Еңбек • Кеше

Еңбек еткен берекеге кенеледі

80 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында 6,5 мың кәсіпкер бар. Бұл қағаз жүзіндегі көрсеткіш емес, іс баста­­ған­дардың 96%-ы тұрақты жұмыс істейді. Аудандық кәсіпкерлік және өнер­кәсіп бөлімінің басшысы Марлен Нұр­тазаевтың дерегінше, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 165 млн теңгеге 29 жоба басталған.

Еңбек еткен берекеге кенеледі

Одан бөлек, өңірдегі темір-бетон, асфальт өндірісі секілді ірі жобалар биыл іске қосылады. Бір гектар аумаққа жылыжай салатын инвестор дайын. Алдағы 2-3 жылда 10 жоба іске аспақ. «Бұрын кәсіпкерлікте қызмет көрсетумен айналысатындар көп болатын. Қазіргі жобалар арасында өндірістік бағыт басым. Іспен айналысам дегендер арасында жастар көп», дейді бөлім басшысы.

Мемлекет қолдауымен ша­руасы алға басқан тұрғынның бірі – Наурыз Айымбетов. Бас­тап­қыда 2 сотық жерге жылыжай салған ол бүгінде ауқымын ұл­ғайтып, табысын еселей түскен.

«Отбасылық бизнесті әкем бастады. Бастапқыда жылыжайы шағын еді. Табысты боларына көз жеткізгесін көлемді көбейтуді ойладық. Осылайша, «Ауыл аманаты» жобасы аясында несие алып, 8 сотық жерге қызанақ, қияр егіп отырмыз. Жылына қызанақтан – 10, қияр­дан 5-6 тонна аламыз. Таза пайдамыз 5-6 млн теңгенің айналасында», дейді кәсіпкер.

ро

Өткен қыста тәжірибе ретінде салат жапырағын егіп көрген. Бабын тапсаң, біте қалатын көкөніс екен. Қыстың суығына да төзімді болып шықты. Шыққан өнім аудандағы азық-түлік дүкендері мен мейрамханалардан артылмады. Былтыр аудан әкімімен кездесуде тағы 1 гектар жер сұраған. Сол шаруа сөзбұйдаға салынбай жылдам шешіліпті. Енді Наурыз Алматыдағы інісін шақырып, келер жылы сол жерден жылыжай салмақ.

«2000 жылдары Өзбекстан­нан көшіп келгенде осы жер қу тақыр еді. Балаларымды жаныма ертіп жүріп алма, өрік, жүзім ектік. Бейнеттің арқасында қазір аула қалың бауға айналды. Осындағы таныстардан алған анар көшетін былтыр тігіп, қыс бойы жан-жағын қымтап, баптап шықтым. Қазір алғаш­қы жемісін сала бастады. Қуа­натыным, балаларымның бей­­нетке шыдағанның берекеге кенелетініне көзі жетті. Осының арқасында мемлекеттің қолдауына сүйеніп, кәсібін кеңейтіп отыр», дейді Наурыз­дың әкесі Жұмабай Айымбетов.

Жергілікті кәсіпкерлер ара­сында макарон өнімдерін шығарып жатқандар да бар. Ісін наубайхана ашудан бастаған Еркінбай Шідербаев азық-түлік дүкенін қатар алып жүрді. Жаңа іс бастау үшін жоба құрып, жос­парын жетілдірген соң былтыр мемлекеттік бағдарламаға қаты­сып, «Қызылорда» Өңірлік инвес­тициялық орталығы арқы­лы 19,5 млн теңгені 4%-бен алды. Несиеге қажетті құрал-жабды­ғын түгендеді. Істі бастамас бұ­рын Алматы қаласынан арнайы технолог маман шақыртып, өнім құрамын, жасалу жолын үйреніп, тәжірибе жинақтады.

«Италиялық автомат­тан­дырылған технология арқылы жыл басынан бері 5 тоннаға жуық өнім шығарыппыз. Соның бәрі осы ауданға сатылды. Сырт­тан келетін тауарлардан ерек­шелігіміз – ешқандай бояу қос­пай­мыз. Сапасына кепілдік бере­міз. Ел сауда сөресінен алдымен біздің өнімді іздейді», дейді.

 

Қызылорда облысы,

Жаңақорған ауданы