Білім • Кеше

Абай облысында оқушыларға арналған кәсіби бағдарлау лагерьлері ашылды

50 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аталған аймақтағы колледждер базасында 10 жазғы лагерь іске қосылған. Онда оқушылар түрлі кәсіби бағыттар бойынша алғашқы практикалық тәжірибе алып жатыр, деп жазады Egemen.kz.

Абай облысында оқушыларға арналған кәсіби бағдарлау лагерьлері ашылды

Фото: atr.kz

Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, биыл осындай жазғы лагерлерьге шамамен 600 баланы қамту жоспарланған. 

Жаңа форматтағы лагерьлердің бірі - Бесқарағай колледжінің базасындағы экологиялық-аграрлық «ЭКОorman» лагері. Мұнда балалар ландшафттық дизайн, жылыжай шаруашылығы, флористика, ауыл шаруашылығын механизациялау негіздерімен танысады.
Ал «SmartKriS» цифрлық лагері IT және жаңа технологиялар Жоғары колледжінің базасында жұмыс істейді. Ол екі ауысымда ұйымдастырылған. Оқушылар робототехника, бағдарламалау, веб-дизайн, CAD-графика бағыттарын меңгереді. Оқыту WorldSkills стандарттарына сай практикалық тапсырмалар мен ойын кейстері арқылы өтеді.

Өңірдегі политехникалық колледжде шығармашылық бағыттағы «Summer Camp» лагері ашылды. Бағдарлама екі жас санатына бөлінген. Балалар тігіншілікпен, аспаздықпен айналысып, фетр мен моншақтан бұйымдар жасайды, шеберлік сағаттарына және спорттық жарыстарға қатысады.

Биыл алғаш рет Үржар колледжінде «Үржар-Айым» лагері есік ашты. Мұнда ауылдық мектеп оқушылары ұстаздарымен бірге аграрлық іс, ветеринария, аспаздық, дәнекерлеу және басқа да қолданбалы бағыттар бойынша тәжірибе мен шеберлік сабақтарынан өтіп жатыр.

Р.Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледжінде SFEK Summer Camp лагері жұмыс істейді. Мұнда оқушылар графикалық дизайн, веб-әзірлеу, бухгалтерлік есептің негіздері және мобилографияны меңгереді. Сондай-ақ көшбасшылық, командада жұмыс істеу және тайм-менеджмент бойынша тренингтер қамтылады.
Шәкәрім атындағы Семей жоғары колледжі «Толағай» лагерін іске қосты. Онда ұлттық мәдениет, экология және денсаулық тақырыптарына баса назар аударылған. Бағдарламада қолданбалы өнер, музыка, викториналар, логикалық ойындар қамтылған.
Электротехникалық колледж практикалық бағыттағы IT лагерін ашты. Оқушылар стартап-жобаларға, хакатондарға қатысып, цифрлық саладағы өндірістік процестерді меңгеруде.
«Кәсіби бағдарлау лагерлері – оқушылардың өз қабілет-қарымын іс жүзінде байқап көруі және мамандықтар туралы түсінік қалыптастыруы үшін маңызды алаңға айналуда. Бұған әсіресе, Жұмысшы мамандықтары жылы аясында басымдық беріліп отыр. Осылайша, колледждер жастардың әлеуетін ашуға өз үлестерін қосуда», дейді облыстық білім басқармасының басшысы Бауыржан Туленов.
Айта кетейік, жазғы кезеңде еліміз бойынша жалпы 10 мыңнан астам лагерь жұмыс істейді. Онда 3,2 млн бала уақытын тиімді өткізеді.