
Фото: Үкіметтің баспасөз қызметі
Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Арнасай ауылындағы жаңа дәрігерлік амбулатория 2 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді.
«Бұл мекеме Елтоқ, Қойгелді, Бабатай стансалары мен 42-разъездің тұрғындары үшін алғашқы медициналық көмекті жақындатып, қолжетімді етеді. 450 шаршы метрлік ғимарат бір ауысымда 45 адамды қабылдай алады. Мұнда ЭКГ аппараты, дефибрилляторлар, физиотерапия және оңалту жабдықтары сияқты заманауи медициналық құрылғылар орнатылған», делінген хабарламада.
Ал Алтынды ауылында ашылған фельдшерлік-акушерлік пункт Алтынды, Алакөл, Жаңаталап, Елтай және Боярка ауылдарының 1 мыңға жуық тұрғынына сапалы медициналық қызмет көрсетеді. Бұл нысан да толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген.
Жаңа нысандардың ашылу салтанатына ҚР Бас прокурорының орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев пен Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысқан.
Айта кетейік, бүгінде өңірде тағы сегіз денсаулық сақтау нысаны – үш дәрігерлік амбулатория, төрт фельдшерлік-акушерлік және бір медициналық пункт құрылысы аяқталуға жақын. Бұл жобаларға жалпы сомасы шамамен 1,7 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген.