
– Назарбаев университетіне сіз басшылық қызметке келгеннен бергі өзгерістерге тоқталсаңыз?
– Бұл қызметке былтыр маусым айының соңында кірістім. Бұған дейін алты жылға жуық Абу-Даби университетінің президенті болдым. Осы аралықта Абу-Даби университетін жоғары деңгейге көтердім. Ойлана келіп, аталған білім ордасын дамытуды басқа тұлғаға тапсыруды жөн көрдім. Биыл аталған оқу орны әлемдегі үздік 200 университет қатарына енді. Содан кейін Назарбаев университетіндегі мүмкіндік бар екенін байқап, құлшыныс таныттым. Мұнда жұмыс істеу – маған үлкен мәртебе екенін түсінемін.
Дегенмен алдымызда атқаратын жұмыс та жетерлік. Кез келген басшылық лауазым жаңа ортаға соны көзқарас пен тың шешім ала келетіні анық. Осы оқу орнындағы басты миссиямыз – Қазақстан болашағына әсер ете алатын білікті түлектер даярлау. Бұл мақсат біліммен ғана емес, ғылыммен жүзеге асады. Біздің зерттеулер нақты ғылыми бағыттарды дамытып қана қоймай, экономика мен қоғамға да өз пайдасын тигізеді. Бұл – патенттер, зияткерлік меншіктер, стартаптар, сондай-ақ өндіріс пен мемлекеттік секторлармен әріптестік.
Бүгінде университет кампусының есігі жалпы халыққа ашық. Оқу орнының ауласында қала тұрғындары балаларымен бірге емін-еркін серуендейді. Қыс мезгілінде сырғанақ пен мұз айдынын жасадық. Оның қызығын балалар көрді. Сондай-ақ түрлі мәдени іс-шаралар ұйымдастырдық. Концерттер мен би жарыстарын да өткіздік.
Қазір университетте құрылымдық өзгеріс жүріп жатыр. Мысалы, IT жүйесін жаңартып, цифрлық трансформацияны қолдайтын негіз қаланды. Автоматтандыру мен қызметтерді оңтайландыруға инвестиция салдық. Бұл үдерістің дені жасанды интеллект арқылы жүзеге асады. Ғылыми бағытта оқытушылар мен студенттерді қолдайтын құрылым жаңарды. Жас зерттеушілердің дені – біздің студенттер мен басқа жоғары оқу орнында оқитын білім алушылар. Оларға қысқа мерзімде ғылыммен айналысу – сыни ойлау, мәселені шешу, топпен жұмыс істеу сияқты дағдыларды ұғындырады.
Сондай-ақ жаһандық рейтингтегі дәрежемізді жоғарылатуға күш салып жатырмыз. Он бес жылға жуық тарихы бар оқу орны үшін «Times Higher Education» рейтингінде 500–600 аралығында болу – жақсы көрсеткіш. Бірақ біз алдағы 4–5 жылда үздік 300 университет қатарына кіруді көздеп отырмыз. Осы мақсатта жоғары ғылыми зерттеулерге, әлемдік деңгейде білім беруге, серіктестік пен бедел қалыптастыру секілді стратегиялық бағыттарға назар аударамыз. Ұлттық басымдықтарға сәйкес келетін деректер ғылымы, жасанды интеллект, автоматтандыру және цифрландыру секілді салаларға, шамамыздың келгенінше инвестиция салдық. Біздің Ақылды жүйелер мен жасанды интеллект институты (ISSAI) үкіметпен тығыз жұмыс істейді. Маңызды жетістігіміздің бірі – «KazLLM» атты қазақ тіліндегі алғашқы ауқымды тілдік модель. Бұл модель қазақ, орыс және түрік тілдерінде «ChatGPT»-ден де озық нәтиже көрсетіп отыр. Біз мұны мақтанышпен айтамыз.
– Бұл қызметке келгенге дейін Назарбаев университеті туралы білетін бе едіңіз?
– Иә. Алайда мені нөлден бастап әлемдік деңгейдегі университет құруға деген ұмтылыс қатты тәнті етті. Мен бұл университет туралы ақпараттарды оқыдым. Сондай-ақ Абу-Даби университетінде жұмыс істеген жылдары осы жоғары оқу орны декандары мен оқытушыларын қабылдағаным есімде. Шындығында, Назарбаев университеті Оксфорд немесе MIT сияқты болуға ұмтылған жоқ. Оның орнына, ол оқыту, зерттеу және инновация салаларында әлемдік стандарттарға сай болуды көздейді. Сонымен қатар жергілікті маңыздылығын сақтай алады. Біздің студенттеріміз ең дарынды, мақсатшыл және креативті жастар екенін мақтанышпен айта аламын. Мұндағы студенттік өмір қазандай бұрқ-сарқ қайнап жатады. Кәсіпкерліктен бастап, хирургиялық дағдыларға дейін қамтитын 120-дан астам клуб бен қоғам жұмыс істеп тұр.
– Бүгінде NU-дың қабылдау талабы қалай өзгерді, қандай жаңалық қолға алынды?
