Экономика • Кеше

Көгілдір отынның игілігі

50 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жалпы ұзындығы 300 шақырымнан асатын «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбырын тарту жұмыстары аяқталды. «QazaqGaz» ұлттық компаниясы жобаны мерзімінен 1,5 жыл бұрын ерте аяқтап, 80-нен астам елді мекенді көгілдір отынмен қамтымақ.

Көгілдір отынның игілігі

Ұлттық қор есебінен «Талды­қор­ған – Үшарал» магистралды газ желісінің құрылысына 131,7 млрд теңге бөлінген. Сол арқылы 124 мың тұрғыны бар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандары табиғи газға қол жеткізеді. Қазір газ құбырының желілік бөлігін салу жұмыстары аяқтал­ған. Автоматты газ тарату стан­­­са­лары тұрғы­зылып жатыр. Жал­пы, 6 газ құбыры-бұр­­ма­сын және «Жансүгіров», «Қа­пал», «Сарқан», «Қойлық», «Қабан­бай», «Үшарал» – 6 автоматты газ тарату стансасын салу көзделген.

«Бұл – Мемлекет басшысы­ның тапсырмасымен, Ұлттық қор­дың қаржылай қолдауымен қолға алынған ауқымды жоба. Өткен жылы Үкімет басшысы Жетісу облысына келгенде құрылыс жұмыстары бас­тал­ған болатын. Жобаның әлеу­мет­тік маңызын ескере отырып, жұмысты қарқынды жүргіз­дік. Нәтижесінде, жобаны бел­гіленген мерзімінен ертерек аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Бұл «QazaqGaz», облыс әкімдігі және мердігер компания – үш тараптың бірлескен үлгілі командалық жұмысының нә­тижесі», дейді өңірге сапармен келген «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жаркешов.

Стансалардың дайындығы осы жылдың тамыз айына жос­парланған. Құрылысқа 148 бірлік арнайы техника мен 356 жұмыс­шы персонал жұмыл­дырылды. Құрылыс жұмыстары ерекше бақылауда және кестеден озып келеді.

Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов елді мекендердің ішкі желіле­рін жүргізудің дайындық жұмыс­тары туралы айтты.

«6 елді мекенді биыл, қалған 60-ын ке­лесі жылы газға қосамыз. Соның ішін­де Ақсу қант зауыты да бар. Осы шара­­лар­дың барлығы халықтың тұрмыс сапасын жақсартуда, кәсіпкерлік пен өндіріс орындарының жұмы­сы үшін тиімді. Бұл өңір экономикасын дамытуға үлкен серпін береді», дейді облыс әкімінің орынбасары Әсет Қанағатов.

Жетісу облысында 192 елді мекен газдан­дыруға жатады. Облыс бөлінгенде небәрі 5 ел­ді мекенде ғана газ болса, бүгін­де игілікке қол іліктірген елді мекен саны 84-ке жетіп, газдандыру деңгейі 58,2% болды. Жыл соңына дейін көгілдір отын тартылған елді мекен санын 126-ға, газдандыру көрсеткішін 71,4%-ға жеткізу жоспарланып отыр. «Талдықорған – Үшарал» магистралды газ құбыры құры­лы­сы­ның арқа­сында 66 елді мекен газға қосы­лып, 2028 жылға дейін облыстың газдан­дыруға жататын 192 елді мекені толық көгілдір отынға қол жеткізбек.

 

Жетісу облысы