
1992 жылдан бері Қазақстан іргелес жатқан Қытаймен екіжақты және көпжақты деңгейде саяси-дипломатиялық, сауда-экономика, инвестиция және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытып, қос елдің қатынасы «мəңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік» сатысына көтерілді. Мемлекет басшылары былтырғы кездесуінде өзара байланыстың келесі «алтын 30 жылдығына» қадам бастық деп мәлімдеді.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин арасындағы саяси уағдаластық пен жеке достық сауда мен экономика, инфрақұрылым жобаларына қажетті макроклиматты қалыптастырды. Осылайша, Қытай Халық Республикасы Қазақстанның басты сауда серіктесінің біріне айналды. 2024 жылы екіжақты сауда айналымы 45 млрд долларға жуықтаған. Бұл – рекорд. Қытай – Қазақстандағы ірі бес инвестор мемлекеттің бірі, былтыр елімізге салған тікелей инвестициясы 11,19 млрд долларды құрады. Көне сауда-саттық маршруттарын қайта жаңғыртқан «Жібек жолының экономикалық белдеуі» де алғаш Астанада жарияланып, еліміз алпауыт Еуразиядағы «трансқұрлық көпір» атауына ие болды. Бүгінде Қытай-Еуропа теміржол жүк тасымалының 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Жоғарғы деңгейдегі ықпалдастықпен енгізілген визасыз режім, жаңа әуе-көлік рейстері бизнес және туризм салаларын дамытуға мүмкіндік беріп отыр. 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстан туризм жылы» болып жарияланып, Қазақстанға 655 мың қытайлық турист келген (2023 жылмен салыстырғанда 78%-ға өскен).
Мемлекет басшылары деңгейіндегі диалог шекаралық, өңіраралық ынтымақтастықта жалғасын тапса, қарым-қатынас орнықты болатыны анық. Кейінгі жылдары осы бағытта маңызды бетбұрыстар байқалады. 2023 жылы наурыз айында Қазақстанға ҚХР Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы (ШҰАА) партия хатшысы Ма Синжуй келіп, екі елдің шекара маңы ынтымақтастығының II Достық диалогі аясында 16 құжатқа қол қойылды. Қ.Тоқаевтың Ма Синжуйді Ақордада қабылдауы Шыңжаңның қос мемлекет қарым-қатынасындағы рәміздік мән-маңызын арттырып, шекаралық байланыстың жаңа көкжиегін ашып берді. Жалпы құны 565,4 млн доллар болатын 6 өңіраралық, 5 коммерциялық келісімшарт бекітілді. ҚХР ШҰАА өз нарығына Орталық Азия елдерінен жоғары сапалы тауар әкелуге қызығушылық танытып отыр. Президент 2023 жылы Шыңжаңға барған сапарында да трансшекаралық өзендерді пайдалану, энергетика, ауыл шаруашылығы, тарихи-мәдени қатынастарға да көңіл бөліп, аймақаралық байланысты тұрақты сақтау керектігін атап өтті.
Қос мемлекет қатынасының даму динамикасы Абай облысы мен ШҰАА арасындағы шекаралық қатынастан айқын байқалады. Абай облысы мен ШҰАА арасындағы шекараның ұзындығы 250 шақырымнан асады, оның ішінде Бақты бекетінің маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Стратегиялық теміржол, автомобиль, әуе және су көлігі жолдарының тоғысуында тұрғаны аймақтың халықаралық бағыттарға ашық, көлік-логистикалық әлеуеті жоғары екенін көрсетеді.
ҚХР – Абай облысы үшін басты сауда серіктесі. 2024 жылы облыстың сыртқы сауда айналымының 89%-ы Қытаймен жүзеге асқан. Экспорт 2,1 млрд долларға жетіп, бір жыл ішінде 5 есе артқан. Қазіргі уақытта облыста Қытай капиталы есебінен 4 ірі жоба, яғни мыс балқыту зауыты жобасы, ағаш өңдеу комбинаты, көмір-химия кешені және жел электр стансасы жүзеге асып жатыр. Ресей, Қазақстан және Қытайды жалғайтын «Омбы – Майқапшағай» жолы өңір арқылы өтеді. «Аягөз – Тачен» теміржолы да өңірдің дамуына қосымша импульс беретіні сөзсіз. Шекара маңындағы суы шипалы Алакөлге туристерді кеңінен тарту мақсатында халықаралық стандарттарға сай (ИКАО) әуежай жұмыс істеп тұр. Астана, Алматыдан Үржарға және Семей – Шымкент бағытындағы рейстер ашылып жатыр.
