
Отырыс барысында Аида Балаева мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық саласындағы жоспарлар туралы келісіп, бұл шаралар өзара байланысты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.
Кездесуде тараптар алдағы бірлескен іс-шараларды талқылады. Атап айтқанда, елімізде Беларусь мәдениетінің күндерін өткізу туралы бастама көтерілді. Аида Балаева бұл іс-шараның аясын кеңейтіп, дәстүрлі концерттер мен көрмелерден бөлек, шеберлік сабақтарын, шығармашылық кездесулерді, ғылыми конференцияларды, мәдениет саласындағы өзара байланыстың өзге де түрлерін қамтуды ұсынды.
Сонымен қатар, «Лістапад» кинофестивалі аясында Қазақстан киносының күндері өтеді. Қазіргі уақытта іс-шараны өткізуге қатысты мәселелер мен көрсетілетін фильмдердің тізімі нақтыланып жатыр. Бұдан бөлек, 10-11 шілде күндері Витебск қаласында өтетін халықаралық «Славян базары» фестиваліне де қазақстандық өнерпаздар қатысады.
Кездесу соңында Аида Балаева Қазақстан тарапы екі елдің музей, театр мен архив қызметтері арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ бірлескен киноөндіріс пен концерттік жобаларды дамытуға мүдделі екенін атап өтті. Тараптар бірлескен іс-шараларды үйлестіру мақсатында жұмыс тобын құруға уағдаласты. Кездесу қатысушыларының пікірінше, бұл бастамалар Қазақстан мен Беларусь елдері арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайта түспек.