
Фотолар: Үкімет, телеграм
2025 жылдың бірінші тоқсанында ауқымды зерттеулер: аэротүсірілімдерді дешифрлеу, маршруттық түсірілім, бұрғылау, су және радиация сынамаларын талдау, геохимиялық және камералдық зерттеулер жүргізілген.
Нәтижесінде пайдалы қазбаларының әлеуеті жоғары 38 учаске анықталған. Болжамды ресурстар қатарында:
2,6 млн тонна сирек жер металдары,
1,1 млрд тонна қоңыр көмір,
3,7 млн тонна мыс және никель,
19 тонна алтын бар.
2024-2026 жылдарындағы геологиялық барлау жұмыстарына 22,83 млрд теңге бөлініп, оның ішінде 2025 жылы 7,636 млрд теңге игеріледі. 1:200 000 масштабтағы: 14 терең геокарталау, 9 минерагендік және 19 гидрогеологиялық жете зерттеу объектілері бойынша өңірлік жобалар жалғасып жатыр.
Жеке инвестициялар маңызды рөл атқарады. 2018 жылдан 2024 жылға дейін геологиялық барлауға 424 млрд теңге салынған. Ал 2025 жылы 106 млрд теңгеге дейін өседі деп күтіліп отыр. Жұмыс көлемі бойынша міндеттемелерсіз, бірақ міндетті есептілікпен жер қойнауын зерттеуге арналған жеңілдетілген лицензия нарықты инвесторлар үшін қолжетімді етеді.