
Бұл еңбек – автордың бұрын жарық көрген «Тұлғалар – ғажап жандар» атты кітабының жалғасы. Мұнда ұлт руханиятына сүбелі үлес қосқан қайрат-кер азаматтардың кісілік келбеті, дегдар болмысы хақында баяндалады.
Тұсаукесер рәсімінде сөз алған бірқатар зиялы қауым өкілдері Ғалия Балтабайдың қалам қарымын, журналист ретіндегі дара жолын ерекше атап өтті.
«Бұл еңбек – жай ғана естелік емес, келер ұрпаққа бағдар болатын құнды дүние. 500 беттен асатын осы кітапта жастарға үлгі боларлық тұлғалар молынан қамтылған. Ғалия апайдың ел үшін жасаған еңбегі тек журналистикамен шектелмейді. Ол – ұлт мүддесін алдыңғы орынға қойған шынайы қоғам қайраткері. Қазақ қызы ретінде елге сіңіріп жүрген қызметі – екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс. Өзі де, жазған кейіпкерлері де – ұлтқа шын жанашыр жандар. Мұндай рухани еңбектерді елге жеткізіп, жария еткен авторға алғыс білдіремін», деді Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы.
Жиын барысында Ғалия Құсайынқызы жиналған жұртшылыққа шынайы ризашылығын білдіріп, жылы лебізін жеткізді. Сонымен қатар жаңа еңбектің жазылу барысы туралы да қысқаша әңгімелеп өтті.
«Тұлға басқа адамдарға ұқсамайды. Олардың өмірге деген көзқарасы ерекше. Ондай жандар көптің бірі емес. Осындай жандар қазіргі қоғамға керек. Сол себепті ілгерідегі және өзім көрген, мойындаған тұлғалардың ғибратты ғұмырын қағазға түсіруді мақсат еттім. Кітапқа енгендердің біразы кезінде газет-журналдарға шыққан мақалалармен қоса, жаңадан жазылған дүниелер. Солар әр жерде шашылып қалмасын деп бір кітапқа топтастырған едім», дейді Ғалия Балтабай.