
Біздің бүгінгі кейіпкеріміздің өмір жолы да өзгеше өрілген. Ол Екінші дүниежүзілік соғыстан бір жыл бұрын Қызылорда облысының Арал ауданында дүние есігін ашқан. Бұл жылдары Арал теңізінің толқыны жарды жарға ұрып, арнасына сыймай шалқып жататын еді. Су бетінде шағалалар шарқ ұрып жүретін. Сезімтал бала теңіздегі аласұрған толқынды көріп, ержетті. Соған қарап жігерін жаныды. Намысшыл болды. Бір жасқа толғанда Батыста соғыс өрті тұтанып, әкесі мен үлкен ағасы әскерге алынды. Анасы бірі – төрт жаста, екіншісі енді ғана бірге толған екі ұлымен қалды. Әкесі мен ағасы сол кеткеннен оралмады. Мәңгілік жат жердің топырағын жастанды. Бірақ анасы ауыр қайғыны көтере білді. Ұжымшардың қауырт жұмысынан қол үзбеді. Елмен бірге бар қиындықты көрді. Бірақ екі баласын ешкімге жәутеңдетпеді, атпал азамат етіп өсірді.
Сол азаматтың бірі – Қалдыбай Төлеуұлы. Белгілі ғалым. Ұзақ жылдар Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетінде аға оқытушы, доцент болып қызмет істеді. Қаншама шәкірт тәрбиеледі. Ұлағатты ұстаз атанды. Есімі елге танылды.
Алайда осындай дәрежеге Қалдекең бір күнде жеткен жоқ. Өмірдің түрлі иір-қиыр жолынан өтті. Туған ауылындағы орта мектепті бітіргеннен кейін ол Павлодардың индустриялық институтына оқуға түсті. Оны тәмамдағаннан соң, алғашқы еңбек жолын арнайы жолдамамен барған еліміздегі Нан өнімдері және салықтық кәсіпшілік министрлігінің жинақтау-энергетикалық және ретке салу басқармасында дизель-генераторлы қондырғыларды ретке келтіру инженері қызметінен бастады. Одан кейін Автомобиль жолдары министрлігінің жол техникаларын жөндеу зауытында инженер болып істеді. Сондай-ақ 1969–1975 жылдар аралығында республикалық Автомобильдер жолдары министрлігінің машина сынау стансасында әртүрлі құрылыс-жол машиналарының жаңа үлгілі іштен жану қозғалтқыштарын және жол машиналарын сынау бойынша түрлі инженерлік басшылық қызметті атқарды.
Бұдан кейін кейіпкеріміз ғылым жолына бет бұрды. Аспирантураға түсті. Оны ойдағыдай аяқтап, сол кездегі Ленинград политехникалық институтында «Жылу қозғалтқыштары» мамандығы бойынша «Құрылыс және жол машиналарының режімінде төрт тактілі дизельдің жұмысын зерттеу» атты тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғады. Бұл ғылыми жұмысына білікті мамандар лайықты баға берді.
Сөйтіп, Қалдыбай Төлеуұлын ғылым жолы тұнық өзен иіріміндей тартып әкетті. Қазіргі Санкт-Петербордан кандидаттығын қорғап келгеннен кейін Жоғары және арнаулы орта білім министрлігінің жолдамасымен Алматыдағы Энергетика институтының Жалпы жылу техникасы кафедрасына оқытушы болып орналасты. Мұнда біраз жыл қызмет істегеннен соң, Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ техникалық университетіне ауысып, осында қажырлы еңбек етті. Студенттерге қазақ және орыс тілдерінде дәріс оқып, мұнай мен газ саласының ұңғыл-шұңғылын түсіндірді. Әсіресе аталған жоғары оқу орнына қарасты Мұнай және газ институтында табан аудармай ұзақ жыл қызмет істеді. Ғалымның 200-ге жуық қазақ, орыс тілінде ғылыми еңбегі жарияланды. Оның ішінде бірталай әдістемелік құралы да бар.
Бүгінде Қалдыбай Төлеуұлының көптеген шәкірті еліміздің мұнай-газ саласында жемісті еңбек етеді. Олардың дені лауазымды басшылық қызмет атқарады. Оның есімі «Қазақстанның жоғары мектебі» атты кітаптың үшінші томына енген. Сонымен бірге ғалым Қ.Сәтбаев университетінің ғылыми және қоғамдық жұмыстарына да белсене араласты. Жоғары оқу орнындағы ғылыми әдістемелік кеңес пен аттестациялық комиссияның мүшесі болды. Сондай-ақ Мұнай және газ институты ғылыми кеңесінің мүшелігіне кірді. Осы білім ордасындағы «Қазақ тілі» қоғамын басқарып, мемлекеттік тілдің дамуына бір кісідей үлесін қосты. Қ.Төлеуұлының Мұнай және газ институтының студенттеріне арнап жазған «Жылу техникасы» пәні бойынша типтік оқу бағдарламасы сол кездегі Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен қолдануға берілді. Кейіпкеріміздің ғылым мен педагогика саласына сіңірген еңбегі ескерусіз қалған емес. Көптеген марапаттың иесі. Соның ішінде «Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ ардагері» және «Айрықша еңбегі үшін» атты медалі бар. Сондай-ақ еліміздегі Мұнай және газ министрлігінің Алғыс хатымен марапатталған.
Қалдыбай Төлеуұлы – отбасында да адал жар, қамқор әке. Зайыбы екеуі үш бала тәрбиелеп, оларды ешкімнен кем қылмай өсірді. Қазір ғалымның немерелері де – ат жалын тартқан азаматтар. Бәрі де жоғары білім алып, өз мамандықтарымен еңбек етіп жүр.
Біз сөздің басында тағдыр туралы бекер жазған жоқпыз. Бір кездері Аралдың жағасындағы алақандай ауылда туған бала ержетіп, жоғары білім алып, ғылым жолына түсіп, елге танымал азамат атанады дегенді ешкім ойламаған болар.
Қайсар ҚҰСАЙЫН,
журналист