
Бұл туралы Қазақстан Республикасы Премьер-министрдің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Делиде өткен «Орталық Азия – Үндістан» іскерлік кеңесінің отырысында мәлімдеді.
Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу үнді инвестициясының 41%-ға өсіп, 525 млн доллардан асқанын атап өтті. Ол Үндістанды негізгі көлік дәліздеріне қатысуға шақырды. Яғни М.Нұртілеу «Солтүстік – Оңтүстік» және Орта дәліз бағыттары сияқты халықаралық көлік дәліздерін дамыту маңызын атап өтіп, үнді тарапын мультимодальды бағыттар, талшықты-оптикалық желілер және өңірлік энергетикалық желілерді қамтитын бірлескен инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға шақырды. Сондай-ақ Қазақстан стратегиялық ресурстар жеткізуге және туризмді ынталандыруға дайын екенін білдіріп, инвестиция үшін қолайлы климат пен визасыз кіру мүмкіндігін ұсынып отыр.
Еуразия тоғысындағы стратегиялық мемлекет
Орталық Азиядағы ең ірі ел – Қазақстан өзінің Еуропа мен Азияның қиылысында орналасқан географиялық орны мен мол табиғи ресурсының, соның ішінде минералдық және энергетикалық байлығының арқасында стратегиялық және геосаяси тұрғыдан маңызды ел ретінде танылады.
Жас халқының әлеуеті, экономикасын әртараптандыру мен жаңғырту арқылы Қазақстан өңірлік транзиттік, инвестициялық және халықаралық ынтымақтастық орталығы ретіндегі рөлін нығайтуға ұмтылып отыр. Бұл ел орнықты әрі көпвекторлы даму моделін ілгерілетіп келеді.
Қазіргі геосаяси жағдай аясында Қазақстан халықаралық әріптестері – Ресей, Қытай және Еуропалық одақпен, сондай-ақ өңірлік ойыншылар – Түркия, Иран және Парсы шығанағы елдерімен теңгерімді қарым-қатынас орнатуға тырысады.
Словакияға 150 мың білікті маман қажет
Словакия Премьер-министрі Роберт Фицо Ташкентке жасаған сапары барысында Өзбекстаннан жұмыс күшін тартуға қызығушылық танытты. Оның айтуынша, Өзбекстан шетелде жұмыс істеуге дайын 200 мың азаматты ұсына алады, ал Словакияға 150 мың білікті маман қажет. TASR агенттігі Фицоның мәлімдемесін келтіре отырып, оның бұл жұмысшыларды, әсіресе автомобиль зауыттарында және медбике ретінде жұмысқа орналастыруға мүдделі екенін жазды.
Дегенмен бұл мәселе тек Р.Фицоны ғана емес, сонымен қатар өзбек үкіметін де алаңдатады. Үкімет өз азаматтарына заңды түрде жұмыс табуға болатын жаңа елдер іздеп жатыр. Бұл Өзбекстан экономикасы үшін де маңызды, өйткені еңбек мигранттары табыстарының көп бөлігін өз отбасыларына жіберіп тұрады.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өткен жылдың қаңтар-қазан айлары аралығында Өзбекстанға 115 мың мигрант қайтып оралған және алдағы уақытта тағы бірнеше мың адам келуі мүмкін. Қазіргі кезде олардың жалпы саны 250 мыңға жуықтаған.
Бір жағынан, көптеген адам Қазақстанға жұмыс істеуге кетсе, екінші жағынан олардың бір бөлігі Ресейден еліне қайта кетіп жатыр.
Дайындаған –
Жасұлан СЕЙІЛХАН,
«Egemen Qazaqstan»