
Сурет: eenergy.media
Мамандардың пайымынша, Жапония мен Ресейдегі апатты еске алып, үрей туғыза беруге қазір негіз жоқ. Себебі одан бергі ғылыми техникалық прогресске жаһан жұрты куә.
«Қазіргі заманғы энергоблоктің қызмет ету мерзімі кемінде 60 жыл, ал ресурсты ұзарту арқылы 80 жылға дейін жетуі мүмкін. АЭС арқылы электр энергиясын өндіру құны бәсекеге қабілетті. Отын (уран) шығыны жалпы құнның 10%-дан азын құрайды. Ал пайдалану шығыны – энергетика саласындағы ең төмен деңгейде. Оған қоса, АЭС-тің орнатылған қуатты пайдалану коэффициенті орта есеппен 85%-дан асады. Бұл оны энергетикалық жүйенің сенімді тірегіне айналдырады», дейді «Ядролық физика институты» РМК бас директоры Саябек Сахиев.
Айтуынша, атом энергиясы – электр қуатын өндірудің экологиялық жағынан ең таза тәсілінің бірі. Жаһандық энергетикалық трансформация мен көмірқышқыл газ шығарындысын азайту жөніндегі халықаралық міндеттеме аясында көп ел өз стратегиясын төмен көміртекті көздерге, соның ішінде АЭС-ке қарай қайта бағыттай бастады. Бұл орайда біздің де АЭС-ті пайдалануға толық құқымыз бар әрі оған алғышарт та жоқ емес. Қазақстан – уран өндірісі бойынша әлемдік көшбасшы. Ел аумағында ядролық ғылым мен инфрақұрылым саласында жинақталған көпжылдық тәжірибе, жоғары білікті кадрлар бар. Бұған «Ядролық физика институты», «Ұлттық ядролық орталық», сондай-ақ Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (АЭХА) төмен байытылған уран банкі сынды стратегиялық нысандар дәлел бола алады.
«Бүгінде елдің оңтүстігінде энергия тапшылығы анық байқалады. Істеп тұрған стансалар ескірді. Электр энергиясының басым бөлігі көмірден алынады. Көмір – болашақтың шешімі емес. АЭС не береді? Ол қуат тапшы оңтүстік өңірді тұрақты энергиямен қамтамасыз етуге көмектеседі. Әуелі энергиялық баланысты әртараптандыруға, көмірге тәуелділікті азайтуға жол ашады. Сөйтіп, энергиялық егемендікті нығайтып, отын мен электр қуатын импорттауға тәуелділіктен құтқарады. Сонымен қатар, Қазақстанның халықаралық климаттық міндеттемелерін (2060 жылға қарай көміртек бейтараптығына қол жеткізу) орындауға мүмкіндік береді. Ең бастысы – елде ғылым, техника және білімнің дамуына серпін береді. Сондықтан атомға қатер емес, мүмкіндік ретінде қарау маңызды», дейді Саябек Қуанышбекұлы.
Әлемде 30-дан астам елде 416 ядролық энергия реакторы жұмыс істейді.
«Өз қауіпсіздігіне аса сақтықпен қарайтын елдің бірі – АҚШ. Ол әлемдегі ең ірі АЭС паркіне ие. Онда 90-нан астам реактор жұмыс істеп тұр. АҚШ қолданыстағы стансаның қызмет ету мерзімін ұзарту мен шағын модульді реакторларды (SMR) дамытуға өте көп инвестиция салып жатыр. Францияда шамамен 56 жұмыс істейтін реактор бар. Атом энергиясының үлесі жалпы электр өндірісінің 70%-ына жуық. Франция атом энергиясының арқасында Еуропадағы басты электр энергия экспорттаушы елге айналды», деді бас директор.
Атом энергиясы ең жылдам дамып келе жатқан Қытайда қазір 50-ден астам реактор пайдалануға берілген, тағы он шақтысы салынып жатыр. Олар 2035 жылға дейін атом электр қуатын екі есеге арттырғысы келеді. Ресейде 38, Оңтүстік Кореяда 25 энергоблок жұмыс істейді. Үндістан 20-дан астам реакторды іске қосқан және жылдам нейтронды реакторлар мен торий цикліне негізделген жеке технологиялық бағытын дамытуға мүдделі.