Экономика • Кеше

557 кәсіпорын Экспорттық акселерация бағдарламасы арқылы сыртқы нарықтарға шықты

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Экспорттық акселерация бағдарламасы 2020 жылдан 2024 жылға дейінгі алғашқы бес жылда іске асырылып, шикізаттық емес сектордағы 557 қазақстандық кәсіпорынға сыртқы нарықтарға шығуға қолдау көрсетті. 2025 жылы бағдарлама ауқымын кеңейтіп, скорингтік модель арқылы іріктеуден өткен өңдеу өнеркәсібі мен қызмет көрсетуші сектордағы тағы 120 кәсіпорынды қамтыды, деп жазады Egemen.kz.

557 кәсіпорын Экспорттық акселерация бағдарламасы арқылы сыртқы нарықтарға шықты

«Қазақстан экспортының көлемі 3,1%-ға артып, 80 млрд АҚШ долларынан асты. Оның ішінде өңделген өнім экспорты 28,8 млрд долларға жетті. Осы кезеңде қызметтер экспортының көлемі де 10,8%-ға өсіп, 11,8 млрд долларды құрады. Бұл жай ғана сандар емес. Бұл – өніміміз бен идеямызды халықаралық деңгейде ілгерілетіп жатқан мыңдаған кәсіпкердің еңбегінің нәтижесі. Бұл – қазақстандық өнімдер мен қызметтердің халықаралық нарықта сұранысқа ие екенінің дәлелі», – деді ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Асет Нусупов Экспорттаушылар форумында.

Мемлекет басшысының тапсырмасымен қолға алынған және ҚР Сауда және интеграция министрлігі мен «QazTrade» АҚ бірлесіп іске асырып отырған Экспорттық акселерация бағдарламасы экспортқа бағытталған бизнесті қолдаудың және отандық өнімдерді шетелдік нарықтарға ілгерілетудің негізгі құралына айналды. 2024 жылдың өзінде бағдарламаның 47 қатысушы компаниясы экспортқа шықты немесе сыртқы сауда келісімшарттарын жасасты, тағы 18-і келісімдер сатысында, ал 46 компания әлеуетті шетелдік серіктестермен келіссөздер жүргізіп жатыр.

Бағдарлама тегін негізде жүзеге асырылады және экспорттық әлеуетті бағалаудан бастап нақты нарықтарға шығу, келіссөз жүргізу және экспорттық келісімшарттар жасасуға дейін кешенді қолдау ұсынады. 2025 жылы 18 ақпан мен 31 наурыз аралығында өтінімдерді қабылдау кезеңінде еліміздің барлық өңірлерін қамтыған 33 түсіндіру шарасы – Road show форматында өткізілді. 800-ден астам компания ақпараттандырылып, 1200-ден астам өндірушіге шақыру жолданды. Нәтижесінде 264 өтінім келіп түсті, оның ішінде 52-сі – қызмет жеткізушілерден. Верификация аяқталған соң, кәсіпорындар басым нарықтарға бөлінді: Ресей, Қытай, БАӘ, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Италия және Пәкістан.

2025 жылдың маусым айынан бастап оқу бағдарламасы басталды, сонымен қатар шетелдік сатып алушыларды іздеу және қатысушыларға кеңес беру жұмыстары қатар жүргізілуде. Әрбір ел бойынша сыртқы нарыққа шығу үдерісіне сүйемелдеу жүргізетін халықаралық сарапшылар бекітілді. Іріктеу нәтижесінде 120 негізгі қатысушы және 20 резервтегі компаниядан тұратын пул жасақталып, олармен жеке келісімшарттар жасалатын болады.

Салалық қауымдастықтармен ынтымақтастық аясында жүйелі кедергілерді жоюға ерекше назар аударылуда. 2020–2025 жылдар аралығында бағдарлама тұрақты нәтижелілік көрсетіп отыр: қатысушылар қатарында тамақ, жеңіл, химия, машина жасау өнеркәсібі және қызмет көрсету секторының кәсіпорындары бар. 2020 жылы бағдарлама тек Қытай бағытына бағытталса, 2025 жылы мақсатты нарықтар географиясы он бір елге дейін кеңейді. Олардың қатарында Таяу Шығыс, ТМД, Еуропа және Азияның негізгі нарықтары бар.

Экспорттық акселерация бағдарламасы қазақстандық шикізаттық емес экспортты ілгерілетудің нақты тетігі бола отырып, кәсіпкерлерге оқып-үйрену, дайындалу ғана емес, халықаралық серіктестермен нақты келісімшарттар жасау мүмкіндігін де ұсынып отыр.

Соңғы жаңалықтар