Құқық • 11 Маусым, 2025

ІІМ мас жүргізушілерге қатысты жазаны жеңілдетуге қарсы

40 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ішкі істер министрлігі алкогольдік немесе есірткілік мас күйде көлік басқарған тұлғаларға қатысты әкімшілік жауапкершілікті жеңілдету туралы ұсыныстарды қолдамайтынын мәлімдеді, деп жазады Egemen.kz.

ІІМ мас жүргізушілерге қатысты жазаны жеңілдетуге қарсы

Ведомствоның ресми өкілі Шыңғыс Алекешевтің айтуынша, соңғы уақытта кейбір азаматтар тарапынан мас күйінде көлік жүргізгені үшін белгіленген жазаны жою немесе жеңілдету туралы талаптар түсіп жатыр. Министрлік бұл талаптарды орынсыз деп санайды және қолданыстағы тәртіпті өзгертуді құптамайды.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 608-бабында көзделген жаза 2020 жылы бекітілді. Бұл шешім жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған. Аталған нормалар – қоғам қауіпсіздігін қорғауға бағытталған шаралар», деді департамент бастығы.

Министрліктің мәліметінше, соңғы бес жылда елімізде мас жүргізушілердің қатысуымен 2 500-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. 460-тан астам адам қаза тауып, 3 300-ден астам азамат әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Мұндай фактілердің бірі Алматы қаласында орын алған. Мас күйдегі жүргізуші жол жөндеу жұмысына тартылған үш жұмысшыны қағып кетіп, соның екеуі оқиға орнында көз жұмған.

ІІМ өкілі мас күйінде көлік басқару тек әкімшілік құқықбұзушылық емес, ол адам өміріне қауіп төндіретін әрекет екенін атап өтті. Сондықтан мұндай құқықбұзушылықтарға қатысты қолданылатын жазалар қоғамдық қауіпсіздік тұрғысынан маңызды.

Министрліктің дерегінше, автокөлік саны артқанына қарамастан, мас күйінде ұсталған жүргізушілер саны азаю үрдісінде. Бұл қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. ІІМ өкілі мұндай шектеулер мен жазалар құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталғанын атап өтті.

Басқа елдердің тәжірибесіне сәйкес, кейбір мемлекеттерде мұндай әрекеттер үшін жаза бұдан да қатаң – мысалы, жүргізуші куәлігін өмір бойына алып қою немесе көлікті тәркілеу қарастырылған.

Осыған орай, Ішкі істер министрлігі әкімшілік жауапкершілікті жеңілдету туралы ұсыныстарды қарастыру орынсыз деп есептейді және заң талаптарының сақталуын қамтамасыз етуді жалғастыра бермек.