
1985 жылдың тамыз айында Жалағаш аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Қонысбек Төрешұлы Қазантаев зейнеткерлікке шыққаннан кейін, оның орнына Оңалбек Сәпиев келді. Бұл азаматты бұрыннан білетінмін. Сәлеміміз де дұрыс болатын. Қанша айтқанмен аудан басқару оңай емес. Оның үстіне бұған дейін аты республикаға мәлім болған Қазантаев, оның ар жағында Сұлтан Аманов, Социалистік Еңбек Ері Исатай Әбдікәрімов сынды қазақтың ардақты азаматтары басқарған ауданды игеріп кету де оңайға соқпайтыны белгілі. Сөйтіп, аяқасты ауыс-күйіс басталды да, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің меңгерушілігінен басқа жаққа ауысуға тура келді.
Көп ұзамай мамандығым бойынша №15 кәсіптік техникалық училищеге барып, математикадан сабақ беріп, ұжымның ортақ мәселесін шешісуге араласып кеттім. Ұжымда жүзге жуық адам жұмыс істейді. Оның ішінде бұрын қызметтес болған Темірхан Бекжанов, Сансызбай Досполов сияқты ауданға белгілі азаматтар еңбек етіп жүр екен. Көп ұзамай қатарымызға «қызметін ауыстыру» науқанына ұшырап, «Жаңадария» газетінің редакторлығынан босаған Зордан Салықбаев келіп қосылды.
Бұл ұжымда да үйренері бар азаматтармен кездестім. Олардың ішінде Болтай Тасыбаев ағамыздың орны бөлек еді. Бұрын аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болған, кейін осы училищеге директор болып, мен барған кезде зейнеткерлікке шығып, «Қоғамтану» пәнінен сабақ беріп жүрген екен. Ағамыз әлі қуатты, өткен өмірінен әңгіме бастаса бәріміз қоршап алып, ұйып тыңдайтынбыз. Бір күні әңгіме барысында:
– Байқаймын, саған осы оқытушылық жұмыс ауқымы аздық жасайтын сияқты, демесі бар ма.
Ойланып қалдым. Ештеңе айта алмадым. Аздық жасап жүргені рас, дегенмен кім жұмыс бере қояды?
Содан бір сәтті күні Қызылордаға барып, Қонекене, Қазантаевқа сәлем бердім. Әңгіме арасында елге қызмет еткім келетіндігін тілге тиек еттім. Оның үстіне ол кезде ауданда бірінші хатшы оның туған күйеу баласы Биғали Қаюпов еді. Ойымды толық түсінген Қонекең:
– Айтып отырғаныңның бәрі жөн. Басшылар қандай жұмыс берсе де, оны істеу қолыңнан келеді. Менің ойым қалай болғанда да облыстық партия комитеті бірінші хатшысының қабылдауына жазыл, бар жағдайыңды жеткізіп айт, – деп ақыл берді.
Ол кезде облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Еркін Әуелбеков болатын. Содан облыстық партия комитетіне барғанымда Еркін Нұржанұлының жақында Жалағаш ауданында сайлаушылармен кездесетінін білдім.
1989 жылғы қаңтар айының басында аудандық Мәдениет үйінде КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына кандидат Еркін Әуелбеков пен сайлаушылардың кездесуі болды. Мәдениет үйінің іші лық толы халық.
Президумда сол кездегі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Биғали Қаюпов және басқа азаматтар отырды. Жиналысты аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы Балғабай Имашев жүргізді. Қолында қағазы, алдын ала дайындаған адамдарына біртіндеп сөз беріп жатыр. Сөйлейтін нышан білдіріп, қолымды көтерсем, төраға иегінің астында отырған мені көрсе де көрмегенсіп, сөз берер түрі жоқ. Сірә, сөз берсем «бірдеңені» айтып бүлдірер деп қауіптенетін болуы керек. «Шешінген судан тайынбас» дегендей жиналыс тізгінін ұстағанның сөз бермейтіндігіне анық көзім жеткен соң, кезекші сөйлеушінің бірі трибунадан түсуге бет алғанда, мен де дереу орнымнан тұрып, мінберге көтерілдім.
Шынында да Еркін Нұржанұлы ерекше қабілетімен, адал еңбегімен елге танылған-ды. 25 жасында тыңдағы «Марьевский» кеңшарына директор, 34 жасында Солтүстік Қазақстан облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы, 35 жасында Астық өнімдері және құрама жем өнеркәсібі министрі, 37 жасында Көкшетау облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып қызмет етіп, 43 жасында Социалистік Еңбек ері атанған. Ердің жасы елуге дейін елдік істі атқарып, халықтың көңілінен шыға білген басшы.
