
– Бұл – жас дарындардың ғылым мен технология саласындағы әлеуетін әлемге танытатын үлкен жетістік. Осы жолы біз ресми түрде шақырту алдық. Бұрын жеке қатысушылар болған. Алайда топ болып барған емеспіз. Қазақстан атынан команда ретінде бірінші рет қатысу – елдің атын шығаратын тарихи сәт, – дейді аталған олимпиаданың ұйымдастырушысы Залқарбек Мұратәлиұлы.
STEM – бұл технология, инженерия, математика ғылымы бағытын қамтыған білім жүйесі. Мұнда инженерлік роботтехника және 3D модельдеу, бағдарламалау сияқты техникалық салалар да қарастырылған.
Олимпиада финалистерінің бірі – Астана қаласындағы №84 мектеп-лицейінің оқушысы Айша Темірхан. Ол олимпиадаға математика бағытынан бақ сынайды. Оның айтуынша, бұл жолдағы алғашқы қадамы кездейсоқ басталған. «Оныншы сыныпта бізге жаңа мұғалім келіп, осы олимпиада туралы айтты. Бірнеше күн ішінде робот құрастырып, қалалық кезеңге қатыстық. Сол жерден халықаралық деңгейге өттік. Бірақ өткен жылы оң нәтиже болмаған соң, биыл өзімізді қайта сынап көрдік», дейді ол.
Бұл жобаның жартылай финалына Қазақстанмен бірге Ресей, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 260-тан астам оқушы, 78 команда бақ сынады. Ал елімізден 24 оқушы қатысты. Солардың ішінен оза шапқан біздің сегіз жеткіншек Испанияның Барселона қаласында 9–15 шілде аралығында өтетін гранд-финалда ел намысын қорғайды.
Фариза ІЗБАСАРОВА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті