
Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ ,«EQ»
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдан бері қарай адам құқықтары саласында екінші Жарлыққа қол қойып, бұл саладағы реформаларды кеңейте түсуге ұйытқы болды. Осылайша, 2022 жылғы конституциялық реформа аясында Ата заңымызға Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құзыреті туралы жаңа бап енгізілді. Сонымен қатар уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыруды айқындайтын, адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін қамтамасыз ететін бірегей құзыретін белгілейтін арнайы Конституциялық Заң қабылданды.
Дәл осы жылы еліміздің 17 өңірінде, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың өкілдері алғаш рет тағайындалып, өз жұмысын бастады. Оның жергілікті өкілдіктері мен орталық кеңсе еліміздегі адам құқықтарының сақталуы мен қорғалуы бойынша заңмен белгіленген құзыреті шегінде ауқымды жұмыстар атқарды.
Азаматтардың өтініштерін қарау арқылы бұзылған құқықтарды қалпына келтіру, түрлі азаматтарды уақытша не тұрақты ұстау мекемелеріне, оның ішінде ІІМ қылмыстық атқару жүйесіне қарасты мекемелерге, мүгедектігі бар тұлғаларға, балаларға, қарттар мен әлеуметтік көмекке мұқтаж басқа да адамдарға арналған жергілікті әкімдіктерге қарасты жабық мекемелерге кедергісіз кез келген уақытта кіру арқылы ондағы адам құқықтарының сақталуын бақылау, адамның іргелі құқықтары туралы құқықтық-ағартушылық түсіндірме жұмыстарын жүргізу, азаматтық қоғам өкілдері мен мемлекеттік органдар арасында адам құқықтары турасында диалог қалыптастыру сияқты жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.
Осылайша, салыстырмалы түрде 2022 жылы республика бойынша уәкіл кеңсесіне бас-аяғы 4 мыңдай шағым мен арыз түскен болса, өткен мұндай арыздардың саны екі еседей артып, 6 748-ді құрады. Мысал үшін, осы шағымдармен жұмыс аясында Ақтөбе қаласының бүтіндей бір көшесіне су кіргізілді, үш азаматқа мүгедектік тағайындалып, бес азамат пен бір ұжымның еңбек құқықтары қалпына келтірілді, сегіз азаматтың денсаулығына келген нұқсанның орны толтырылды.
Жабық режімдегі мекемелерге кедергісіз кіру және мониторингілеу бойынша былтыр уәкілдің Ақтөбе облысындағы өкілі адам құқықтарының бұзылуын жою туралы 170 ұсыным шығарған болса, оның 157-сі толығымен орындалып, адам құқықтарын бұзған 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды, сондай-ақ 1 қылмыстық іс қозғалды.
Бұл сандардың артында мемлекеттік органдар мен лауазымды тұлғалардың әрекеті мен әрекетсіздігі арқылы іргелі құқықтары бұзылған және уәкіл институтының араласуымен құқықтары қалпына келтірілген адамдардың нақты мәселелері жатыр. Мысал үшін, өткен жылы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өкілінің араласуымен Ақтөбе облысының білім басқармасына қарасты өмірлік қиын жағдайға душар болған балаларға арналған «Аяла» қолдау орталығында балалардың таза ауада серуендеу, денсаулығын сақтау мен басқа да құқықтарын бұзғаны үшін мекеменің алты лауазымды тұлғасы жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар сотталғандардың ұсталу жағдайларының талаптарға сай келмеуіне байланысты қылмыстық атқару жүйесінің №8 мекемесіндегі қатаң ұстау жағдайындағы жасақ уәкілдің ықпалымен жөндеуден өткізілген үй-жайға көшірілді.
Құқықтық ағарту шаралары аясында мектеп оқушыларынан бастап, мемлекеттік қызметшілерге, тіпті зейнеткерлерге дейін адамның іргелі құқықтары туралы бұрын-соңды болмаған ауқымда дәрістер мен іс-шаралар, кездесулер мен талқы алаңдары ұйымдастырылды. Осылайша, 2024 жылы мұндай түсіндірме жұмыстарымен республика көлемінде 1 260 ағарту шарасы аясында 667 741 адам қамтылды.
Бұл ретте адамның іргелі құқықтары туралы түсіндірме беріп өту қажет. Адамның іргелі құқықтары әркімге туғаннан бастап тиесілі және адам өмірден өткенге дейін сақталады. Мұндай табиғи және ажырамас құқықтарға адам дүниеге келгеннен-ақ ие деп есептеледі. Іргелі табиғи құқықтарға өмір сүруге, денсаулыққа, жеке басына қол сұғылмаушылыққа, ар-ождан мен дін бостандығына деген құқықтар және басқа да негізгі бостандықтар жатады. Бұл құқықтар әмбебап, яғни олар барлық адамға және барлық жерде бірдей қолданылады: қарт пен нәрестеге, әйел мен ер адамға, діндар мен атеиске, азаматтар мен шетелдіктерге, елімізде және әлемнің кез келген басқа бөлігінде қолданылуға жатады. Сондықтан іргелі адам құқықтары онша көп емес, ұзын саны 40-қа жуық іргелі табиғи құқық түрі бар.
