
Ақ халаттылардың айнымас серігіне айналып, науқастардың дертіне дауа дарытуға атсалысып жүрген денсаулық сақшысының бірі Зәуреш Бекенқызының қызметін аудан тұрғындары жоғары бағалайды. Шымкент медициналық училищесінде білім алып, еңбек жолын ауруханада бастаған ол – бүгінде тәжірибесі мол, білікті маман. 1993 жылдан бері, 35 жылға жуық мейірбикелік қызметін адал атқарып келе жатқан жан Төлеби аудандық орталық ауруханасында емделушілердің алғысына бөленіп жүр. Алғашқы қызметін аурухананың гинекология бөлімінде бастаған Зәуреш Бекенқызы қазірде реабилитация бөлімшеде еңбек етеді.
Аурухана басшысы Қарлығаш Омарова мейірбикенің әр науқасқа ерекше жанашырлықпен қарап, кәсіби тұрғыда көмек көрсетіп жүрген алтын жүректі жан екенін айтады.
«Қызығы мен қиындығы мол мамандығым өзіме ұнайды, талай жақсы адамдармен әріптес болып бірге жұмыс істедік. Біздің мамандықта өз ісіңді жақсы көрумен қатар, төзімді болуың да керек. Еңбек жолымда әртүрлі қызық та, қиындық та кездесті. Науқас жанның ойынан шығу оңай емес, сондықтан әрбірінің көңілін табуға тырысамыз. Ауруханаға ерекше бір үміт артып келетін жандардың жанарындағы сол үміт отын жандандыра түсуге, сенімін нығайтуға, жігерлендіруге тырысамыз. Көпшілік арасында аурухананың аурасы мен моральдық-психологиялық ахуалы ауыр мекеме екенін айтушылар да, жұмыстарың қиын деп жанашырлық танытып жататындар да аз емес. Міне, осындай түсінік қалыптаспас үшін де әрбір емделушімен жылы, дұрыс қарым-қатынас орната білу маңызды. Кейде жаны қиналған науқас көңілге тиер сөз де айтып қалады. Мұндайда кешіріммен қарап, ештеңе айтылмағандай міндетімізді атқара береміз», дейді Зәуреш Бекенқызы.
Иә, аурухана тіршілігінің өзіндік ерекшелігі көп. Кейіпкеріміз – медицина қызметкері ғана емес, үлкен әулеттің ұйытқысы болып отырған ибалы келін, көпбалалы ана. Күллі қазаққа таныс, аудан мақтанышы – Өнербаевтар әулеті қара шаңырағының түтінін түтетіп, медбикелік қызметімен қатар, үйдегі абыз ақсақал мен алтын құрсақ анаға қарап, күйеуі Жеңіс Әлтайұлымен бес ұл-қыз өсіріп-тәрбиелеген жан. Еліміздегі беделді оқу орындарында мемлекеттік грантпен оқып, шетелде тәжірибеден өткен ұл-қыздары бүгінде еліміздің алдыңғы қатарлы жұмыс орындарында табысты еңбек етіп жүр. Жасы тоқсанға таяған енесіне аяулы келін ретінде ерекше күтім жасап отырған З.Бекенқызы өз отбасы ғана емес, ауылдастар мен ауыл-аймақтың да алғысына бөленген жан. Мейірімді мейірбике отбасылық шаруашылықта да белсенді. Үйде мал ұстап, бау-бақша салып, жыл сайын қысқа көкөніс пен жеміс дайындап, ауыл тіршілігінің бар шаруасын тиянақты атқарып келеді.
Түркістан облысы