
Енді қайталануы неғайбыл болса да, отандық дәрігерлердің біліктілігін сынаққа салған осынау оқиғаны біз араға уақыт салып барып баяндап отыруымыздың өзіндік сыры бар. Денсаулығы дұрысталған нәресте дәл осы күндері үйіне, ата-анасының бауырына оралды. Ілуде бір кездесетін мұндай кінәрат әлемдік медицина тәжірибесінде небәрі 30 рет тіркелген.
Сонымен сәбидің өмірі үшін жанталас оның жарық дүниеге келген сәтінен басталған. Бет пен мойын тұсындағы көлемі 4х4 сантиметрлік үлкен өскін кеңірдек пен жоғарғы тыныс жолдарын қысып тастағандықтан, нәресте өздігінен дем ала алмаған.
Мұндайда әрбір минут санаулы болғандықтан, нәресте шұғыл түрде тасымал инкубаторы бар реанимобильмен Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіледі. Дәрігерлер сәбиді бірден интубациялауға мәжбүр болған, өйткені жасанды тыныс алу аппаратынан ажыратқан сайын ол тұншыға бастайтын.
– Баланың жағдайы ауруханаға түскен кезде өте ауыр еді. Дем жетіспеушілігі, жүрек-қантамырлары жеткіліксіздігі мен қан айналымының дұрыс еместігі байқалды. Нәрестенің әрбір тыныс алуы – өмір үшін арпалыс болатын, – деп еске алады сол сәтті жаңа туған нәрестелер реанимациясы бөлімшесінің меңгерушісі Ұлықпан Әлсейітов.
Бастапқыда мамандар бұл әдетте жиі кездесетін қатерсіз – лимфангиома ісігі деп топшылайды. Алайда, жағдай одан да күрделі болып шығады. Рентген, компьютерлік және магниттік-резонанстық томография өскіннің өмірлік маңызы бар қан тамырлар мен шеткі жүйке талшықтарына шапқанын көрсетеді.
– Өскін жұтқыншақ пен көмейді, құлақ маңындағы жақ бұлшықеттерін басып, тыныс жолдарын тарылтқандықтан, сәбидің өмірін сақтау үшін дереу ота жасау туралы шешім қабылданды, – дейді жақ-бет хирургі, медицина ғылымдарының докторы Серік Нұрмағанов.
Осыдан кейін орталықтың бүкіл мүмкіндігі шұғыл іске қосылып, реаниматологтар, жақ-бет хирургтері мен неврологтардан құралған бірнеше консилиум ота жасау әдісін егжей-тегжейлі пысықтайды.
Отаның әрбір сәті зергердің қимылындай жоспарланып, операция бригадасын жақ-бет хирургі Серік Нұрмағанов басқаратын, анестезиологияға Ұлықпан Әлсейітов жауапты болды. Ассистент ретінде – еліміздегі жетекші неонаталды хирургтердің бірі, орталықтың хирургия бөлімшесінің меңгерушісі Саматбек Мырзахмет таңдалады.
Екі сағатқа созылған күрделі ота кезінде көлемді өскін түбірімен алынып, нәресте бірінші рет еркін тыныс алғаны білінеді. Дегенмен, дәрігерлерді алда мұнан да күрделі тосынсый күтіп тұрған еді, гистологиялық зерттеулердің нәтижесі «ісік» деп ойлаған өскіннің ми тіні екенін анықтайды. Бұл – тәжірибелі мамандардың өзін таңғалдырған жаңалық болатын.
– Гетеротопиялық ми тіні – іштегі шарана дамып жатқан кезде ми жасушаларының бас сүйек қуысы сыртына орналасуынан пайда болатын, аса сирек кездетін туабітті аномалия, – деп түсіндіреді орталық директоры Әлібек Смағұлов.
Статистикаға сүйенсек, көмей-жұтқыншақ аймағына орналасқан мұндай ми тіні барлық гетеротопиялық жағдайдың 0,1%-ына да жетпейді. Ал Дүниежүзілік медициналық әдебиетте осыған ұқсас оқиға небәрі 30 жағдай ғана кездесіп, сипатталған. Қысқасы, қайғылы жағдайға душар етуі әбден мүмкін оқиға жақсылықпен аяқталып отыр.
Танауы пысылдаған кіп-кішкентай пациент қазір өздігінен тыныс ала алады, емуді үйреніп, жағдайы дұрысталған соң үйіне шығарылды.
– Пренаталдық диагностиканың маңызы сонда – екінші, үшінші скрининг кезінде-ақ ұрықта бет пен мойын тұсындағы түзіліс анықталған. Хирургиялық жолмен толық алынған жағдайда, мұндай науқастардың өмір сүру мүмкіндігі жоғары, – дейді Әлібек Смағұлов.
Қалай десек те, отандық медицина тарихына енетін осынау оқиға – Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығы дәрігерлерінің кәсіби біліктілігін дәлелдейтін жалғыз жағдай емес.
Мәселен, 2024 жылы орталықта дамуынан түрлі кінәрат табылған 49 нәрестеге ота жасалса, биыл жыл басынан бері перзентханалардан 24 нәресте жедел хирургиялық операция жасату үшін осы орталыққа жеткізілген.