Табиғат • Бүгін, 09:55

Созақ ауданына 1,5 млрд текше метрден астам су жеткізілді

20 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Түркістан облысының Созақ ауданына Жамбыл облысындағы Тасөткел су қоймасынан 1,5 миллиард текше метрден астам су бағытталды. Бұл жұмыс былтыр қыркүйек айынан бастап қолға алынып, биылғы сәуірдің соңына дейін жалғасты. Судың берілуі табиғи экожүйені қолдау мақсатындағы іс-шаралар аясында жүзеге асырылды, деп жазады Egemen.kz.

Созақ ауданына 1,5 млрд текше метрден астам су жеткізілді

Созаққа су биыл ақпан айында жетті. Қажетті көлемді қамтамасыз ету үшін Су ресурстары және ирригация министрлігі Қырғызстанның тиісті мекемелерімен келіссөздер жүргізді.

Министр Нұржан Нұржігітовтің тапсырмасына сәйкес, «Қазсушар» РМК Жамбыл филиалы мен Шу-Талас бассейндік инспекциясының мамандары өзен аңғарындағы ахуалды бақылап, су жіберудің қоршаған ортаға әсеріне мониторинг жүргізді. Жұмыс тобы Созақ ауданы ғана емес, сонымен қатар Жамбыл облысының Шу, Мойынқұм және Сарысу аудандарында да болып қайтты.

Созақ өңіріне мұндай көлемдегі су соңғы бес жылда алғаш рет келіп отыр. Бұл жағдай жергілікті тұрғындардың оң бағасын алып, министрлікке алғыс білдірілді.

«Аудан жұртшылығы атынан судың келіп жатқанына разылығымызды жеткіземіз. Аптап ыстыққа қарамастан, осы бағыттағы жұмысты тоқтатпай, ел ішіндегі ахуалды тікелей бақылап отырған министрлік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз», деді Созақ ауданының тұрғыны Ришат Таңатов.

Сонымен қатар, биыл министрдің тапсырмасына сәйкес, Шу өзенінен Созақ ауданына су жеткізетін Фурманов айналма каналының арнасын тазалау жұмыстары қолға алынады.