
Қатысушылар Kunjut Studio шығармашылық кеңістігінде балшықтан бұйымдар жасап, уақытты бірге әрі пайдалы өткізуге мүмкіндік алды, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Іс-шараны Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасы мен «Даму» Қазақстандық қауымдастығы бірлесіп ұйымдастырды.
Шараның мақсаты — әке мен бала арасындағы эмоционалдық байланысты нығайту, белсенді отбасылық демалысты насихаттау және бірлескен шығармашылық арқылы шеберлік дағдыларын дамыту.
— Әкелер күніне орай осындай іс-шараны әкелер мен балалардың бірге уақыт өткізуі үшін ұйымдастырдық. Бұл — «Отбасы — бақыт мекені» жобасы аясында жүзеге асырылып отырған шара. Өткен жылы да осындай шеберлік сағаты өткен, қатысушыларға ұнағандықтан, биыл тағы қайталадық. Жобаның мақсаты — отбасылық құндылықтарды дәріптеу, әкелер мен балалар арасындағы байланысты күшейту, — деді Жастар саясаты мәселелері басқармасының бас маманы Балжан Қолқанат.
Шараға 20-дан астам отбасы қатысты.
Қатысушылардың бірі Нұрлыбек Мұратов қызы Аружанмен бірге гүлге арналған ваза жасағандарын айтып, мұндай бастамалардың маңызын атап өтті.
— Балалармен бірге уақыт өткізу — үлкен мүмкіндік. Қазір ата-аналар жұмыста көп уақыт өткізеді, ал осындай сәттер — балаңмен бірге болып, бір нәрсе жасауға, әке мен бала арасындағы байланысты нығайтуға таптырмас жол, — деді ол.