Сұхбат • Кеше

«Асқар таудың орны бөлек»

50 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Құнанбай қажының жігіт шақтағы Абайға алғаусыз сенім артып, «ата салтынан адаспа, балам» дейтіні бар. Әке мен бала арасындағы қарым-қатынасты біз немен өлшеп жүрміз? «Әкелер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсұтбек АЙТМАҒАНБЕТПЕН сұхбатымызда осы мәселеге қатысты сауалдарды көлденең тарттық.

«Асқар таудың орны бөлек»

– «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігі өзінің орнын қалып­тастырып үлгерді ме?

– «Әкелер одағы» 2012 жылы Астана қаласында құрылды. Содан соң қалалық қоғамдық ұйым жыл өткен сайын ауқымын кеңейте берді. 2019 жылдан бастап республикалық бірлестік ретінде қайта тіркелді. Бүгінде 13 өңірде филиалы бар іргелі ұйым, өзіндік бағытын айқындаған беделді бірлестік.

– Әке мен бала арасындағы байланыс қаншалықты ма­ңызды?

– Сұраққа жауап бермес бұрын сәл шегініс жасайын. Жалпы, «Әкелер одағы» бір­лес­тігінің өмірге келуінің түпкі себебі – әке мен бала арасындағы байланыс. Өзіңіз білесіз, көріп те жүрсіз бүгінде мектепте ата-аналар жиналысы болса, түрлі іс-шара ұйымдастырылса, баласы үшін кім барады? Ең алдымен, анасы жүреді. Әкесі болса, жұмыста, іссапарда деген себеп айтылады. Дұрыс әке – отбасының тірегі, асыраушысы, бала-шағасын қатарынан кем қылмай өсіруге міндетті тұлға. Ұйым күнделікті өмірдегі осындай келелі іс-шаралардан да шет қалмау керек екенін ұғындыру, әке мен бала арасындағы байланысты нығайту мақсатында құрылған. Елжанды азамат Қуаныш Жұматаев бастаған бастамашыл топ құрған ұйым қоғамда әкенің рөлін күшейтуге күш салып жүр.

– Бала тәрбиесі дегеннен шығады, «Әкелер одағының» мектеппен байланысы қалай?

– Мемлекеттік ұйымдармен тізе қосып жұмыс істеудің нәтижесінде көптеген шаруа атқа­­рылды. Мектептермен де байланыс жолға қойылған. «Әкелер кеңесі» құрылып, келешек жас ұрпақты тәрбиелеу ісіне өзіндік үлесін қосып келеді. Кеңестің атқаратын жұмысына қатысты қысқаша тоқталайын. Негізгі мақсаты – әкелерді мектеппен тығыз байланыста болуға үндеп, баласының қалай білім алатынын, мектептегі жағдайды көруіне септесу. Өмірлік дағдыларды қалай игеріп келе жатқанын әкесі өзі де көріп, түйсінуі керек. Әр баланың алғашқы әрі өмірлік ұстазы – ата-анасы. Біз бала тәрбиесі деген жауапкершілігі өте жоғары жұмысты балабақша тәрбиешісіне, одан кейін мектеп педагогтеріне ысырып қой­ғымыз келеді. Бала үйде нені үйренсе, түзде соны қайталайды. Дұрыс, мектепте оқумен қатар тәрбиені де бойына сіңіруге тиіс. Балаңды адалдыққа баулу үшін алдымен өзіңді тәрбиеле дейді. Кейінгі жылдары әке институтын қалыптастыруға серпін беретін танымдық кітаптар да көптеп шығып жатыр. Түбіт мұрты енді тебіндеп келе жатқан, бозбала шақтан жігіттік кезеңге өткенде әке атанған жас отбасына осындай кітаптардың да тигізер пайдасы зор. Қашанда  «артық білім кітапта» екенін ұмытпауымыз керек. Сұрағыңызға оралайын, мектептермен, колледждермен байланыс жылдан-жылға жақсарып келеді. Жоғарыда атап өткен 13 өңірдегі филиалдарымыз жергілікті білім ошақтарымен тығыз байланыс орнатып, түрлі іс-шаралар өткізеді. Мектепішілік спорттық сайыстар, зияткерлік ойындар, тәлім-тәрбиелік мәні зор кештер ұйымдастырып, рухани-мәдени шараларға да мұрындық болады.

– «Әкелер кеңесінің» мис­сия­сы қандай?

