
- АҚШ-тың Шарлотт қаласында таеквондодан Гран-при додасының жалауы желбіреді. Бұл бәсекеде Темірлан Тілеулес (58 кг), Бектөре Оралханов (58 кг), Газез Нұрбек (68 кг), Батырхан Төлеуғали (80 кг), Нодира Ахмедова (49 кг), Рита Бәкішева (49 кг), Нұрай Құсайынова (67 кг) сынды даян шеберлері ел намысын қорғайды.
- Екіжақты келісімшарттың мерзімі аяқталуына байланысты Алматының «Қайрат» футзал клубының бас бапкері Марлон Веласко өз қызметінен кетті. 38 жастағы испаниялық маман «Қайраттың» тізгінін 2023 жылы ұстады. Оның басшылығымен клуб ел суперкубогін екі рет олжалады. Португалияда өткен «Masters Cup» турнирінде топ жарып, УЕФА чемпиондар лигасының күміс жүлдегері атанды. Команданың басшылығы Марлон Веласкоға алғыс айтып, алдағы күндері де еңбегінің жемісті болуына тілектестік білдірді.
- Кезінде Олимпия ойындарында атой салып, бірі – алтын, екіншісі – екі рет қола алған қос боксшы – Данияр Елеусінов (12-0, 7 КО) пен Иван Дычко (14-0, 13 КО) кәсіпқой рингтегі кезекті кездесулерін 19 шілдеде АҚШ-тың Вашингтон қаласында өткізеді. Данияр соңғы рет былтыр қыркүйек айында Алматыда филиппиндік Джо Нойнайды ұрып жықты. Ал Иванның шаршы алаңға шықпағанына бір жылға таяп қалды. Соңғы рет ол Плант-Ситиде ринг қожайыны Крейг Льюисті нокаутқа жіберді. Олардың қарсыластары кімдер екені таяу күндері белгілі болады.
- Маусым айының соңында Ұлыбританияда шымылдығы түрілетін «Уимблдон» турнирінің жүлде қоры биыл 54 миллион фунт стерлингті құрап отыр. Былтырғымен салыстырғанда бұл 7%-ға артқан. Жекелеген сайыста жеңімпаз атанған теннисшілер 3 миллионнан алса, финалда ұтылғандар сол соманың тең жартысын еншілейді. Тіптен, тұсаукесер кездесуінде сүрінген ойыншы да Тұманды Альбион сапарынан құр қол қайтпайды. Олардың есепшотына 66 000 аударылады.
- 23 тамызда Қытайдың Шанхайында UFC турнирі ұйымдастырылады. Сол жарыста Диар Нұрқожай (10–1) күш сынасады. Оның қарсыласы – қырғыз Уран Сатыбалдиев (9–1, UFС). Бұл аралас жекпе-жек шеберлерінің екеуі де әлемдегі ең белді промоушенде биылдан бастап өнер көрсетіп, тұсаукесер кездесулерінде жеңіліс тапты. Диар бразилиялық Брендсон Рибейродан, Уран словакиялық Мартин Бурайдан ұтылды.