
Фото: Абдулкарим Қараман
Абдулкарим Дәрібайұлы 1994 жылы Қарағанды облысының Шет ауданына қарасты Ақадыр кентінде дүниеге келді. Пауэрлифтингпен 12 жасынан бастап шұғылдана бастайды. 13 жасында алғаш рет облыстық жарыста жеңіске жеткен ол республикалық жарысқа жолдама алып, сол жарыста 5-ші орын алған. Ал 14 жасында алғаш рет республикалық жарыста жеңіс тұғырынан көрінді.
Спортшының пауэрлифтингпен шұғылдануына ағасы мен әкесі себепкер болған. Ақадыр кентінде тұрып жатқан Оспановтар отбасын – спортшылар әулеті десе де болады. Ағасы Алмаз және бауыры Айтас бірнеше рет Әлем және Азия чемпиондары атанған. Ал құрылыс пен темір жол саласында еңбек етіп, спорттың бұл түріне 50-ден асқан шағында келген әкесі Дәрібай Оспанов ақсақал Азиянын 10 дүркін, Әлемнің 5 дүркін чемпионы.
Абдулкарим Дәрібайұлы республикалық жарыстарда 24 рет топ жарған. Азия додаларында 6 мәрте алтын медаль жеңіп алған. Жаһандық жарыстардың 7 мәрте күміс жүлдегері және 7 дүркін чемпионы. Айта кеткен жөн, Абдулкәрім Қараман спорт шебері атағын 15 жасында орындады, ал 17 жасында «Халықаралық спорт шебері» атағын иеленді. Ол пауерлифтинг спорт түрінен қазақтан шыққан тұңғыш «Халықаралық дәрежедегі еңбек сіңірген спорт шебері» атағының иегері. Әлемнің рекордын 5 рет жаңартты. Пауерлифтингшілердің бүкіләлемдік рейтингтерінде екі түрінен де 4 орынға шығып, үздік 5-тікке енді.
2009 жылы Үндістанда алғаш рет Азия чемпионы атанған жас шағынан бері ол дүниежүзінің түкпір-түкпір елдерін көріп, талай жарыстарда топ жарып, еліміздің атын асқақтатты.
«2017 жылы сәуір айында АҚШ-тың Киллин қаласында (Техас штаты) ересектер арасында пауерлифтингтің жатып сығымдап көтеру (классикалық) түрі бойынша әлем чемпионатында қазақ ұлтынан шыққан тұнғыш әлем чемпионы атанған мезеттегі сезімдерді сөзбен жеткізу мүмкін емес, еліміздің Әнұраны ойнағанда көзімнен жас парлады», дейді Абдулкарим Қараман.
Спортшы қазіргі уақытта да 13 мың тұрғыны бар туған жері Ақадыр кентінде тұрады, сол ірі кентте екі бапкер, яғни әкесі Дәрібай Оспанов ақсақал екеуі жаттықтырушы болып жұмыс істейді. Әкелі-балалы спортшылардың шәкірттерінің де жетістіктері айтарлықтай. Шәкірттері Марғұлан Бекен, Жанат Сатыбалды, Азат Зейнедилов – Азия чемпиондары, ал Антон Марченко есімді шәкірті Әлемнің үш дүркін, Азиянын үш мәрте чемпионы атанған. Одан бөлек, оннан астам спорт шебері, елуден астам ҚР-ның чемпиондары, жетпістен астам спорт шеберіне үміткер шәкірттері бар.
«Қаражат бөлінетіндіктен жарыстардың барлығына баруға мүмкіндігіміз бар. Бірақ, жастарға стипендия төлеуге және сборга шығуға мүмкіндік болмай жатыр және Ақадыр кентінде спортзал салу мәселесі әлі шешімін таппады, небәрі 90 квадрат метр жерде ғана жаттығу жасап жатырмыз», дейді ол.
Пауерлифтинг – спорттың ең ауыр түрі. Олай дейтініміз, әр пауерлифтингіші орта есеппен аптасына 5 рет жаттығуға қатысып, әр жаттығу сайын зілтемірді 20 тонна көтергенде жылына 5 000 тонна көтереді екен. Сондықтан олар витаминдерге толы сапалы тамақтарды жейді әрі диета ұстанады.
«Содан да болар, пауерлифтингпен жігері жеткендер ғана айналысады. Өкінішке орай, бұл спорт түрі жабылады деген әңгіме бар, мен бұған мүлде келіспеймін. Қазақстанның пауэрлифтингі бүкіл әлемге әйгілі. Басқа жетістіктерді айтпағанда, биыл Қазақстан құрамасы ересектер арасында 54 елдің спортшылары арасында топ жарды. Жақсы дамыған спорт түрлері жабылуға лайықты емес», дейді Абдулкарим Дәрібайұлы.