Қызылорда облысына бірінші басшы болып келген соң өңірдің экономикасы мен мәдениетін көтеру, ол үшін өнеркәсіпті өркендету мен ауыл шаруашылығын дамытуға күш-жігерін жұмсады. Атап айтатын болсақ: Арал теңізінің тартылуы адамзат баласына зиян екенін айтып, бұл мәселені көтерудің бастамашысы болды. Облысты үшінші санаттан екінші санатқа көтеріп, Арал өңірін апат аймағы етіп жариялауды заңдастырып, облыс еңбекшілерінің еңбек ақысына 30–50 пайызы аралығында өтемақы алуына қол жеткізді. Мұның септігі көршілес Ақтөбе облысы мен Оңтүстік Қазақстан облысының кейбір аудандарына да тиді.
Еркін Әуелбековтің алғырлығы, табандылығы арқасында «Байқоңыр» ғарыш айлағы әскери басшыларының Сырдария өзеніне өнеркәсіптің лас суын ағызу тоқтатылды. Сонымен қатар «Құмкөл» мұнай кеніші облыс басшысының қайраткерлігі арқылы іске асқанын облыс халқы жақсы біледі.
Қызылордалықтар Еркін Нұржанұлының іскерлігін әлі күнге дейін аңыз қылып айтады. Әуелбеков облысты басқарған тұста алғаш рет қиыршақ тас өндіру жұмысы қолға алынып, қарқынды дамыды. «Рисмаш» зауыты, Қызылорда вагон жөндеу зауыты, «Ісмер» тігін фабрикасы іске қосылды. Сондай-ақ Қызылорда–Москва әуе рейсі және Қызылорда–Шевченко әуе рейсін ашу облыс халқы үшін жақсы жаналық болды. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме, мен де іскер басшының атқарған шаруасын халыққа жеткізуді мақұл көрдім.
Осы төңіректегі ойымды түйіндей келе, 26 наурыз күні өтетін КСРО Жоғары кеңесіне №144 сайлау округі бойынша депутаттыққа сайланатын кандидат Еркін Нұржанұлы Әуелбековке бір кісідей дауыс беруге шақырамын дедім.
Халық сөйлеген сөзімді қалай қабылдады, ол туралы ештеңе айта алмаймын. Әйтеуір ду қол шапалақтағаны есімде.
Арада бір айға жетпей, ақпан айының ішінде аудандық партия комитетінен «Түскі екіде келіңіз, сізді Еркін Нұржанұлы Әуелбеков қабылдайды», деген хабар келді. Айтқан уақытында бардым. Мені Еркін Нұржанұлы кабинетінде Биғали Қаюпов және екінші хатшы Дариха Ақмағанбетованың қатысуымен қабылдады.
Хатшыға ойымды ашық айта отырып: «Еркін Нұржанұлы, айыпқа бұйырмаңыз, мына отырған Биғали Қаюпов пен Дариха Ақмағанбетованың екеуі де аралдық, мен де негізінен Аралданмын, бұл екі басшы маған жауапты қызмет бермейді, жерлесіне көмектесіп жатыр деген сөзден аулақ болғысы келеді», дедім. Менің өтінішімді тыңдап болған соң ол:
– Биғали Қаюпұлы, мына Айбосыновқа қандай жұмыс берсең де мен оны қолдаймын, – деді.
Шамасы менің қызметтен бейкүнә ығыстырылғаныма көзі жеткен болуы керек.
Қазақтың белгілі азаматы, мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековпен бірінші және соңғы рет кездесуім осылай басталып, осылай аяқталған еді.
Басшының бірауыз сөзі іске асып, 1989 жылы наурыз айында Жалағаш поселкелік кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайландым. Бұл қызметте 1998 жылға дейін болдым. Ойлап отырсам оңашада, содан бері отыз алты жыл өткені еске түседі. Зымырап бара жатқан тілсіз уақыт деген осы болар.
Академик Әлкей Марғұлан әңгімесін «білетін болғасын айтамыз ғой» дейді екен. Сол сияқты мен де жақсы адамнан көрген жақсылығымды бүгінгі ұрпаққа жеткізуді парызым деп санадым. Еркін Нұржанұлы өз ұлтының арыстандай айбатты, айтулы қайталанбас қайсар тұлғасы еді.
Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын абыроймен басқарған, Социалистік Еңбек ері атанған Еркін Нұржанұлы Әуелбеков ел мүддесін жолында адал еңбек еткен, кейінгі ұрпаққа өнеге боларлық тұлға екендігі сөзсіз.
Шыңғыс Айбосынов,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы, тыл ардагері