
Шаттықта мұң кешпесе, тілсізбен тілдеспесе, салқар даланы құшағына сыйғыза алмаса ақынға серт... Оның сырласы да, мұңдасы да, жан дертінің дауасы да, аялайтын анасы да – өлең. Олай болмаса ақындықтың рухани азабын:
«Санасына сан қилы сұмдық еніп,
Жасандылық тіріліп, Шындық өліп.
Ақын соған төзеді, күйзеледі,
Шаттығынан қайғысы құнды болып»,
деп жырламас еді-ау. Дүниенің бар салмағын жүрегіңмен көтеруге бейіл болмасаң, ми қабығын кемірген мыңсан ойдың меруертін сүзе алмасаң, бұл азаптан бойыңды аулақ ұста дейді ақын түйсігі.
Бая-шая тіршілікке бас ауыртпай, бар өмірін рухани әлемге бағыштаған ол жүрек қылын шертетін нәзира жырдан нәр алды. Алыстағы ауылда жатып-ақ үлкен әдебиетке есік ашты. Туған жеріндегі аудандық газетте еңбек ете жүріп, өлеңнен бір сәт қол үзбеді. Жыр өзегін әлдекімдердей ғарыштан да, алыстан да іздеген жоқ. Көзбен көргені мен көңілге түйгенін өмірдің өзіндей қарапайым күйде қағазға түсірді. Бірақ сол қарапайымдылықтың астарында былайғы пендеге байқала бермейтін әдемі үн мен нәзік сыр жатыр. Кесек сөйледі, кестелі жазды, түйдек-түйдек теңеулері маржандай төгіліп түсті. Тасбауыр дүниеге арыз айтып, мұң шақпады. Кезі келгенде қаладағы Тұманбай құрдасына өлеңмен сыр ақтарды:
«Ей, Тұмаш!
Есіңде ме балалық шақ..?
Тіршілікті тұсаған тарамыс шақ.
Ой-қырды ойрандаған соғыс оты,
Жатқан кез өзекті өртеп, сананы ыстап.
Түлкі құрсақ тынымсыз қыңсылайды,
Кеткен кез дастарқаннан нан алыстап»,
деп адамзат тарихын қасіретпен айғыздаған қилы кезеңнің картинасын бір шумақтың өне бойына сыйғыза салды...
Тұманбай Молдағалиев Еркінге еркелей жазған хатында: «Өзің ойлағандай сенің ақындығыңның күш-қуаты менің ақындығымның күш-қуатынан артық болмаса, кем емес. Егер екпіндеп қиялыма ерік берсем, тең де шығармыз деп ойлаймын. Мен сенің бар жазғаныңды ұнатам. Көзім шалғанын оқымай қойған емеспін. Жылдар өтер, сен жазған өлеңдердің маңдайы ашылып, біз алған сыйлықтарды да алар. Алмаса да тағдырыңа өкпелеме...» деп сыр шертеді.
Иә, Қадыр Мырзалиев, Тұманбай Молдағалиев, Еркін Ібітанов – бір дәуірде өмір сүріп, шығармашылық жолын қатар бастаған ақындар. Олар университетте бірге оқып, әдебиетке қатар қадам басты. Бұл үштік қазақ поэзиясында өзінің ерекше қолтаңбасымен танылды. Қадыр – ойшылдығымен, Тұманбай – сыршылдығымен, Еркін шыншылдығымен оқырманға ой салды. Олардың арасындағы достық пен рухани байланыстың айқын көрінісіндей, Қадыр ақынның жазғы демалыста досы Еркіннің ауылына қонаққа барып аунап-қунап қайтқанын, сол сапардың қызығы мен шыжығын әзілмен түйрей жазған өлеңі оқырманға жақсы таныс. Аталған туынды әдебиет оқулығына да енді.
