Мереке • Кеше

Шынайы ниет пен берекенің мейрамы

30 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың аты­мен бастаймын! Барлық мақтау Аллаға тән. Ардақты Пайғамбарымыз Мұ­хам­мед­ке Алланың салауа­ты мен сәлемі болсын!

Шынайы ниет пен берекенің мейрамы

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

 

Баршаңызды исі мұ­сылман бала­сы­ның ұлық мейрамы – Құрбан айтпен шын жүректен құттықтаймын! Сіздерге Алладан амандық, мықты денсаулық, мол ырыс пен бақ-береке тілеймін!

Шын мәнінде, Құрбан айт – жалаң құрбандық емес, ол –  жан дүниеңді тазарту мен рухани тұрғыдан жаңғыру деген сөз. Расында, «құрбан» сөзі «жақын болу», «жақындау» деген ұғымды білдіреді. Бұл – шынайы ниет пен Аллаға деген сүйіспен­шілікті паш ететін мейрам. Ұлық мерекенің тәрбиелік мәні мен мағынасы осында жатыр.

Қасиетті Құранның «Хаж» сүресінің 37-аятында: «Ұмыт­паңдар, олардың еті де, қаны да ешқашан Аллаға жет­пейді. Оған жететін нәрсе – жү­ректеріңізге ұялаған тақуа­лықтарың (шынайы ниетте­рің)», делінген.

Ал ардақты Пайғам­ба­ры­мыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні құрбан шалудан өзге амалымен Аллаға жақындаған емес...» деп бұл күндері Аллаға ұнамды әрі ең сүйікті амал құрбан шалу екенін жеткізген.

Материалдық мүмкіндігі бар əрі жолаушы емес мұсыл­манға құрбандық шалу – уəжіп (міндет). Ал шамасы келмеген адамға Алла Тағала мұндай міндет жүктемейді. Айт күндері аз да болса са­дақа беріп, қараусыз қалған қарттарға, жетімдер мен көпбалалы отбасыларға көңіл бөлу – сауапты іс.

Құрбан айт құрбан шалумен ғана шектелмейді. Бұл – ағайын арасын жақындата түсетін күн. Араздасқан адамдар татуласып, өзара кешірім жолын ұстанады. Айт күндері туысқанның басын қосып, қарым-қатынасты күшейткен абзал.

Құрбан айт – отбасы құн­дылығын арттыратын мереке. Ата-анамызға, бала-шағамызға сыйлық беріп, оларға арнайы көңіл бөліп, барынша қуантайық. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.

Қожа Ахмет Ясауи баба­мыз­дың бір даналық сөзінде Хаққа қызмет халыққа қызмет етуден басталатынын айтқан. Бұл – халықтың разылығы Хақтың разылығында деген сөз. Осы ретте еліміздегі барша шаруа қожалықтарының қожайындарын мал құнын қолдан көтермей, халыққа оңтайлы бағаны ұсынуға шақырамын.

Сонымен қатар барша кәсіпкерлерді тұрғындар күнде тұтынатын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік ба­ғасына мүмкіндігінше жеңіл­дік жасауға үндей­мін. Алланың рақым нұры төгі­летін Құрбан айтта жұр­тымызға жақсылық жасап, көпшіліктің алғысын алайық, ағайын!

Алла Тағала шалған құр­бан­дығымызды, берген сада­қа­­мызды қабыл етіп, екі дүние нығметіне бөлегей! Әумин!

 

Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти 

Соңғы жаңалықтар

Керек дерек

Digital • Кеше

Қайта жаңартылған көпір

Аймақтар • Кеше

Өлең боп өмір кешкен

Руханият • Кеше

Алаш дәрігері

Тұлға • Кеше

Нияз батыр

Зерде • Кеше

Ауадан бензин жасаған

Ғалам ғажаптары • Кеше

Кездейсоқ жаңалық

Ғалам ғажаптары • Кеше

Пойыздағы арпалыс

Театр • Кеше

Пайдалы пластик

Ғалам ғажаптары • Кеше