Тарих • Кеше

Алғашқы мұғалималар

140 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Иә, шәкіртке сабақ беретін әйел затын бұрын «мұғалима» дейтін. Бұл Әлім – Әлима, Сәлім – Сәлима түріндегі араб тілі­нің заңдылығы (ер/әйел) екені түсінікті. 1841 жылы Бөкей орда­сында ашылған зайырлы бағыт­тағы тұңғыш мектептің мұғалім әйелдерін дәл қалай ата­ғанын ғалымдар зерттей жатар. Бірақ осы күні «үшітелді» (учитель) сол кездегі атымен емес, мұсылманша мектептің мұға­ліміндей атағандықтан, терминология шартты екенін бірден ескерте кетейік.

Алғашқы мұғалималар

Сонымен белгілі мемле­кет және қоғам қайраткері, академик Төлеген Тәжібаев­тың «ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Қазақстандағы педагогикалық ақыл-ой» («Педа­гогическая мысль в Казах­стане во второй половине ХІХ века». Алматы: «Қазақстан», 1965.- 164 б.) атты кітабынан мына суретті ұшы­растырдық. Фотогра­фы – А.Вос­кресенский. Сурет 1904 жылы 3 қазанда түсіріліпті.

Тарихи суретте кімдер бейнеленген?

Солдан оңға қарай:

1) Майғыз Қартмәмбетова, Хан орда­сын­дағы қыздар мек­тебі меңгерушісінің көмекшісі.

2) Ханифа Ділмұхаметқызы Оразбаева (күйеу бойынша Жақсылықова) – Шолақ­көпе ауылындағы қыздар мектебінің мұға­лимасы. Күйеуі (артында тұр) Ғаб­бас Жақсылықов – Хан ордасындағы педагогикалық курстың курсанты.

3) Жамал Ахметжанова (күйеуі бо­йынша Жұма­ниязова), мұғалима. Кү­йеуі (артында тұр) сұлтан  Ғабдул­мәжит ­Жұма­­ниязов – Талов старшина мектебі­нің мұғалімі.

4) Рәзия Дүйсенәліқызы Ахметова (күйеуі бойынша Меңдешева) Хан орда­сындағы қыздар мектебі меңгерушісі­нің көмекшісі. Күйеуі (артында тұр) Сейіт­қали Меңдешев – Қазан Мұғалімдер семи­нариясының түлегі, Хан ордасы екі кластық училищесінің мұғалімі.

5) Қалима Ұзаққызы Бай­туарова, Хан одасынан 90 шақырым жердегі Күлсүйіндік Байбақты ауылы мектебінің мұғалимасы.

Ендігі үлкен міндет – осы мұғали­малардың кейінгі тағ­дырын зерделеу. Мысалы, Сейітқали Меңдешевтің жұ­байы Рәзия Дүйсенәліқызы – қасіретті АЛЖИР-дің азабын тартқан тұлға. Ол мұнда 1943 жылдың 21 мамырына дейін тұтқында болған.

ав

Хан ордасындағы қыздар мектебін ашқан Қазан земство мектебінің түлегі Хұснижамал Зұлқарнайқызы Нұра­лы­ханова (Нұралы ханның шөбересі, Жәңгір ­ханның немересі) мына суретке түспей қалыпты. Бірақ осы мұғалиманың (екінші суреттің ортасында) ұлт білімін қалыптастырып дамытудағы орны ерекше. Белгілі әдебиеттанушы, ғылым кандидаты, Әбілқайыр хан ұрпағы, батыр Мәншүктің анасы Әмина Мәметова ұстазы туралы: «Хұснижамал ханым бізге жазу-сызумен бірге би мен ән өнерін, зиялы орта этикетін, өнегелі бойжеткен болудың жөнін үйретті», деп естелік қалдырған.

Бұл мұғалималар – кейінгі толқынның ұстаздары. Жәңгір мектебін әр кезеңде тәмамдаған Мұхаметсалық Бабажанов, Мақаш Бекмұхамбетов, Ғұбайдолла Жәңгіров, Шәң­герей Бөкеев, Бақтыгерей Құлманов, Уәлитхан Танашев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Ғұмар Қараш, Ишанғали Меңдіханов, Мәжит Шомбалов, Сейітқали Меңдешев, Нұғыман Зәлиев т.б. тұлғалар ұлт тарихына сауатты еңбегімен, салиқалы қайраткерлігімен енді.

Мына бес мұғалиманы – ізашар білім шаңырағының шырақшысы, ХХ ғасыр ба­сындағы жаңашыл, жәдитшіл ұлт мектебінің қарлығашы дей аламыз.

 

Айтуған Досби