түркістан облысы