Үкімет • Кеше

Рақымшылыққа кімдер ілігеді?

20 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен жалпы отырыс өтті. Жиында депутаттар Конституцияның 30 жылдығына орай кейбір сотталғандарға рақымшылық жасауды көздейтін заңды қабылдады. Одан бөлек қаржы нарығын дамыту, тұтынушылардың құқығын қорғау мәселелері қаралды.

Рақымшылыққа кімдер ілігеді?

Әдеттегідей отырыстың күн тәртібі бекітілген соң, Мәжілісте алдымен қыл­мыстық саясатты ізгілендіруге бағытталған «Конституцияның 30 жылдығына байла­нысты рақымшылық жасау туралы» заң жобасы талқыланды. Құжатты Парламент депутаттары Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтай отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірлеген.

Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қыл­мыстар үшін сотталғандарды босату ұсыныл­ған. Баяндамашы Абзал Құспанның айтуын­ша, оларға қылмыстық құқық бұзушы­лықтар мен онша ауыр емес қылмыстар, залал келтіруге алып келмеген не оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар, сондай-ақ залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдар тобы жатады.

– Құжатқа сәйкес қылмыстық теріс қылық пен онша ауыр емес қылмыстар жасағандар, зиян келтіруге әкеп соқпаған, ауырлығы орташа қылмыс жасаған, не оны толық өтеген адамдар, залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату қарастырылып отыр. Бұл – қателіктер жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі, – деді депутат.

Сонымен қатар заң жобасында бірқатар новелла бар. Атап айтқанда, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін өтелмеген жаза мерзімі қысқартылады. Ал сенiп тапсырыл­ған бөтен мүлiктi иемденіп алғаны немесе ысырап еткені немесе аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін сотталған адамдар үшін қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залал мен оларға қойылған талап-арыздар толық өтелген жағдайда негізгі жазаның өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшері бестен бір бөлікке қысқарту қолданылады.

Айта кетерлігі, қылмысқа қарсы күресті күшейту шеңберінде қылмыстық құқық бұзушылықтардың криминалданды­рыл­ған жаңа құрамдарына, мемлекеттік құ­пия­ларды заңсыз жария етуге байланыс­ты қылмыстар, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаған адамдарға рақымшылық қолданылмайды. Жалпы рақымшылық қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға жеке қабылдайды. Негізі амнистия жасау арқылы жылына шамамен 5 млрд теңге үнемделеді.

– Қазіргі уақытта бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі ҚАЖ-дың 63 мекемесінде және 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан аса адам ұсталады, олардың ішінде 33 мыңы – сотталған және 7 мыңы – тергеу қамауын­дағы адамдар. Бұған қоса бас бостан­дығынан айырумен байланысты емес жаза­ларға сотталған 27 мыңнан аса адам про­бация қызметінің есебінде тұр. Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, барлығы 15 мың адам қамтылады. ҚАЖ мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған 3,5 мың сотталған, барлығы 4,1 мың адам бостандыққа шығады, – деді А.Құспан.

Ал бас бостандығынан айыру орын­дарындағы 5,4 мың сотталған адамға және пробация қызметінің есебінде тұрған 5,5 мың адамға жазаның өтелмеген мерзімі саралап шегеріледі. Сондай-ақ әлеуметтік жағынан осал санаттағы 629 адам рақымшылыққа ілініп, оның 57-сі босатылады, 572 адамның мерзімі қысқартылады.

Тағы бір жаңашылдық – жұмыс тобының мүшелері – депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы 1 жыл қалған, оң мінездемесі бар 1 700-ден аса сотталған азамат босап шығады.

Жалпы рақымшылыққа 833 әйел  ілігеді. Бұған қоса қазіргі уақытта кәмелетке толмағандарды ұстау орындарында жазасын өтеп жатқан 75 баланың ішіндегі 4 жасөс­­пірімге рақымшылық қолданы­ла­ды. Заң жобасымен жергілікті атқарушы ор­ган­дарға бас бостандығынан айыру орындарынан босатылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу және қайта әлеу­меттендіру жөніндегі міндеттер жүктеледі.

Талқылау кезінде депутат Данабек Исабеков есірткі көміп, таратқаны үшін сотталған жастар неге рақымшылыққа ілінбей қалғанын сұрады. Заң жобасын қорғаған Абзал Құспан бұл мәселе жұмыс тобында қызу талқыланғанын, депутаттардың басым көпшілігі биыл Қылмыстық кодекс­ке өзгертулер мен толықтырулар беру арқылы есірткі көмгіштердің жазасы едәуір жеңілдетілгенін айтып, бұған қарсы пікірі білдіргенін жеткізді.

– Қазіргі таңда бұл азаматтардың көпші­лігі мерзімінен шартты түрде босап шығу немесе неғұрлым жеңіл жазаға ауыстыру арқылы босап шығу мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінге дейін есірткі көмгені үшін 415 адам қамаудан босап шықты. Тағы 2 мыңнан аса адамның заңдағы өзгерістерді пайдалануына мүмкіндігі бар. Оның үстіне есірткі көмгіштердің кесірінен зардап шеккен жәбірленушілердің жағдайын да ойлауымыз керек. Олардың отбасы, денсаулығы, құқықтары бұзылды. Елде есірткімен байланысты қылмыс саны азаймай отыр. Оның өрістеуіне осы есірткі көмгіштердің тікелей әсері бар екенін жоққа шығара алмаймыз. Сондықтан бұл санаттағы азаматтар рақымшылық акциясына іліккен жоқ, – деп жауап қайырды депутат.

Отырыста Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев те осы ұстанымды қолдайтынын айтты. Одан кейін Мәжіліс Сенаттың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту, қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау, байланыс және артық заңнамалық регламенттеуді болғызбау мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға енгізген түзетулерімен келісті. Сенат ұялы байланыс операторларына алаяқтыққа қарсы ішкі жүйелер құруды және рұқсат етілмеген трафикті бұғаттауды, сондай-ақ жалған қоңыраулар шалынған абоненттік нөмірлерді бұғаттауды және олар туралы ақпаратты Ұлттық банктің Алаяқтықпен күрес орталығына беруді талап етуді ұсынды.

Енді уәкілетті мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелері мен кредиттік бюро арасында әскери қызметшілерді міндетті әскери қызметке шақыру туралы ақпарат алмасу тәртібінің қағидалары күшейтіледі. Әскери қызметшілерге несие беруге ты­йым салу олардың міндетті әскери қыз­метке шақырылуы туралы ақпарат кре­дит­тік есепте көрсетілгеннен кейін күшіне енеді.

Осылайша, күн тәртібіндегі екі мәселе қаралған соң, Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттық сауалдарға кезек берді. Депутаттар азаматтарды ауылдық жерлерге көшіруге ынталандыру, қауіптілігі жоғары объектілерде (жанармай құю стансаларында) өндірістік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, созылмалы бүйрек ауруларына стратегиялық көзқарас және тек медициналық тұрғыдан емес, жүйелі алдын алу шараларын қарастыру, шекаралас аймақтарда орналасқан мектептердің мәселелері туралы бірқатар мәселе көтерді.

Өз кезегінде депутат Әділ Жұбанов Премьер-министрдің атына сауал жолдап, «Самұрық-Қазына» қорын инсти­туционалдық тұрғыдан толықтай қайта жүйелеу қажет екенін, сонда ғана бұл құры­лым бәсекеге қабілетті экономикалық даму платформасына айналатынын мәлімдеді.

Ал «Ауыл» партиясы фракциясының депутаттары гидрометеорология қызметіндегі проблемаларды тізбектелді.