2025 жылғы 17 ақпанда Мемлекет басшысының Жарлығымен облыс әкімі болып тағайындалған соң Берік Уәли Мемлекет басшысының қабылдауында болып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайы туралы есеп беріп, алдағы кезеңге арналған даму жоспарын таныстырып өтті. Облыс басшысы өңірдің сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, өнеркәсіптік, аграрлық, туристік әлеуетін нығайту, кеңінен инвестиция тарту мақсатында аудандарды бірнеше мәрте аралап, шекаралық өткізу пункттері, республикалық және аудандық маңызы бар жолдар жұмысын көріп, бірқатар инвесторды қабылдап, шекаралық ынтымақтастыққа да назар аударды. Елдің дамуына инвестиция тарту – тек сала министрліктерінің емес, әрбір деңгейдегі әкімнің міндеті. Азия даму банкінің зерттеуіне сүйенсек, Азия елдерінде инфрақұрылымды дамыту үшін әлі миллиардтаған қаражат тартылуы керек. Өңір басшысы қызметке кіріскелі бері 40-тан аса шетелдік инвестормен кездесу өткізді. Инвестиция тартуды жүйелі әрі орнықты ету үшін Семей қаласында «Инвесторлар үйі» ашылады. Осы уақытқа дейін облыстың көлік инфрақұрылымы, кеден бекеттері мен инвестициялық ахуалын күшейтуге жасалған бірқатар практикалық қадамды атап өтуге болады.
Біріншіден, өңірде шекаралық өткізу пунктін жаңғырту қолға алынды. Мақаншы ауданындағы «Бақты» кеден бекетінің өткізу, тексеру, өлшеу жылдамдығы облыстың ғана емес, мемлекеттің сауда-экономикалық, көлік-логистикалық әлеуетін нығайтуда үлкен орын алады. Облыс әкімінің қадағалауымен кеден бекетін жаңғырту жүргізіліп жатыр. Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде бұл өткізу пунктін халықаралық стандартқа сай келетін кедендік бақылау құралдарымен жабдықтау көзделген. Тауар мен көлікті сканерлейтін инспекциялық-тексеру кешендері, автокөліктің салмақ-габарит параметрін өлшейтін желілер саны ұлғайтылады. Автокөлік құралдарын тасымалдайтын жолақтар саны 2-ден 6-ға дейін артады. Осылайша, «Бақтының» өткізу қабілетін 8 сағат жұмыс режімінде 60-тан 500 автокөлікке дейін, жолаушылар санын 150-ден 1 000-ға дейін тек бір бағытқа ұлғайту көзделген. Бұл тауар, көлік пен адамды кедендік бақылауда ұзақ кідіртпей, жедел қызмет етіп отырады. Кеден бекетіндегі жаңғырту Қазақстан мен Қытай арасындағы сауда-саттық, туристердің келуі, азаматтардың емделуге, жақын туыстарына баруы, іскерлік кездесулеріне мол мүмкіндік беретіні сөзсіз.
Екіншіден, облысты көршілес елдермен жалғаған халықаралық маңызға ие жолдар жөнделіп жатыр. Тамырдай таралған жолдар – адам және жүк тасымалының өзегі. Еліміздің шығыс өңіріндегі облыстардың, трансшекаралық сауда-экономикалық қатынастың дамуындағы «Қалбатау – Майқапшағай» автожолының орны белгілі. Жалпы ұзындығы 415 шақырымды құрайтын жолдың 184 шақырымы Абай облысынан өтіп жатыр. Оның бойындағы 16 көпір мен 100-ден аса су өткізу құрылғысы жаңартылып жатыр, жыл соңына дейін халық игілігіне берілмек. Облыс әкімі айтқандай, «Қалбатау – Майқапшағай» жолын өңір үшін экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан да маңызды. Алдағы уақытта ұзындығы 400 шақырым жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелеріне асфальт төселеді. Одан бөлек, «Семей – Ресей Федерациясы шекарасы», «Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас», «Өскемен – Семей», «Таскескен – Бақты» бағытындағы жолдарға асфальт төселеді. Бұл көршілес облыстар, шекара бойындағы елдермен де барыс-келіске серпіліс береді.
