
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
«Technowomen» КЕҰ басқарма төрағасы Азиза Шөжееваның айтуынша, еліміздегі жастардың 40 пайызы жеке қаржысын басқара алмайды. Ал 20 пайыздан астамының мерзімі өткен қарыздары бар. Сонымен қатар халықтың 40 пайызының цифрлық технологияларды қолдану дағдылары жеткіліксіз. Сондықтан бағдарламаның негізгі мақсаты – жастарды қаржыны сауатты басқаруға, киберқауіпсіздік негіздерін игеруге, цифрлық гигиенаны сақтауға және жасанды интеллект көмегімен табыс табуға үйрету.
«IT-Aiel» бағдарламасы – декреттегі, көпбалалы, жұмыссыз отырған, өзін дамытқысы келетін қыз-келіншектерге арналған. Бағдарлама қатысушыларды цифрлық құралдарды меңгеруге, фриланс пен онлайн-бизнесті бастауға, жасанды интеллектіні отбасы экономикасында қолдануға және интернет алаяқтарынан қорғануға үйретеді.
«Astana Hub» өкілі Валерия Тё жобаның нақты нәтижелерге бағытталғанын атап өтті. Оның айтуынша, 2023 жылы бағдарламаның алғашқы легіне 2634 әйел қатысса, 2024 жылы екінші лекке 5200-ден астам өтініш келіп, 3084 қатысушы оқуын бастаған. Бағдарлама «No Code», «E-commerce», «AI»-дизайн, фриланс, видеомонтаж сияқты салаларды қамтиды. Барлығы қазақ және орыс тілдерінде, онлайн форматта, менторлық қолдаумен өткізіледі.
Бағдарлама серіктестерінің бірі «YASSA Education» компаниясының негізін қалаушы Кристина Вебер «IT-Aiel» оқуы аясында меңгерілетін кәсіптер туралы нақты түсіндіріп өтті. «Бағдарлама қазіргі нарықта жоғары сұранысқа ие, техникалық база талап етпейтін және тез монетизациялауға болатын мамандықтар. Олардың ішінде чат-бот жасаушы, «AI»-графикалық дизайнер, видеомонтаждаушы, автоматтандыру бойынша ассистент, промт-инженер, бағдарламалық қамтамасыз ету тестері секілді кәсіптер бар. Әр модуль – тәжірибелік бағытта, нақты табысқа жеткізетін құралдармен құрылымдалған», дейді ол.
Бағдарламаның қаржылық сауаттылық блогін жүргізіп отырған ментор әрі кәсіпкер Алуа Көрпебаева қаржылық білімнің маңызын ерекше атап өтті. «Бүгінде жастар бизнес бастауға ниетті болғанымен, кіріс пен шығысты есептеу, салық жүйесін түсіну, тиімді қаржылық модель жасау сияқты негізгі дағдыларды меңгермеген. Біздің курс қатысушыларға сандардан қорықпай, оны басқаруға үйретеді», дейді ол.
Бағдарлама түлектерінің бірі Әлия Оразымбетова «IT-Aiel» жобасына қатысу оның өмірін жаңа бағытқа бұрғанын айтады. «Бұл жоба мені жаңа салаға жетелеп қана қоймай, «CyberBala» атты балаларға арналған цифрлық гигиена клубын құруыма себеп болды. Осы арқылы қоғам алдындағы жауапкершілігімді сезіндім», дейді ол. Әлияның сөзінше, «IT» саласында әйел адамдардың көбеюі заман талабы.
«AqylTech», «IT-Aiel» бағдарламаларының тағы бір ерекшелігі – барлық өңірді қамтуы. Оқу еліміздің 17 облысы мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында қолжетімді. Бағдарлама толықтай тегін, онлайн форматта жүргізіледі. Мақсат – 10 000-нан астам адамды оқытып, 100-ден астам білікті тренерді даярлау.
Бағдарламаны ұйымдастырушылардың айтуынша, жасанды интеллектінің 2030 жылға қарай әлемдік экономикаға қосатын үлесі 15,7 трлн долларды құрауы мүмкін. Сондықтан елімізде ЖИ-ді дамыту тұжырымдамасы жасалып, қазақ тіліндегі үлгілерін дамыту, отандық стартаптарды қолдау бағытында нақты жұмыс жүріп жатыр. Жасанды интеллект енді тек технология емес, отбасылық экономикаға нақты пайда әкелетін құралға айналуға тиіс.
Аталған бағдарламалар жай оқыту курстары емес, цифрлық дәуірге бейімделудің, заманмен үндесудің, жаңа табыс көзін табудың нақты жолына айналып отыр.