Жуырда ақынның перзенті Ерлан Еркінұлымен тілдестік. Сонда поэзияда есімдері егіз аталатын осы үштік жайында әңгіме өрбіді. Әке мұрасының жанашыры Ерлан аға: «Ол үшеуі өлең өлкесінде еншісі бөлінбеген қаламдастар еді. Қадір де, Тұманбай да – Мемлекеттік сыйлық алды. Ал менің әкеме мұндай атақ бұйырмады. Есесіне, ел жүрегінің жүлдесін иеленді», дегені бар. Рас, елге барсаң өлеңдегі өзені арналас, қасиет қалыбы таңбалас, Қарасаз ана құндақтаған Мұқағали мен Еркіннің жыры қатар оқылады.
«Мен қойшымын, қой сырын жастан ұқтым,
Дей алмаймын өмірден бос қалыппын.
Әкем сатып әперген топылимен,
Шаңын сүртіп жүргем жоқ асфальттің...
...Біздің қазақ қой десе бала жастан,
Ішкен асын тастай сап араласқан.
Эстафета таяғын қойшылықтың,
Бір ұрпақтан бір ұрпақ ала қашқан...» Ерағаңның жиырмаға жетер-жетпес шағында әдеби ортаны елең еткізген әйгілі «Қойшылар» поэмасының шумақтары бұл.
Әбіш Кекілбайұлы ақынның атаулы дастанын әдебиет алыптары қалай қабылдағанын «Хан Тәңірінің етегінде немесе «Тянь-Шань эскиздері» атты жазбасында: «Жұрт бұрын-соңды естімеген соны дүние екендігін аңғарды. Дуылдатып қол соқты... Менің есімнен әлгінде ғана ауыздарымызды аңқитып, алдымызға шығып, өлең оқыған албырт жігіт кетпей қойды. Еркін десе еркін екен. «Тянь-Шань эскиздерін» жазған эскиз емес, нағыз сом кескіндер кескіндейтін шоң ақынның өзі келіп кеткендей. Сөз қандай! Әр теңеуі кісіні есеңгіреткендей. Сөзінде жатқан мән қандай? Қараптан қарап босқа мәңгүрт болып жүргеніңе қорынасың. Пай-пай, неткен пайым! Неткен уайым! Неткен қырық құлта қыршаңқылық! Құлағыңа жеткен сөз бен көз алдыңа келген елес, біріне-бірі шот салып, тыраң асырып жатқандары... Айтқанының бәрі дұрыс. «Қойшылар» көп ұзамай газетке шықты. Еркіннің аты гуілдей жөнелді. Небәрі бес жүз-алты жүз жолдан аспас лирикалық дастан азаматтық поэзиямыздың тағы да бір шоқтықты туындысына айналғалы тұр...», деп тебірене толғады. Әдебиет алыптарының ақынға берген байыпты бағасы қазақ жыр керуеніне Еркін Ібітановтың адасып қосылмағанын айшықтады.
Бар ғұмырын туған өлке баурайында өткеріп, «Арман әлемі», «Хантәңірі, қайдасың!», «Елшенбүйрек», «Қасиетті де қасіретті ғасырым», «Үйлену», «Ескерткіш», «Ойлар туралы ойлар», «Қарасаз» өлең жинақтарын өмірге әкелген шайыр-жүрек өз топырағынан жолықтырған тамшы суын өмір даласының алабына ақкөңілмен ұсынғанын, сол арқылы даңқы алысқа жайылғанын аңдаймыз.
Мұзбалақ ағасын сағынғанда «Хантәңірі, қайдасың!» деп кең дүниені дүбірге бөлеген ақынның алып кеудесі мәңгілікке дамыл тапқалы да талай көктем өтті. Елшенбүйректен ескен салқын самалдай сырлы шумақтар ауылға бара қалсаң алдыңа ақ құртын тосатын әзиз анаң болып көңіл тербейтінін қайтерсің... Өткеннің өнегесін толғаған дала перзентінің үні қазақ баласының жүрегін жылытты, рухын қоздатты. Асау өзендей арқыраған шумақтардан дала сарыны естілді. Өлең өлкесіне еркелеп енген Ерағаң өмір бойы ауылда тұрды.
