Шахмат • Кеше

Әлем чемпионаты: еншімізде күміс медаль!

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Лондонда өткен блицтен командалық әлем чемпионатында шахматшыларымыз тамаша өнер көрсетіп, күміс (KazChess командасы) және жекелей сайыста алты жүлде олжалады, деп хабарлайды Egemen.kz Қазақстан шахмат федерациясына сілтеме жасап.

Әлем чемпионаты: еншімізде күміс медаль!

KazChess командасы финалға дейін жетіп, Қазақстан шахматтан әлемде державаға айналып келе жатқанын паш ете түсті.

 «Блицтен командалық әлем чемпионатында тамаша ойын көрсетіп, күміс медаль жеңіп алған Kazchess командасын құттықтаймыз! Біз шынымен де мықты және ынтымағы жарасқан ұжым құра алдық. Жас шахматшыларымыз бен тәжірибелі ойыншыларымыз бүкіл турнирді абыроймен өткізіп, тегеурінді қарсыластарын ығыстырды. Бұл турнир біздің әлемнің ең мықты командаларымен тең дәрежеде бәсекелес бола алатынымызды айқындады. Ойыншыларымыздың жас ерекшелігі мен әлеуетін ескере отырып, алдағы уақытта талай рет үлкен жеңіске жетеміз деп сенеміз», – деді Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов.

KazChess командасы атынан қатысқандар: Александр Грищук (2683, FID), Рихард Раппорт (2631, Венгрия), Андрей Есипенко (2646, FID), Дәрмен Сәдуақасов (2575), Алдияр Аңсат (2488), Меруерт Камалиденова (2255), Елназ Қалиахмет (2189), Ислам Айтен (1929, әуесқой шахматшы). Капитандық міндетті Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры, білікті маман Гүлмира Дәулетова арқалады.

KazChess командасы D тобындағы ойында екінші орынға шықты, содан кейін 1/8 финалда Rookies командасын жеңді, ширек финалда Freedom ұжымын басып озды және жартылай финалда Uzbekistan командасынан басым түсті. Финалда KazChess ойыншылары WR Chess Team ұжымына ғана есе жіберді. Әлем чемпионатының жеңімпаз клубына – 75 000, күміс медаль олжалаған ұжымға – 50 000, қола жүлдегерлерге – 30 000, 4-орын алғандарға – 20 000, 5- орынға тұрақтаған командаға 15 000 еуро табыс етілді.

шахмат

Қазақстанның алты шахматшысы  жекелей сайыста  да дара шықты. Турнирлік перфоманс бойынша анықталатын тоғыз тақтаның әрқайсысында үздік ойыншылар үштігіне енді. Ерғали Сүлеймен (Rookies, 7-ші тақта) мен Алдияр Сайлаубай (Ashdod Elit Chess Club, 9-шы тақта) алтын медаль жеңіп алды. Алдияр Аңсат (KazChess, 6-шы тақта), Ксения Балабаева (Barys.kz, 7-ші тақта) және Дәрмен Дәурен (Rookies, 9-шы тақта) күміс жүлдені қанжығасына байлады. Даниял Сәпенов (Rookies, 2-ші тақта) қола медальге ие болды.

Рапид пен блицтен 2025 жылғы командалық әлем чемпионаты үшінші мәрте өтті. Алғаш 2023 жылы Дюссельдорф қаласында өтті, екіншісі былтыр Астанада ұйымдастырылды. Ал биыл 11-15 маусым аралығында Лондонда 52 команда жиналды. Бір күн бұрын рапидтен жарыс аяқталды: Team MGD1 алтын, Hexamind Chess Team күміс, Freedom командасы қола медаль алды. Блицте (3 минут + әр жүріс үшін 2 секунд) командалар алты тақтада: төрт негізгі, бір әйелдер тақтасында, рейтингі 2000-нан төмен әуесқой ойыншыға арналған бір тақтада бақ сынасты.