
Мұнай бағасының төмендеуі бюджет тапшылығын тудырып, төлем балансының теріс сальдосын қалыптастырар ма екен деген қауіп бар. Бұл орайда ел үкіметінің 2026 жылы ауқымды салық реформасын жасағалы отырғаны белгілі. Дегенмен мақсатты көрсеткішке таяғанша қатаң ақша-несие саясатын ұстану керек деген кеңес береді халықаралық сарапшылар. Жақында Әли Әл-Эйд бастаған ХВҚ миссиясы 15-23 мамыр аралығында елде болып, қазіргі экономикалық ахуалды талқыға салды.
«Нақты ІЖӨ өсімі жеделдеп, алғашқы төрт ай қорытындысы бойынша 6%-ды құрады. 2024 жылдың соңында көрсеткіш 4,8% болған еді. Өсімнің жеделдеуіне қызмет көрсету, көлік, құрылыс, өңдеуші және өндіруші өнеркәсіптегі белсенділік әсер етті. Ішкі сұранысты жоғары деңгейдегі тұтынушылық несиелеу және жұмсақ салық-бюджет саясаты қолдап тұр. Бұл ретте ІЖӨ-дегі мемлекеттік инфрақұрылымдық инвестиция үлесі өсіп жатыр. 2025 жылы ХВҚ шамамен 5% деңгейінде неғұрлым баяу экономикалық өсім болады деп болжайды. Бұл сауда-серіктес елдердегі өсім қарқынының және мұнай бағасының әлемдік нарықта төмендеуінен туындаған мұнайға қатысы жоқ секторларға әсер ететін жанама салдарлармен байланысты. Мұнайдан өзге салалардың ІЖӨ-дегі үлесі ортамерзімді болашақта шамамен 3%-ды құрайды», дейді Әли әл-Эйд өз мәлімдемесінде.
ХВҚ миссиясының хабарлауынша, биыл инфляция 10% деңгейінде болады. Өйткені ішкі бағалардың қысымы әлі жалғасып жатыр. Сарапшылардың пайымдауынша, банк жүйесіндегі артық өтімділікті міндетті резерв талаптарын арттыру арқылы азайту жоспары ортамерзімді болашақта инфляциялық қысымды төмендетуге ықпал етуі мүмкін.
Халықаралық валюта қорының болжамынша, 2025 жылы ынталандыру сипатындағы салық-бюджет саясаты сақталады, соның нәтижесінде мұнайға қатысы жоқ бюджет тапшылығы 7,9% -дан ІЖӨ-нің шамамен 8,0%-ына дейін артады.
«Үкіметтің 2026 жылға арналған қосылған құн салығының мөлшерлемесін көтеру, салық базасын кеңейту және кірістерді жинауды жақсарту мақсатында цифрландыруды енгізу жоспарларын құптауға болады. Салық салуда кеңінен қолданылатын жеңілдіктерді қысқарту жөніндегі шаралар да салық базасын одан әрі кеңейтуге септігін тигізер еді. Сонымен қатар ХВҚ болжамына сәйкес, 2025 жылы ағымдағы шот тапшылығы 2024 жылғы 1,3%-бен салыстырғанда ІЖӨ-нің шамамен 3,5%-ына дейін ұлғаяды. Бұл негізінен мұнай бағасының төмендеуімен және мемлекеттің әрі үй шаруашылығының шығыстарына байланысты импортқа сұраныстың сақталуымен түсіндіріледі», делінген хабарламада.
Қор отандық банктердің жағдайы жақсы деген қорытындыға келген. Айтуларынша, 2025 жылы наурызда несие беру көрсеткішінің біршама төмендегеніне (20%-ға баяулаған) қарамастан қаржы институттары жерге қарап тұрған жоқ.
«Тұтынушылық несиелерге байланысты проблемалық активтердің көлемі артқанымен, олардың жалпы активтер көлеміндегі үлесі айтарлықтай өзгерген жоқ. Қаржылық тұрақтылыққа қауіп төндіретін тұтынушылық несиелеудің шапшаң өсуінен туындайтын тәуекелдерді азайтуға бағытталған макропруденциялық саясатты қатаңдату жөніндегі жоспарларды оң бағалауға болады», дей келе, ХВҚ ішкі және сыртқы тәуекелдерді бөліп қарастырады.
Ішкі тәуекелдер:
- Өсімнің төмендеуі;
- Инфляциялық қысымның артуы.
«Құрылымдық реформаларды жылдамдату және жеке секторды дамыту орта мерзімді болашақта болжаммен салыстырғанда экономиканың неғұрлым жоғары өсу қарқынын қамтамасыз ете алады», дейді бұл орайда.
Сыртқы тәуекелдер:
- Белгісіздіктің күшеюі, соның ішінде – әлемдік саудадағы шиеленіс, мұнай бағасының төмендеуі, қаржылық шарттардың қатаңдауы, Қазақстанның сауда-серіктес елдеріндегі өсім қарқынының баяулауы.
ХВҚ экономиканы әртараптандырып, орнықты өсімді жоғарылату үшін мейлінше шешімтал құрылымдық реформалар керек деген кеңес береді.
«Қазақстан инфрақұрылымдық жобаларға, цифрландыруға, жасанды интеллектіге, ауыл шаруашылығы мен логистикаға инвестиция тартуды жалғастырып жатыр. Инфляциялық емес орнықты өсім қарқынына қол жеткізу үшін құрылымдық реформалар керек, олар – мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, мемлекеттік басқару жүйесін нығайта түсу, еңбек және тауар нарықтарын реттеу шараларын жетілдіру, сондай-ақ экономика мен сауданы әртараптандыруды жеделдету», деп мәлімдейді.