
Кеңесте сөз алған Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев ұлттық статистика жүйесін жаңғырту тек технологиялық үдеріс қана емес екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл – Қазақстанның сенімді әрі заманауи дерек инфрақұрылымын құрудағы саяси ерік-жігерін білдіретін стратегиялық таңдау. Осы негізде тиімді және ашық мемлекеттік басқару жүйесі қалыптасатын болады.
Халықаралық мойындау мен үздік тәжірибе
Қазақстанның ұлттық статистикасы бүгінде әлемдік деңгейде жоғары бағаланып отыр. Ұлттық статистика бюросының жүйелі жұмысының арқасында еліміз БҰҰ, ЭЫДҰ, Халықаралық валюта қоры, Азия даму банкі және Дүниежүзілік банк сынды беделді ұйымдардың сеніміне ие болды. Биыл ЭЫДҰ тарапынан ұлттық статистикалық жүйеге жүргізіліп жатқан шолу аяқталғаннан кейін, Қазақстан осы ұйымның Статистика және статистикалық саясат комитетінің толыққанды мүшесі атанбақ. Бұл – еліміздің жаһандық сараптамалық қоғамдастыққа терең интеграция жолындағы маңызды қадамы.
Баламалы дереккөздер – жаңа мүмкіндіктер көзі
Еліміз баламалы дереккөздерді ресми статистикаға белсенді түрде енгізіп жатқан алғашқы мемлекеттердің бірі. Қазірдің өзінде:
-
инфляция деңгейі фискалдық чектер негізінде нақты уақыт режимінде автоматты түрде бақыланады;
-
еңбек нарығы зейнетақы жарналары бойынша сарапталады,
-
тұтынушы мінез-құлқы банк транзакциялары арқылы зерттеледі,
-
туристік белсенділік мобильді операторлар мәліметтерімен есептеледі,
-
ауыл шаруашылығындағы өнімділік спутниктік мониторинг көмегімен бақыланады.
Бұл тәсілдер дәлірек әрі жедел дерек алуға, мемлекеттік жоспарлаудың сапасын арттыруға сеп болмақ.
Нақты нәтижелер мен көрсеткіштер
Цифрландыру нәтижесінде Бюро:
-
әкімшілік және ведомстволық дереккөздер бойынша статистикалық нысандар санын 33%-ға,
-
статистикалық есептер көлемін 24%-ға қысқартып,
-
электрондық түрде мәлімет жинау үлесін 88%-дан 94%-ға дейін арттырды.
Сондай-ақ, ІЖӨ-ні есептеу жылдамдығы еселеніп, 19 мемлекеттік органның ақпараттық жүйелерімен бірігу және процестерді автоматтандыру деректерді жинау мен өңдеудің тиімділігін күрт жақсартты.
Деректер сапасын бақылау күшейтілді
2023 жылы «Мемлекеттік статистика туралы» заңға енгізілген өзгерістер Бюроға деректер сапасын бағалау құзырын беріп, data controller институтын енгізуге жол ашты. Осылайша:
-
2024 жылы 10 мемлекеттік органның 14 дерекқоры бойынша 79 сапалы бағалау жүргізілді;
-
орталық органдарда 8, өңірлік деңгейде 29 тексеру жасалды.
Агросектор деректеріндегі жүйелі қателердің анықталуы – осы тексерулердің айқын нәтижесі. Соның негізінде 1 тамыздан бастап ауыл шаруашылығы санағы өтеді. Бұл – елдегі агросаясатты нақты дерекке сүйене отырып қайта қалыптастыру үшін маңызды қадам болмақ.
Алдағы жоспарлар: толық цифрландыру мен жасанды интеллект
2025–2027 жылдарға арналған реформалар жоспарына сәйкес, Ұлттық статистика бюросы:
-
деректерді 100% цифрлық түрде жинауды,
-
деректер биржасын іске қосуды,
-
деректер сапасын автоматты бақылау жүйесін толыққанды енгізуді,
-
жасанды интеллект негізіндегі талдау құралдарын жасауды,
-
үлкен деректерді сақтау мен өңдеудің бірыңғай архитектурасын,
-
сондай-ақ статистиканы геоақпараттық картада визуализациялау жүйесін іске қосуды жоспарлап отыр.
Кеңес соңында Агенттік төрағасы Әсет Ерғалиев статистикалық деректердің сапасын арттыру, ресми мәліметтерді жаңғырту және инновациялық құралдарды енгізу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.