Қоғам • Кеше

«Алтын сапа» – сенім кепілі

70 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Президенттік «Алтын сапа» сыйлығы 20 жылдан бері отандық бизнестегі үздіктерді анықтап келе жатыр. Сыйлық 4 аталым бойынша беріліп, өндірістік мақсаттағы ең жақсы кәсіпорын; халыққа тауар шығаратын үздік кәсіпорын; ең жақсы қызмет көрсетуші; азық-түлік өнімін немесе ауыл ша­руа­шы­лығы өнімдерін шығаратын үздік кәсіпорынды даралайды.

«Алтын сапа» – сенім кепілі

Фото: atameken.kz

Сауда және интеграция ми­нис­трлігіндегі Стра­тегиялық жос­­пар­лау және халықаралық ын­ты­мақ­­тастық басқармасының бас­шысы Гүлнар Яшкинаның ай­туынша, байқау – өтінімдерді қабыл­дау, сараптамалық баға­лау, оқиға орнында тексеру, комис­сияның қорытынды шешімі сынды 4 кезеңнен тұрады. Жүлдегер ұйым конкурс логотипін 4 жыл бойы жарнамалық мақсатта пайдалану құқығына және 450 АЕК көлемінде ақшалай сыйлыққа ие болады. Байқауға қатысудың экономикалық әсері зор. Өткен жылдардағы мәліметтерді тал­дау марапатқа ие болған компания­лардың жылдық кірісін орта есеп­пен 2,7 есе арттыратынын көрсе­теді. Ең көп өсім тұтыну тауарларын өндірушілер (+2 есе) мен өнеркәсіптік кәсіпорындар (+1,7 есе) арасында байқалған.

«Алтын сапамен» қатар «Қа­зақ­станның үздік тауары» рес­пуб­ликалық байқауы мен көрме­сі де өткізіліп жүр. Онда үздік өнімдер 3 аталым бойынша таң­далады – өнеркәсіп тауарлары, халыққа арналған тауарлар, азық-түлік өнімдері. Байқауға құжат қабыл­дау 27 ақпанда басталып, 1 шіл­­деде аяқталады. Құжатты бай­қаудың ресми сайты (www.altynsapa.kz) арқылы тапсыруға болады. Финалда қатысушылар сарап­тамалық тексеруден өтеді, одан кейін Президент әкімші­лігі жанындағы комиссия 14 жеңім­пазды анықтайды.

«Алтын сапа» – өнім мен көрсетілетін қызмет сапасын арттыруда, сапа менеджменті жүйе­сін тиімді енгізуде жоғары нәти­жеге қол жеткізген ұйымдарды анықтап, марапаттауға арналған. «Қазақстанның үздік тауары» – отандық тауар өндірушілерді қолдау, өнім сапасын жақсарту мен ішкі нарықты сапалы, бәсе­кеге қабілетті өнімдермен қам­ту мақсатында өткізіледі», дей­ді «Атамекен» ҰКП респуб­лика­лық конкурстар мен сыйлық­тар­ды ұйымдастыру жөніндегі бас­қарушы директоры Мерей Исаева.

Биылғы «Алтын сапа» сый­лы­ғы мен «Қазақстанның үздік тау­ары» көрме-байқауына қа­ты­су үшін өңірлік деңгейде оқыту семинарлары ұйымдастырылып, биз­нес өкілдеріне конкурстың өткі­зілу тәртібі, талаптары мен ар­тықшылығы жан-жақты түсін­діріліп жатыр. Алматы, Жетісу, Қызылорда, Жамбыл, Қарағанды, Атырау, Ақтөбе, БҚО, Қостанай, Түркістан облыстары мен Астана, Шымкент қаласында өткен семи­нарларға жалпы саны 300-ге жуық кәсіпкер қатысты.

«Қатысушылар кәсіпкерлік­пен неше жыл айналысу керек, мемлекет үлесі қанша болуға тиіс, шетелдік компаниялардың қатысу мүмкіндігі және жеңіске жеткен жағдайда қандай ынталандыру шаралары қарастырылғаны туралы сауалдарды жиі қойды», деді «Алтын сапа» байқауының лауреаты, «ADILI» брендінің негізін қалаушы Индира Әділ.

«Байқаулар кәсіпорындардың халықаралық деңгейге шығуына да жол ашады. Сарапшылар ком­панияның менеджмент жүйесі, экспорттық әлеуеті, жергілікті қам­ту үлесі мен мемлекеттік органдар тарапынан шағымдардың болмауына ерекше назар аударады», деді Мерей Исаева.

5 наурыз бен 22 мамыр аралы­­ғында «Алтын сапа» кон­кур­сы­на қаты­суға 104 субъекті, «Қазақ­стан­­ның үздік тауары» бай­қауына 279 шағын және орта биз­нес субъек­­тісі өтінім беріп үлгерген.