Шаруашылық • Кеше

Шаруашылыққа зиян келмеуге тиіс

20 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Алматы облысында өсімдік атаулының қас жауына ай­налған италиялық үйірлі шегіртке мен азиялық саяқ шегірт­­кеге қарсы 113 997 га жер химиялық өңдіріледі.

Шаруашылыққа зиян келмеуге тиіс

«Шегірткенің егіндікке, мал жайылымына, табиғи өсім­діктерге жаппай таралуы – табиғи апат. Саяқ шегірткеге қарсы хи­миялық өңдеу жұмысына жер­гі­лікті бюджет есебінен 349,9 млн теңге қарастырылған. 2023 жылы саяқ шегірткеге қарсы өңдеу жұмысына жергілікті бюджет есе­бінен 120 млн теңге, өткен жылы 201,7 млн теңге қаражат бөлін­ген болатын. Алматы облысы әкімдігі тарапынан бұл мәселе тұ­рақты бақылауға алынған»,  дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Масабаев.

Өңірде үйірлі және саяқ ше­гірт­келерге қарсы химиялық өң­деу жұмыстары 113 997 га жер­ге жүргізіледі. Соның ішін­де рес­пуб­ликалық бюджет есе­бінен ерек­­ше қауіпті үйірлі шегірт­ке­лер­ге қарсы жүргізілген өңдеу жұ­­мысының көлемі – 63 438 га, оның ішінде: италиялық шегірт­ке – 46 755 га, азиялық шегірткеге – 16 683 га.

«Үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу жүргізетін мер­дігер компаниялар айқын­далды. 10 жерүсті бүріккіш техникалары, 1 жеңіл ұшақ, 2 аса жеңіл ұшақ қатыстырылып, хи­миялық өңдеу жұмыстарын «ЗаРаГранд», «AVIASILA» жауап­кершілігі шектеулі серіктестіктері атқа­ратын болады. Мердігер ком­па­ния­лар қосымша су тасығыш автокөліктер, ранц­тық бүрік­кіштер, насос қондырғылары мен дәрі тасымалдаушы техникалармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар үйірлі шегірткелерге қарсы химиялық өңдеуге 2 дрон аппараты, «Фитосанитария» РММ-ның 4 бүріккіші, басқа да техника­­­лары тартылады. Науқан кезінде барлығы
201 адам, 46 авто­көлік қатыстырылады», деді облыстық аумақтық инспек­ция­ басшысы Дархан Әбілғазиев.

Көршілес Жамбыл, Қара­ғанды, Жетісу облыстық аумақтық инспекциялармен шегіртке тектес зиянкестерге, басқа да аса қа­уіпті зиянды организмдерге қар­сы фитосанитарлық іс-ша­ра­ларды бірлесіп атқару жөнін­де ын­­ты­­мақтастық келісімшарт жасалған.

Химиялық қосындылар топы­рақпен қоса, адам денсаулығына айтарлықтай залал келтіреді. Бү­гінде елімізде 92 препарат түрі тіркелсе, оның алтауы ғана био­логиялық санатта. Сондықтан ғалымдар бұл мәселенің тездетіп шешім тапқаны жөн деп отыр.

«Біз бірқатар биологиялық препарат жасап шығардық. Атап айтсақ, елімізде қолдануға рұқ­сат етілген препараттардың қа­тарында институт ғалымдары жа­­саған отандық 2 препарат бар. Эко­­логиялық таза, табиғаттағы пай­­далы жәндіктерге, адамдарға кері әсері жоқ биологиялық күрес тәсіл­дерін жасаумен тындырымды ай­налысып жатырмыз», дейді Ж.Жиен­­баев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғы­лыми зерттеу институтының бас­қар­­ма төрағасы Бақытжан Дүй­сен­беков.

 

Алматы облысы