– Біз қоғамда қатыгез ұрпақ бой көрсетпесін десек, тәрбие ісінде ағаттық жібермеуіміз керек. «Әкелер кеңесінің» құрамында әскери қызметкер, қаржы секторында білікті маман, мәдениет саласының үздігі, жазушы, ақын, құрылысшы, спортшы, «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген  азаматтар да бар. Міне, осы әр саланың мамандары тоқайласқан кеңесте бала тәрбиесіне қатысты маңызды мәселелер талқыланып, шешімін тауып жатады. Бүгінде жастар арасында Отан алдындағы борышын өтеуге ықыласы төмендер де бар. Әскери сала қызметкері өзінің өмірлік тәжірибесі­мен бөлісіп, Отан қорғаудың азаматтық міндет екенін ұғын­дырады. Шетелде білім алған әке балаларға өркениетті ел­дердің әлеуеті туралы, технология мен инновация екпін алған заманда көштен қалмау­дың жайын айтады. Спортшы әкелер саламаттылықты серік ету сергектікке үйрететінін ұғын­дырады. Кеңесте он бала өсіріп отырған батыр әкелер бар, одан бөлек, кеше ғана тұла бойы тұңғышы жарық дүние есігін ашқан жас отбасының иесі де болады. Буын арасындағы байланыс, ұрпақ сабақтастығы да орнатылып жатыр.

«Жауырды жаба тоқып» қайтеміз, қоғамда әкесіз өсіп келе жатқан балалар да бар. Оған түрлі жағдай себеп болып отыр. Арғы жағына тереңдемей-ақ, бала тәрбиесінде әкенің алақа­нын сезіне алмаған, қамқор сөзін естімей өсіп келе жатқан балаларға осы «Әкелер кеңесінің» мүшелері қорған болып, ақыл-кеңестерін айтады. Әрине, «бір әкенің тәлім-тәрбиесін жүз мектеп бере алмайды» дейді. Десе де жоқтың орнын толтырмаса да титтей де болса, септігі тисе деген тілек.

Бір мысал айтайын, осы «Әке­лер кеңесін» құрарда жер ортасы жасынан асқан бір қария кісі: «Үй ішінен үй тігіп қайтесіңдер, мектепте онсыз да тәрбие сағаты өтеді. Біз де кеңес құрмай-ақ әке тәрбиесін алдық, атамыздың ақылын тыңдадық», деген еді. Ол кісінің айтып отырған уәжі өте дұрыс. Рас, көбіміз ауылда өстік. Ауыл – шағын ғана елді мекен. Барлығы бірін-бірі таниды. Данагөй қариясы болса, ауылдың барлық тұрғыны сол кісінің мысынан ығады, қаһарынан қаймығады. Әр шаңырақта бірнеше отбасы бірге тұрды кезінде. Балаға өзінің әкесі ғана емес, атасы да, кіші әкесі де тәрбие берді, ақылмен өсірді. Бүгінгі урбанизация кең етек жайған кезеңде қалада бұл үрдіс сақталып отыр ма? Әр үйде ақсақалы, ата-әжесі бірге тұрмайды. «Әкелер кеңесі» осы олқы соққан тұсымызды бүтіндесек деген мақсатта құрылған еді.

– Ертең елімізде Әкелер күні аталып өтіледі. Бұл жөнінде не айтасыз?

– Дүниежүзінде 20 маусым халықаралық Әкелер күні ретінде тойланады. 2023 жылы біз осы мәселені көлденең тартып, елімізде де Әкелер күні бекітіліп, мерекеленсе деген ұсынысымызды білдірген едік. Игі бастаманы Мәдениет және ақпарат министрлігі қолдады.  Әкелер күні қарсаңында да әртүр­лі іс-шара ұйымдастырылады. Атаулы күннің қарсаңында қоғамға үлгі етер әкелер тура­лы бағдарламалар, арнайы хабарлар теледидардан көрсетіліп, насихатталады. Мерзімді басылымдарда да отбасының тірегі, әулеттің ұйытқысы жайында кеңінен жа­зылады. Мұның барлығы да әке­нің беделін арттырып, қоғам­дағы орнын нығайтудың қаре­кеті. Әкеге арналған әндер аз дедік, көбейіп келеді. Түрлі оқиға­ны қамтитын әкенің асқақ бей­несі сомдалатын фильмдер де түсіріліп жатыр. Әдеби көркем шығар­малар да бар, жазылып та жа­тыр. Осындай атқарыл­ған жұ­мыстардың нәтижесін бағамдап, қоғамдық бірлестіктің  келешекте де арқалар жүгі жеңіл болмайтынын түсінеміз. Ортаны түзейтін тәрбие екенін әр әке әрдайым қаперінде ұстаса екен дегім келеді.

 

Әңгімелескен –

Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»