
Фото: Су ресурстары және ирригация министрлігі
Министрлік мамандарынан құрылған төрт жұмыс тобы оңтүстік облыстарда суды заңсыз пайдалану фактілерін тексеріп қана қоймай, су үнемдеу, реттеу және ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне су жеткізу мәселелері бойынша мониторинг жүргізіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының мамандары Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесіп, Түркістан облысында тіркелмеген 24 сорғы қондырғысын анықтаған болатын.
Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің айтуынша су үнемдеу мен суармалы суды дұрыс үлестіруді қамтамасыз ету мақсатында биыл «Қазсушар» кәсіпорнымен тиісті келісімшартқа отырған шаруа қожалықтарына ғана су беріледі.
«Жергілікті жерлерде тексерулер міндетті түрде жалғасады және суды заңсыз пайдалану фактілерінің бәрі анықталып, заң бұзғандар жауапкершілікке тартылады. Жаңа жылдан бастап шаруалармен су беру туралы келісімшарттар тек электронды форматта жасалуы тиіс. Барлық келісімшартты онлайн жүйе арқылы тексеріп, келісілген көлемдегі судың беріліп жатқанын және көрсетілген дақылдардың расымен өсіріліп жатқанын бақылап отыру үшін осы мәселені пысықтау қажет», деді Н.Нұржігітов.