– Университеттер жаңаша өзгерістер арқылы ғана бәсекелестікке төтеп береді. Қытайлық бір философ: «Ағынмен тек өлі балық қана жүзе береді» деп айтқан екен. Біз үкімет тарапынан қаржыландырудың айтарлықтай артуын күтіп отырмаймыз. Сондықтан шығармашылық тұрғыдан әрекет етуге кірістік. Өнеркәсіппен серіктестік орнатып, демеушілер тарту және басқа да табыс көзін іздеуіміз қажет екенін түсіндік. «IELTS» талаптарын қайта қарап, ақылы негізде оқуға түсетін талапкерді де тарту үшін қабылдау үдерісін оңтайландырдық. Сонымен бірге мемлекеттік және университеттің өз гранттарына түсетін талапкерлер де бар. Бұған талапкерлер оқу орнына қабілетіне қарай қабылданады. Дегенмен талапкерлер тарапынан біздің университетке түсуге қызығушылық өте жоғары. Биыл біз олардан рекордтық 10 000 өтініш алдық.
– Жоғары оқу орнында қандай жаңа ғылыми жобалар қолға алынды, олардың қайсысы халықаралық талаптарға сай болды деп ойлайсыз?
– Зерттеу – біздің негізгі бағытымыз. Назарбаев университеті зерттеуге бағытталған жоғары оқу орны ретінде ғылыми ізденісті басты назарда ұстайды. Біз зерттеулерді ішкі жағынан Назарбаев қоры арқылы қаржыландырамыз. Сонымен бірге әртүрлі министрліктердің ұлттық гранттары мен халықаралық гранттарға қатысу арқылы қаржы тартамыз. Бұған мысал ретінде «ЕО Horizon» бағдарламасы, Дүниежүзілік банк және басқаларды айтуға болады. Жақында «Roche» компаниясымен серіктестік орнатып, Медицина мектебімізде зерттеулер жүргізіп жатырмыз. Сондай-ақ «TotalEnergies» компаниясымен энергияны сақтау және жаңа материалдар бойынша ғылыми зерттеулерге инвестиция тарттық. Біздің басты ғылыми бағыттарымыз – ақылды жүйелер, автоматтандыру, денсаулық пен әл-ауқат, бәсекеге қабілеттілік, тау-кен ісі, мұнай-химия саласы және материалтанудағы инновациялар.
– Еліміздегі ұлттық компаниялар Назарбаев университетінің ғылыми зерттеулеріне инвестиция салуға ниет білдірді ме?
– Өкінішке қарай, біз қалаған деңгейде емес. Мысалы, Ұлыбританияда өнеркәсіп пен университет арасындағы ынтымақтастық жақсы жолға қойылған. «Rolls-Royce» пен «BMW» сияқты компаниялар зерттеулер мен PhD бағдарламаларын қаржыландырады. Біз де осындай модельдерді Қазақстанда қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Осы мақсатта біз индустрия және даму жөніндегі проректор жаңа лауазымын енгіздік. Оған үкіметпен және бизнестің түрлі салаларымен ұлттық басымдықтарға сай әріптестік орнату мен соған сәйкес инвестиция тарту міндетін жүктеп отырмыз.
– Университет студенттік стартаптар мен инновацияға қаншалықты қолдау көрсетеді?
– Біз 500-ден астам стартапты қолдадық. Олардың көпшілігі студенттер мен оқытушылар тарапынан құрылған. Студенттерге кәсіпкерлік ойлау дағдысын ерте бастан қалыптастырамыз. Бакалавриат бағдарламаларында кәсіпкерлік бойынша міндетті курстар енгізілген. Сонымен қатар инфрақұрылымға да инвестиция салдық. Осы саладағы экожүйемізді кеңейту мақсатында бизнестің қатысуымен және серіктестер қолдауымен «Astana Business Campus» атты ірі кешенінің құрылысын бастадық.
Сондай-ақ оқу орнында технопарк жұмыс істейді. Онда көптеген стартап, оның ішінде NU түлектері ашқан жобалар орналасқан. «Fab Lab» зертханасында студенттер мен зерттеушілер өз құрылғылары мен прототиптерін әзірлей алады. «Astana Business Campus Incubation Program», «Quick Start Acceleration Program» және «Go Abroad» сияқты бастамалар арқылы студенттер тәлімгерлік, инвестицияға дайындық және халықаралық тәжірибе алады. Бұған қоса, біз Стэнфорд университетінің «StartX» бағдарламасына қатысып, терең технологияларға бағытталған стартаптарға арналған «Founders Schoo l» бағдарламасын іске қосып жатырмыз.
– Шетелдік профессор-оқытушылар құрамын тарту ел ғылымының дамуына қалай әсер етті?