Әдебиетте жиі айтылып қоятын «Таланттар ауылда туып, Алматыда өледі» дейтұғын тіркесті тілге тиек етіп «қалаға барып әдеби ортаға қосылсаңшы», дейтін қаламдастарына: «Әй қойыңдаршы тәйірі, қалада өздерің-ақ өле беріңдер. Менің кіндігім ауылға байланған. Даламнан ажырай алмаймын», деп қағытатын қағілез ақын өмірлік мұратын туған топырағынан іздеп, арман-аңсарын аядай ауылға таңды. Туған өлкенің тұмса табиғатын өлең ғып өріп, тауы мен тасын, нуы мен суын, жауыны мен дауылын жыр тілімен кестелеген ол тағы бірде:
«Тянь-Шанның адыр-адыр алабы,
Текшелене көзді тартып барады.
Аңғарынан ерте соққан ескек жел,
Жас қайыңның бұйра шашын тарады.
Көрдіңіз бе тау өзені – албырт-ты?
Толқындарын тастан-тасқа қарғытты.
Ақыр шаршап, көлге жетіп дамылдап,
Жеңіл бумен тұмшалана қалғыпты...»
деп тамылжыған тау келбетін кенепке көшірген туындыгердей өлеңмен сурет салады. Өзен сылдырымен тілдесіп, ескен желмен үндеседі. Бақыт та, жарасым да, жылылық та ақын үшін туған жер құшағына жасырынған. Қара өлеңнің қарагерін кісінетіп жыр аламанында балаң жасынан бапталған шайырдың арманы елімен егіз, халқымен қанаттас. Әкелер жұртының ошақ жылуымен бірге. Ақын табиғаты, туған өлке табиғатынан бөлшектенбейтін біртұтас әлем.
Өмір өрнегін шолып өтсек, таулы өлкеге атбасын бұрған ақындар Ерағаңа соқпай кетпеген. Ақынның жары Алтынкүл апай: «Еркінді Алматыға кел деп шақырғандар көп болды. Бірақ ол ел-жұртын қиып кете алмады. «Қасқа бұлақ қасыңнан неге кеттім, Не деген жел айдаған көбелекпін. Еркіндік, еркелікті місе тұтпай, Тасқа әкеп өзімді-өзім шегелеппін», деп ұлы Мұқағалидың өкініп жазғаны бар ғой. Кім біледі, егер қалаға көшсе өкінгеннің көкесі Еркінде болар ма еді деп те ойлаймын. Ол аудандық газетте еңбек ете жүріп, ұлт руханиятына аз үлес қосқан жоқ. Артынан ерген шәкірт інілері соның дәлелі. Нарынқол ауданы – Алматыға соншалық қашық емес. Оспанхан, Тоқаш, Әбіш, Қадыр, Тұманбай, Әсет Бейсеуов секілді қанаттас-қаламдастары Еркінді іздеп келіп төрімізден табылатын. Ал еңбек демалысында Еркін алматылықтардың қатарына қосылатын», деп еске алады.
Алматы мен Аспантау арасына әдеби көпір орнатқан асқар талант өлең алдындағы адалдығынан бір сәт айнымады. Жөнді-жөнсіз ақыл айту, орынсыз ділмарсу оның қаламына жат. Шайырға тән шалқар шабыт, көңіл көрігін қыздырар отты ойлар жаныңа шоқ түсірмей көрсін.
Әйтеуір, асқақ арман алдаған жоқ. Мұқағали ағасына: «Саған Қарасаздың аты берілсе беріле жатар, ал маған ауданның аты да жетеді!» деп әзілдепті асқар талант. Бүгінде Қарасаз ауылындағы Мәдениет үйі оның есімімен аталады. Туған өлке төрінде кеудемүсіні бой көтерді. Мерейлі жылдың аясында «Еркін оқулары» сынды рухани бастамалар қолға алынса, өзі туған аудан орталығынан бір шағынауданның аты берілсе деген ел тілегі бар. Ақын үшін ең ауыр жаза – жырының жоқтаусыз қалуы. Ал Еркін Ібітанов – бұл тұрғыдан бақытты адам. Өзі өлеңге, өлеңі өмірге айналған аспанкөңіл ақынның ел жүрегіндегі екінші ғұмыры енді басталмақ.
АЛМАТЫ