Үшіншіден, сәуір-мамыр айларында Семейде шетелдік инвесторлармен бірқатар кездесу өтіп, өңірдің әлеуеті таныстырылды. «Zhongcai Financial Holdings Investment Co» компаниясы Мақаншыдағы Бақты ауылы маңында ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін, ауыр жүк көлігін құрастыратын логистикалық парк, сондай-ақ Орталық Азиядағы ірі DATA орталығын ашу ұсынысымен келді. Одан кейін Қытайдың Чанцзи мемлекеттік жоғары технологиялар индустриялық аймағынан құрылыс, тау-кен өндірісі, электроника және көлік құрастыру, көпір салу бағытында жұмыс істейтін компания өкілдері облыс басшысымен кездесті. Б.Уәли өңірдің мүмкіндіктерін таныстырып, көлік-логистика, машина жасау, құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларына инвестиция құюға шақырды. Облыс әкімі ұсынылған жобалардың барлығы өңір экономикасы үшін маңызды екенін атап өтті. Жоспар бойынша, облыста 2028 жылға дейін жалпы құны 2,7 трлн теңге болатын 29 инвестициялық жоба жүзеге аспақ. 8 мың жаңа жұмыс орны ашылады. 2028 жылға қарай облысқа тартылатын инвестиция көлемі 800 млрд теңгеге дейін артады деп болжанып отыр.
Төртіншіден, Абай облысының үлкен делегациясы ШҰАА-да іссапармен болып, 1,568 млрд долларды құрайтын маңызды келісімшарттарға қол қойылды. Делегация өкілдері ҚХР ШҰАА партия комитетінің хатшысы Ма Синжуймен кездесіп, «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясына қатысты. Б.Уәли Алтай қаласында 20-ға жуық қытай инвесторымен кездесті. Өңір басшысы «Семей – Үрімжі» және «Семей – Шәуешек» тікелей әуе рейстерін ашуды, Шыңжаң технологиялық орталықтармен ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруды айтты. Кездесуде «Линьи қаласының санитарлық тазарту тобы» компаниясы Семей қаласында заманауи тазалық жүйесіне арналған жобаны таныстырды. «Xinjiang Shutu Tecnology Co» компаниясы чип, электронды дисплей сынды заманауи өнімдер зауытын ашуды ұсынды. Құны 50 млн долларды құрайтын жоба құрылысы басталып кетті. Жалпы, бекітілген 15 меморандум логистикалық парк құру, білім беру және тұрғын үй кешендерін салу, ауыл шаруашылығы мен туризмді дамыту, қалдықтарды өңдеу және көгалдандыру, көлік және құрылысты дамыту, сондай-ақ тау-кен, агробиотехнология салаларында жобаларды іске асыруға жол ашады. Облыс әкімі айтқандай, өңір экономикасына тікелей әсер ететін, жоғары технологиялармен жұмыс істейтін жобалар қолдау табады. Семейде аумағы 75 мың тұрғынға арналған жаңа шағын аудан бой көтереді. Осында 40-тан аса әкімшілік, коммерциялық, әлеуметтік нысандар салынады. Қытай тарапы облыспен қарым-қатынасты одан әрі жандандыруға дайын екенін жеткізді.
Әлемдегі тұрақсыздық жағдайында мемлекетаралық ынтымақтастықтың жаңа механизмдеріне сұраныс күшейді. Өңіраралық, шекара маңы ынтымақтастығы – Қазақстан – Қытай сауда-экономикалық іс-қимылының маңызды бөлігі. Шекаралас өлкедегі өндірістік үдерістерді, азық-түлік қауіпсіздігін, транзит-көліктік əлеуетті дамыту жөніндегі түсіністік бар. Абай облысы Қытаймен жоғарғы саяси диалогтің трансшекаралық қатынастағы айшықты көрінісіне айналып келеді. Қытай нарығына отандық азық-түлік, ауыл және мал шаруашылығы өнімдерін жеткізу көлемін ұлғайту және экспортты кеңейту, өндірушілерді ҚХР электрондық алаңдарына шығару мәселесі де өзекті. Бұл қадамдар – транзит-мемлекет, инвестицияны қабылдаушы ел ретінде Қазақстан үшін экономикалық әртараптандыру мүмкіндігі. Осының барлығы түптеп келгенде халықтың әл-ауқатын арттыруға ықпал етеді. Алдағы уақытта екі елдің сарапшылар қауымдастығы, агросектор мамандары, кәсіпкерлер, туризм, әсіресе жастар арасындағы коллаборацияны нығайту маңызды болмақ. Міне, осы қадамдардың заңды жалғасы ретінде облыс әкімінің бастамасымен 20 маусым күні Семей қаласында «Туған жерге туыңды тік!» атты инвесторлар форумы өткелі отыр. Ауқымды іс-шара туған жерін қайта түлетуге бейжай қарамайтын барша азаматтарға үндеу деп қабылдауға болады.
Олжас БЕЙСЕНБАЕВ,
шығыстанушы