Білім • Бүгін, 09:35

Жазғы демалыстағы қосымша білім

10 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Балалар асыға күткен жазғы демалысқа шық­ты. Биыл елімізде 3 млн-нан астам оқушыны са­уық­тыру, демалыс және жұ­мыспен қамту жос­парланып отыр. Қазір балалармен бірге ата-аналар да жазғы демалысты көңілді әрі тиімді өткізуге дайындық үстінде.

Жазғы демалыстағы қосымша білім

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Соңғы жылдары жұ­мысбасты ата-ана­лар­ға мектеп жанында­­ғы лагерьлер тиімділігін көр­сет­ті. Екі апта болса да балалар бақылауда, лагерьдегі қызықты бағдарламаға қатысады. Алайда мамандар мұндай лагерьлер жұмысын жандандыру қажет деген пікір айтады. Бірқатар дамыған елдер тәжірибесінде жыл бойы балалардың білімін жетілдіруіне мән беріліп, мектептер жанындағы ұйымдар, қорлар, қауымдастықтар мен орталықтар қосымша білімге жұмылдырылған. Оның барысында экология, тарих, мәдениет мен патриоттық тәрбиеге басты назар аударылады.

Қазіргі кезде ел өңірлерінде мектептер жанындағы лагерьлер өз жұмысын бастады. Алматы қаласында 200-ден астам мектепте жазғы лагерьлер жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 11 мыңға жуық оқушы 122 жекеменшік білім беру ұйымында сабаққа тегін қатысады. Сонымен қатар колледждер базасында кәсіптік бағдар беру бағытындағы секциялар ұйымдастырылып отыр. «Жаз – болашақ мамандықпен» жобасы аясында оқушылар 17 колледж базасында аспаз, киім дизайны, шаштараз ісі және басқа да мамандықтар бойынша өзін сынап көре алады.

Бүгінде Астана, Алматыда репетиторлардың жарнамасы асып тұр. Оларға сұраныс та жоғары. Бірер апта демалыстан кейін білімге басты мән беретін оқушылар көбіне тіл үйрену курстары мен жеке пәндер бо­йынша репетиторларға барады. Мектепке дайындық курстарына қатысатын балалардың да саны артқан. Әсіресе тамыз айында дайындық орта­лықтарының жұмысы жандана түседі. «Finprom.kz» дерек­теріне сүйенсек, оңтүстік астанада мұндай орталықтарға ба­ра­тын балалардың саны 10 пайызды құрайды. Ал ел аймақтарында қосымша білім беру орталықтарының саны 30 пайыз шамасында.

Республикада балаларды сауық­тыру, шығармашылық, зият­керлік әлеуетін дамыту жөніндегі 2024–2026 жылдарға арнал­ған жол картасы шеңбе­рінде ауылдық мектептерде мектептен тыс қосымша білім беру ұйымдары, комьюнити-орталықтар ашу көзделгені белгілі. Ал 2027 жылға дейін 100 қосымша білім беру орталығын ашу жоспарланып отыр. Осы орайда мамандар республика өңірлеріндегі қосымша білім беру орталықтарына қол­жетімділікті арттыру үшін оның бағдарламасын, біліктілік деңгейін қайта қарастырып, жұмысын жандандыруға жер­гілікті мемлекеттік органдар­мен қатар өңірлердегі үкіметтік емес, сондай-ақ жастар ұйым­да­рының, еріктілердің белсен­ділігі қажеттігін алға тартып отыр.

«Olx» компаниясы жүргізген сауалнама нәтижесіне сүйенсек, ата-аналардың 30 пайызға жуығы жаз айларында балалардың білімін толықтыру қажеттігін құптайды. Олар сәйкесінше, бір баланың қосымша білім алуына ай сайын 50-200 мың теңге шамасында қаржы жұмсауға даяр. Ал ата-аналардың 70 пайызы балалардың толыққанды демалысын қалайтын болса, енді бірі білімге аса қажеттілік болғанда ғана қосымша оқытуға болады деген пікірде. Соңғы жылдарда шетелдерде арнайы курстардан өтіп, қосымша білім алып қайтуға белсенді оқушылар қатары көбейді. Бұл балалардың тіл үйренуін жеделдетіп, жаңа кеңістікті тануына кеңінен мүмкіндік береді.

Ғалымдардың пайымдауын­ша, ұзақмерзімді каникулдар балалардың оқуға зейінін тө­мендетеді. Осыған орай ше­тел­дерде балалар каникулы әр­түрлі мерзіммен шектеледі. Ал республикада ұзақ үзілістен кейін балалар бір жыл бойы меңгерген ақпараттың 25-30 пайызын ұмытып, ми жұмысы жеңіл ақпаратты қабылдауға бейімделіп алатындығын зерттеулер көрсеткен. Мұнымен қоса жазғы үзілістің алдағы оқу жылында балалардың үлгеріміне айтарлықтай әсері бар екен.

Дегенмен елімізде бала­­лардың жазғы демалысын тиімді үйлестіруге бағытталған кешенді шаралар іске асып жатыр. Жаз айларында 14-18 жасқа дейінгі оқушылардың жұмыс істеуіне мүмкіндік қарастырылып отыр. Электронды еңбек биржасында «Менің жазғы каникулым» бөлімі ашылып, ыңғайлы бос жұмыс орнын таңдау мүмкіндігі берілген. Сондай-ақ балалар «skills.enbek» платформасында түрлі мамандықтар бойынша жаңа дағдыларды үйрене алады. Қазір бұл жүйеде 1 294 курс бар, оның 322-сі – тегін, ал 67-сі – ерекше қажеттілігі бар жастарға бейімделген. Жергілікті әкімдіктер тарапынан қоғамдық жұмыстарды ұйымдастыру тәжірибесі де жалғасын таппақ. Бұл жұмыстар арнайы дайындықты қажет етпейді, икемді кесте бойынша іске асады. Жұмыс істеген оқушылар ай сайын кемінде 100 теңгеге дейін табыс таба алады.

Мұнымен қоса мемлекет тарапынан балалардың жаз айларындағы қауіпсіздігіне мән беріліп, жазғы суықтыру демалыс орындарының жұмысын жандандыруға басты мән беріліп отыр. Ақылы лагерьлермен қатар әкімдіктер, демеушілер тарапынан берілетін әлеуметтік жолдамаларға қажеттілік басым. Өйткені балалар дема­лысын тиімді үйлестіруге бар­лық отбасыларда теңдей мүм­кіндік бола бермейді. Ба­лалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру қосымша қар­жыны талап ететіндіктен, орта­лықтан қашықта орналасқан аймақтарда қосымша білім беру, жазғы серуен орталықтары қолжетімсіз болып тұр. Ал жаз айларын ауылдағы ата-әже­сінің қасында көңілді өткізіп қайтатын балалардың каникулдан алар әсері әлдеқайда бөлек. Ол табиғаттағы серуен ғана емес, ширек қимыл, табиғи тағам мен ұлттық тәрбиеге сусындап қайтуға бірден-бір мүмкіндік.

Балалар – еліміздің жарқын болашағы. Олардың қауіпсіздігі мен саламатты өмірі қоғам үшін аса қымбат. Бірақ соңғы жылдарда жиілеп кеткен қайғылы оқиғалар қауіпсіздік шараларын қайта қарастыруды қажет етеді. Олардың бақытты балалық шағын қамтамасыз ету қоғамға зор жауапкершілік жүктейді.

 

АЛМАТЫ

Соңғы жаңалықтар

Қала қоқыс полигоны ма?

Экология • Кеше