
Сурет: aqmeshit-zhastary.kz
Елімізде 18-27 жас аралығындағы ер азаматтар үшін әскери қызмет – міндетті. Конституцияның 36-бабы бойынша әрбір азамат елін қорғауға дайын болуға тиіс. Бірақ шын мәнінде жастардың бір бөлігі түрлі жолмен әскерден жалтаруға тырысады. Кейбірі денсаулық жағдайына сілтеме жасаса, басқалары жоғары оқу орындарына түсіп, одан кейінгі стипендиялық бағдарламалар арқылы бұл міндеттен құтылып жүр.
Олардың пікірінше, әскери қызметке барудан жалтарудың басты себебінің бірі – армиядағы түрлі жағдайлар мен тәртіп мәселесі. 2023 жылы елімізде әскер қатарында болған сарбаздардың арасында 15-ке жуық өлім жағдайы тіркелген. Бұл – ресми дерек қана. Содан да көптеген ата-ана балаларының өмірі мен денсаулығы үшін алаңдап, оларды әскерден алып қалудың жолын іздейді.
2022 жылғы деректерге сәйкес, елімізде әскери борышын өтеуден жалтарған азаматтардың саны 7 мыңнан асқан. Олардың басым бөлігі медициналық анықтама, оқу немесе өзге себептер арқылы міндеттен босатылған.
Сонымен қатар «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген сауалнамаға сәйкес, 18-27 жас аралығындағы азаматтардың 62%-ы әскерге баруға ынтасыз екенін білдірген. Сауалнамада ең жиі кездескен себептер: әлімжеттік, нашар тұрмыстық жағдай және болашақ мансапқа зиян келуі. Осы көрсеткіштер еліміздегі әскери жүйенің проблемаларын нақты көрсетіп отыр және бұл мәселені шешу үшін кешенді тәсіл қажет екенін дәлелдейді.
Әскери қызметтің мәселелерін айтқанда бірінші кезекте әлеуметтік жағдайлар мен әлімжеттік алға шығады. Көпшіліктің пікірінше, армияда «жарғылық емес қатынастар» деп аталатын бейресми тәртіп жүйесі әлі де бар. Жаңа келген сарбаздарға бұрынғы «ағаларының» қысым көрсетуі жиі кездеседі. Әлбетте, бұл армияға деген үрей мен сенімсіздік тудырады. Жас жігіттердің психологиялық күйзеліске түсуі әскердің әлеуетін де төмендетеді.
Сондай-ақ халықтың аузында жүрген пікір – әскердегі материалдық-тұрмыстық жағдайдың төмендігі. Көптеген әскери бөлімде жатақхана, тамақ, киім және санитарлық жағдайлар сын көтермейді. Қорғаныс министрлігінің мәліметіне сәйкес, еліміздің кейбір гарнизондарында су мен жылу жүйесі ескірген, бұл сарбаздардың өмір сүру сапасын төмендетеді. Бұған қоса, кейбір жастар әскерге баруды білім мен мансап жолына кері әсер етеді деп санайды. Өйткені олар үшін бұл – бір жыл уақытты текке жоғалту. Оқудан қол үзіп, мансаптық жоспарларын кейінге шегереді.
Қазіргі қазақ қоғамында әскери қызметке деген құрмет те азайып кеткені жасырын емес. Бұрын әскери форма кию ерлік пен мәртебенің белгісі болса, қазір көпшілік үшін ол жай ғана міндет болып қалды. Бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде әскери қызметтің жағымсыз жақтары жиі айтылып, оң бейнелері сирек көрініс табады. Бұл да жастардың құлшынысына теріс әсер етеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында: «Жастар әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге барады. Жас сарбаздарымыз өз міндетін алаңсыз орындауы үшін әскер қатарында, ең алдымен, темірдей тәртіп болуға тиіс. Қарулы күштер мен басқа да күштік құрылымдар осы талапты мүлтіксіз орындауы қажет. Әр ата-ана әскерге кеткен баласын мемлекетке сеніп тапсырады. Сондықтан сарбаздардың денсаулығы мен қауіпсіздігіне, ең алдымен, армия басшылығы және құқық қорғау мекемелерінің басшылары жауапты», деген еді.
Президенттің Жолдауда бұл мәселеге арнайы тоқталуы мерзімді әскери қызметте белгілі бір келеңсіздіктің орын алып жатқанын аңғартса керек. Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы да былтырғы жылдың соңында Қорғаныс министрінің атына жолдаған депутаттық сауалында әскердегі әлімжеттік мәселесін қозғай келе: «Сізге келесі шараларды қолға алуды ұсынамын. Еліміздің армиясындағы аталған келеңсіздікті тыю және оның алдын алу бойынша нақты шаралар қабылдау қажет. Сондай-ақ әскерилердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған іс-әрекеттерді күшейту керек», деп ұсыныстарын ортаға салғаны белгілі.
Біздің ойымызша, армияға баруды тартымды әрі сенімді ету үшін әскери қызметтің сапасын арттыру, атап айтқанда, жатақхана, тамақ, медициналық көмек, психологиялық қолдау сияқты негізгі қажеттіліктерге ерекше назар аударылуға тиіс. Әлімжеттік мәселесінің ел аузында жүруі тегін емес. Оны түп-тамырымен жою үшін тәртіп бұзушылық жасағандардың жауапкершілігін қатайтып, бейнебақылау жүйесінің тиімділігін арттырған жөн деп есептейміз. Ашықтық пен әділдік болған жағдайда сарбаздардың қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
Ең маңыздысы – жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейту керек. Мектеп пен колледждерде әскери-патриоттық сабақтар, арнайы курстар, кездесулер өткізу арқылы жастардың бойында Отанға деген сүйіспеншілік пен борыш сезімін оятқан жөн.
Еліміздің армиясы – қауіпсіздігіміздің тірегі десек, қазіргі қоғамда жастардың әскерге барудан бас тартуы – жүйелі өзгерістерді талап ететін дабыл. Армияны жаңғыртып, оның беделін көтеру – тек сала мамандарының емес, бүкіл қоғамның міндеті. Егер ел болашағын ойласақ, онда жастарға армияны қауіп емес, құрмет пен мақтаныш көзі ретінде көрсетуіміз қажет. Сонда ғана ол нағыз азаматтардың мектебі бола
алады.
Ділдана НҰРДІЛДА,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың 3-курс студенті