Бұл құқықтар барлық ел үшін бірдей және олар негізгі халықаралық құжаттар – «Адам құқықтарының жалпыға ортақ декларациясында» және «Азаматтық және саяси құқықтар туралы» халықаралық пакетте, сондай-ақ «Экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы» халықаралық пакетте бекітілген. Осы үш құжат адам құқықтары туралы халықаралық Биллді құрайды.
Табиғи, яғни іргелі адам құқықтарынан басқа, адамның өмір сүруі барысында жүре-бара пайда болатын құқықтар да бар. Олардың саны жүздеп саналады. Бірақ бұлардың адамның іргелі табиғи құқықтарынан айырмашылығы – олар белгілі бір жағдайларда ғана пайда болады. Мысалы, адамға көлік жүргізу құқығы туғаннан бастап берілмейді, бірақ арнайы оқуды меңгеріп, жүргізуші куәлігін алғаннан кейін пайда болады.
Осы жерде айқындап өтетін бір жай – адамның іргелі, табиғи құқықтарының бұзылғанын қалай түсінуге болады? Мына мысалды қарастырайық. Адам мерзімі өткен тауарды сатып алып, алданып қалды делік. Бұл жағдайда тұтынушы құқықтары, яғни жүре пайда болған құқықты бұзу орын алды, дегенмен адамның іргелі, табиғи құқықтары бұзылған жоқ деп есептеледі. Бірақ, егер адам мерзімі өткен тауармен уланып, денсаулығына зиян келсе, онда бұл жерде адамның денсаулығын сақтауға деген іргелі, табиғи құқығының бұзылуы туралы айтуға болады. Яғни дәл осы табиғи құқықтардың бұзылуы бойынша азаматтардың шағымы негізінде уәкілдің құзырына сай мақсатты жұмыстар жүргізіледі деген сөз.
Уәкілдің жанында «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын айшықтай түсетін белсенді азаматтық қоғам өкілдерінен ғана құралған 2 кеңесші органның – Сарапшылар кеңесі мен Үйлестіру кеңесінің бар екенін бөлек атаған жөн. Сарапшылар кеңесіне белгілі заңгерлер, түрлі салада зерделеу жасап жүрген сарапшы мамандар мүше, олар уәкілдің жұмысына әдіснамалық қолдау жасайды. Ал Үйлестіру кеңесі – әр екі жыл сайын құрамы конкурстық негізде жаңартылып отыратын, жоғарыда аталған жабық мекемелерге кедергісіз кіріп, азаптау мен адамгершілікке жатпайтын қатыгез қарым-қатынастың алдын алу бойынша жұмыс істейтін қоғам белсенділерінен құралған арнайы «Ұлттық алдын алу тетігінің» жұмысын үйлестіріп отыратын орган.
Уәкілмен тығыз жұмыс жүргізетін сарапшылардың өзара іс-қимылына мысал ретінде келесі жайды атап көрсетуге болады: Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтайдың Бурабайда өткен IV отырысында сотталған әйелдердің құқықтық жағдайын жақсартатын заңнамалық нормаларды жасақтауды Парламент депутаттары мен құқық қорғау органдарына тапсырғаны көпшілігімізге белгілі. Президент бұл бастаманы құқыққорғаушы сарапшы Айман Омаровадан хат алғаннан кейін ойға түйгенін Ұлттық құрылтайда атап көрсеткен еді. Ал Айман Омарованың Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесінің бастамасымен былтыр сотталған әйелдердің хал-ахуалын және құқықтық мәртебесін терең зерттегенін және оның уәкілдің жанындағы үйлестіру кеңесінің белді мүшесі екенін еске саламыз.
Айта кетсек, зерттеу нәтижесінде қылмыс жасаған әйелдердің құқықтық жағдайы, қылмыстық атқару жүйесіндегі әйелдерге арналған 6 мекемедегі, оның ішінде Алматы облысының Жауғашты елді мекенінде орналасқан 3-4 жасқа толмаған балалары бар әйелдерге арналған №10 мекемедегі әйелдердің көңіл көншітпейтін жай-күйі анықталды. Бұл – адам құқықтарының мемлекеттік кепілдігінің уәкіл институтының қызметі арқылы сақталуын ғана көрсетіп қоймайды, сонымен қатар азаматтық қоғамның үнін естуге қабілетті мемлекет құру жолындағы жасалып жатқан жұмыстарын айғақтайды.
Уәкіл институтының бастамасымен жасалған зерделеу-зерттеу жұмыстары өткен жылы сотталған әйелдердің құқықтарына қатысты ғана емес, жай-күйді жақсарту үшін ұсынылатын шаралар ауқымын айқындау үшін кемсітушілікке жол бермеу, қылмыстық атқару жүйесіндегі медициналық қамтамасыз етілу жай-күйі сияқты өзекті мәселелерге де жүргізілді.
Осылайша, жайлы қоғам, толыққанды құқықтық мемлекет қалыптастыру бағытында адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың, оларды сақтау мен құрметтеудің мемлекеттік кепілдігін білдіретін Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен оның жер-жердегі өкілдері заңмен белгіленген құзыреті шегінде шынайы құқық қорғаушылық қызметті азаматтық қоғаммен бірлесе отырып жүзеге асырып жатыр.
Аққалқа БАЙДУЛЛИНА,
Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Ақтөбе облысы бойынша өкілі