– Назарбаев университеті алғаш құрылған жылы оқытушылар құрамы шамамен 90%-ы шетелдік мамандар болған. Бұл әлемдік деңгейдегі білім мен ғылыми зерттеу жүйесін қалыптастыруда шешуші рөл атқарды. Уақыт өте келе біз үздік шетелдік жоғары оқу орындарының PhD бағдарламасын аяқтаған қазақстандық түлектерді жұмысқа тарта отырып, отандық оқытушылардың үлесін ұдайы арттырып отырмыз. Қазір қазақстандық оқытушылар университеттегі академиялық құрамының 33%-ын құрайды. Біздің мақсатымыз – 2030 жылға дейін бұл көрсеткішті 40%-ға жеткізу.
– Өзіңіз басқарып отырған жоғары оқу орны өзге қазақстандық университеттерге үлгі бола ала ма?
– Университетіміз қазірдің өзінде тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл аймақ бойынша үлгіге айналды. Мысалы, Өзбекстандағы жаңа ұлттық жоғары оқу орны Назарбаев университетінің моделіне негізделіп құрылған. Біз Қазақстандағы жоғары білім сапасын арттыруға белсенді түрде атсалысып келеміз. Бұл бағытта инфрақұрылымымызды бөлісу, басқа жоғары оқу орындарының студенттерін зерттеу жобаларымызға тарту, сондай-ақ жоғары білім беру саласындағы көшбасшыларды даярлайтын «Deans School» бағдарламасы арқылы кәсіби дамуға қолдау көрсету сияқты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Біздің жоғары білім беру мектебіміз көптілді білім беру және жоғары білім беру көшбасшылығы салаларында бағдарламалар ұсынады. Көптеген түлегіміз еліміздегі басқа жоғары оқу орындарында басшылық қызмет атқарып отыр. Сонымен бірге Медицина мектебі арқылы жаңа бакалавриат бағдарламасын осы елдегі бес жоғары оқу орнына ұсындық.
– Алдағы стратегиялық басымдықтарға тоқтала кетсеңіз.
– Біз стратегиямызды үш негізгі бағытқа негіздедік. Олар: сапалы білім, нәтижелі зерттеу және қоғамға үлес қосу. Біз жұмысымыздың деңгейін түлектердің нәтижелерімен өлшейміз. Қазір түлектердің 98–99%-ы оқу бітіргеннен кейін бір жыл ішінде жұмысқа орналасады. Сондай-ақ кейбіреуі оқуын одан әрі жалғастырады. Бүгінде университет пәнаралық бағдарламаларды кеңейтуді қолға алды. Мысалы, инженерия саласындағы студенттер кәсіпкерлік пен көшбасшылық қабілеттерге де ие болуға тиіс. Ал гуманитарлық мамандықтарда оқитын студенттер деректермен жұмыс істеуді және жасанды интеллект негіздерін меңгеруі қажет. Назарбаев университеті – Азия университеттері альянсының негізін қалаушы мүшелерінің бірі. Қазір енді Ұлыбританияның «QAA» аккредитациясын алуға дайындалып жатырмыз.
– Оқу орнында студенттер қазақ тілінде білім ала ма?
– Біздің студенттеріміздің шамамен 97%-ы – қазақстандықтар, көбі қазақ тілінде сөйлейді. Ағылшын тілі негізгі оқу тілі болғанымен, бірінші курста студенттерге Жазу орталығы мен «Foundation» бағдарламасы арқылы айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Барлық студент қазақ тілі пәнін оқиды. Ал «Executive MBA» сияқты кәсіби бағдарламаларда студенттердің қажеттілігіне қарай көптілді нұсқалар ұсынылады.
– Жасанды интеллект, ақпараттық технологиялар және биотехнология саласына қандай жаңа бағдарлама қосылады?
– Академиялық бағдарламаларымызды үнемі сұранысқа сай жаңартып отырамыз. Соның ішінде кәсіпкерлікке арналған жаңа бакалавриат бағдарламасы, дипломатия және даму саласындағы магистратура, сондай-ақ өнеркәсіп мамандарына арналған қолданбалы жасанды интеллект бойынша магистрлік бағдарлама іске қосылды. Қазіргі таңдағы ең үлкен бағдарламамыз – компьютерлік ғылым. Сонымен қатар машиналық оқыту, киберқауіпсіздік, сондай-ақ физика + ЖИ немесе биология + кәсіпкерлік сияқты пәнаралық бағыттарда жаңа бағдарламалар қосылады.
Біздің жаңа 5+1 медицина бағдарламамыз (5 жыл + резидентура) басқа университеттермен де бірлесіп жүзеге асырылады. Сонымен бірге PhD студенттерінің санын екі есеге арттырып, DBA, қоғамдық саясат докторы және білім беру докторы сияқты кәсіби докторантура бағдарламаларын іске қосуды жоспарлап отырмыз. Менің ендігі мақсатым – студенттермен, оқытушылармен, қызметкерлермен және серіктестермен бірлесіп, осы негізді дамытып, Назарбаев университетін Қазақстанға қалтқысыз қызмет ететін, осы елдің өркендеуіне нақты үлес қосатын жетекші білім ордасына айналдыру.
Әңгімелескен –
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
«Egemen Qazaqstan»